«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

НАҚТЫ ІСТЕРГЕ — ТЫҢ СЕРПІН

Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев “Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік” Жолдауында таяу жылдардағы экономикалық дамудың бағыттары мен міндеттерін айқындап берді. Маңызды стратегиялық құжаттың өзегі үшінші жаңғыру болғандықтан, қоғамдағы әр салаға аса жоғары міндеттер жүктеліп отыр.

“Еліміз өзінің 25 жылдық даму кезеңінен абыроймен өтті. Біз елімізді мақтан тұтамыз. Табыстарымыз бен жетістіктеріміз туралы Тәуелсіздігіміздің 25 жылдық мерейтойында атап өттік. Оларды бүкіл әлем біледі және жоғары бағалайды”, – деген Елбасы болашағын айқындап, сын-қатерлерді күтіп отырмастан, оған табанды түрде қарсы тұра алатын халық қана жеңіске жететіндігін айтып өтті. Әлемдегі елдердің ешқайсысы экономикалық және қаржылық дағдарыстардан сытылып кетпегенін ескерсек, осындай қолайсыз жағдайдан ұтымды жол таба білу, жинағаныңды шашып алмау, бар жетістіктерден айрылып қалмау, ұлттық экономиканың тұрақтылығын қамтамасыз ету, тиесілі қорытынды жасау, экономикалық өсімді қалпына келтіру біздің басты міндетіміз болмақ. Қиын болған тоқсаныншы жылдары да, 2008-2009 жылдардағы дағдарыс кезінде де Қазақстан тығырықтан шығудың жолын таба білді. Бүгінгі күні біз тағы да экономикалық өзгерістердің табалдырығында тұрмыз.

Бұл өзгерістерден ауыл-аймақтардың да шет қалмасы анық. Бүгінгі таңда елмен қатар дамып, өңірмен бірге гүлденіп келе жатқан Айыртау ауданында Елбасының саясаты дәйектілікпен жүзеге асырылуда. Нақты айтсақ, жаңа кәсіпорындар мен жұмыс орындарын ашу арқылы аудан тұрғындарының әл-ауқатын арттырып, экономикамызды нығайтуға зор маңыз беріп отырмыз. Өткен жылы аудан экономикасына 6,9 млрд. теңге инвестиция құйылды. Үстіміздегі жылы да ауданның дамып, көркеюіне зор ықпал ететін осы бағыттағы жұмыстар жалғасын табады. Осының арқасында бірқатар жобаларды жүзеге асыруды: екі элеватор, шұжық цехын, төрт сауда-ойын орталығын, екі мейрамхананы, ағаш өңдеу цехын, үш газ құю бекетін, көкөніс сақтау орынын және жылыжай кешенін, балық және ет өнімдерін өндіру цехын, жеміс-жидек бағын, сауда орталығын, жиһаз жинау цехын ашуды жоспарлап отырмыз.

Жолдауда экономикалық өсімнің тұрақтылығы үшін елдің тау-кен металлургиясы мен мұнай-газ кешендері өзінің стратегиялық маңызын сақтайтындығы айтылды. Біздің аудандағы “Сырымбет” кен орны – тек Қазақстанда ғана емес Орталық Азиядағы қалайы өндіру бойынша ірі жоба. Жылына 2 млн. тонна қалайы шығара алатын тау-кен комбинаты жобасының құны 10 млрд. теңге. 2019 жылы іске қосылуы тиіс комбинатта 600 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Сонымен қатар Айыртау жерінде сирек кездесетін түсті металл, гранит және тағы басқа пайдалы қазбалардың қоры бар.

Президент баса назар аударған тағы бір сала – аграрлық сектор. Елбасының тапсырмасы бойынша қолданыстағы жердің тиімділігін арттыру, яғни егіс алқабының әртараптандырылуы жалғастырылмақ. Биыл майлы және бұршақты дақылдардың егіс аумағын кеңейтуді жоспарлап отырмыз. Мал шаруашылығы саласындағы мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру аясында алдағы бес жыл ішінде аудандағы үй шаруашылығы мен шағын агроқұрылымдарды кооперативтерге біріктіру көзделген. Ол үшін “Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры” акционерлік қоғамы арқылы “Игілік”, “Береке”, “Бірлік” және “Ынтымақ” сынды несиелеу бағдарламалары жұмыс істейді. Ауыл шаруашылығы бағытындағы жерлердің тиімділігін көтеру үшін алдағы үш жылда суармалы алқаптардың аумағы кеңейтілмек.

Тағы бір маңызды міндет – ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу. Өткен жылы ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу картасына жалпы құны 120 млн. теңгені құрайтын 7 жоба енді. Бұл жобалар жүзеге асырылған кезде қосымша 65 жаңа жұмыс орны ашылады. Олардың үшеуі – “Ғасыр-Айыртау” ЖШС-нің шұжық цехы, “Гормолзавод” ЖШС филиалының ірімшік және май өндіру цехы, “Дербеденеев” жеке кәсіпкерлігінің балық пен ет сүрлеу цехы өткен жылы іске қосылды. Қазіргі таңда біз бұл межеде қалып қоймай, өнімді өңдеу деңгейін одан әрі арттыруымыз қажет. Елбасы жүктеген міндеттердің тағы бірі – 2021 жылға қарай азық-түлік экспортын 40 пайызға көбейту. Ет және сүт өнімдерімен Ресей және Қытай нарығына шығуға зор мүмкіндік бар.

Нұрсұлтан Назарбаев Жолдауда логистикалық инфрақұрылымды дамытуға баса назар аударды. Әсіресе, транзиттік жүк тасымалдауды көбейтуге, көліктік дәліз құру және жаңартуға, көліктік қызмет көрсету сапасын жақсартуға басымдық беріліп отыр. Біздің аудан географиялық жағынан тиімді орналасқан. Аудан арқылы темір жол, республикалық және облыстық маңызы бар автожолдар өтеді. Аудандық маңыздағы жолдарға көп көңіл бөлініп отыр. Үстіміздегі жылы жол жөндеу жұмыстарына 1,3 млрд. теңге қаржы жұмсалады.

Елімізде кең етек алған урбанизация үдерісінің салдарынан құрылыс саласын дамыту қажеттілігі артты. Елбасының тапсырмасы бойынша, 1,5 миллион отбасын алдағы 15 жылда тұрғын үймен қамтуға арналған “Нұрлы жол” бағдарламасын іске асыру басталды. 2016 жылы “Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020” бағдарламасы аясында шағын отбасылық жатақхана қайта жөндеуден өтті. Сексен пәтерлік тұрғын үйді жаңарту жұмысы басталып, бүгінде бөлінген қаржының 35 млн. теңгесі игерілді. Елбасы жеке тұрғын үй құрылысын дамыту үшін барлық жағдайды жасауға тапсырма берген болатын. Қазіргі таңда ауданда тұрғын үйлер мен кәсіпорындар нысандарының құрылысы қарқынды жүргізілуде. “Нұрлы жер” бағдарламасы аясында жеке тұрғын үй құрылысына қажетті инженерлік-коммуникациялық жүйенің жобалық-сметалық құжаты әзірленді. Алдағы уақытта Саумалкөлде – 60, Имантау ауылында 20 коттедж салынады. Сонымен қатар аудан орталығында жеке тұрғын үй құрылысын жүргізу үшін инженерлік-коммуникациялық жүйені әзірлеуге тиісті қаржы бөлінді. Жеке инвестиция есебінен екі көппәтерлі тұрғын үй салып, оны ипотека арқылы сату көзделіп отыр.

Құрылыс саласын дамытуда қажет материалдардың өзімізде өндірілуі аса маңызды. “ГК Мост” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі газбетон блоктар, “Гурбанов” жеке кәсіпкерлігі тротуарлық плиткалар, поребриктер мен құмдыблоктар, “Заруцкая” жеке кәсіпкерлігі темір-бетон өнімдерін, “Машкин” жеке кәсіпкерлігі ағаштан жасалған құрылыс материалдарын, “Ғасыр-Айыртау” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі күлблоктар өндіреді.

Үшінші кешенді тапсырма – еңбек нарығын жаңғырту. Жаңа индустрияны дамыту тұрғындарды жұмыспен қамтып қана қоймай, олардың табысын еселеуі тиіс. Бұл бағыттағы жұмыстың нәтижелі болуы шағын және орта бизнестің дамуына тәуелді. Елбасы жаппай кәсіпкерлікті дамытуға және белсенді жұмыспен қамтуды іске асыруға тапсырма берген болатын. Бұл бағдарламада отбасылық бизнес үшін зор мүмкіндік жасалған. Аудан тұрғындары мемлекеттік қолдауларды тиімді пайдалануда. “Бизнестің жол картасы – 2020” бағдарламасы аясында өткен жылы жалпы құны 2 млрд. 279 млн. теңгені құраған 11 жоба іске асырылды. Бұл жұмыс үстіміздегі жылы да жалғасын табады. Әсіресе, ауыл тұрғындарын кәсіпкерлікпен айналысуға үгіттеу жұмысы қарқынды жүргізілуде. Бүгінгі таңда мемлекеттік-жекешелік әріптестікке ерекше назар аударылып отыр. Біздің ауданда әріптестік негізінде Имантау ауылында балабақша салу жоспарланған.

“Мемлекет құру жолында теңдессіз, мол тәжірибе жинап, жаңа кезеңге қадам басып отырмыз. Алдымызда қандай қиындықтар кездессе де, оларды еңсере алатынымызға сенімдімін. Біздің басты күшіміз – бірлікте. Қазақстанды кейінгі ұрпақ үшін бұдан да өсіп-өркендеген елге айналдырамыз!” – деп атап өтті Жолдауда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев. Жолдауда айтылған өзекті мәселелерге кеңінен қолдау білдіріп, ондағы нақтыланған міндеттемелер мен тапсырмаларды жүзеге асыру жолында аянбай еңбек ететін боламыз.

Ағзам ТАСТЕМІРОВ,

Айыртау ауданының әкімі.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp