Облыстық кәсіпкерлер палатасы жанынан құрылған кәсіпкерлер құқығын қорғау және жемқорлыққа қарсы күрес бойынша кеңес отырысында өткен жылдың соңында «Южный» өткізу бекетінде орын алған жағдайдың мән-жайы қаралды.
Белгілі болғандай, жол полициясы қызметкерлері ауыл шаруашылығы техникасын сатып, сервистік қызмет көрсететін «КАМЕТЕХ» серіктестігіне тиесілі қызметтік көлікті тоқтатқан. Тәртіп сақшылары жүргізушіден жолға шығу алдындағы медициналық тексеруден өткені туралы қағазды талап етеді. Аталған жол парағының болмауы Әкімшілік кодекстің 590-бабын бұзу ретінде қарастырылып, жүргізушіге 30-50 АЕК көлемінде айыппұл салмақ болған. Алайда полиция қызметкерлері аталған баптың тек жолаушылар тасымалымен және жүк жеткізумен айналысатын субьектілерге ғана қатысты екенін ескермеген. Облыстық кәсіпкерлер палатасының бөлім басшысы Айдос Кеңбейіловтің айтуынша, серіктестік басшысы хаттама толтыру үшін полиция бекетіне шақырылған. Кәсіпкер заң бұзушылықпен келіспей, құрамына прокуратура өкілдері кіретін кәсіпкерлер құқығын қорғау бойынша мобильді топқа жүгінеді. Мобильді топ өкілдерінің төрт сағат түсіндіруінен кейін ғана тәртіп сақшылары өз істерінің бұрыс екенін ұққан. Оған дейін полицейлер медициналық тексеру парағының жүк, жолаушы тасымалдайтын барлық көлік иелерінде болуы керек екенін айтумен болған. Мұндай оқиға басқа жерлерде де қалыпты жағдайға айналып кетпеуі үшін кеңес мүшелері облыстық полиция департаменті мамандарының қатысуымен жиын өткізді.
Палата заңгерлері қолданыстағы заңнамаға талдау жүргізіп, негізгі екі мәселені анықтады. Бірінші мәселе – жолаушы тасымалымен айналыспайтын бизнес субьектілері үшін рейсалды және рейстен кейін медициналық тексеруден өткені туралы құжат талап етудің дұрыс не бұрыстығы. Ал екінші мәселе аталған медициналық парақ қажет деп саналатын жүргізушілерге қатысты.
– Облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті мамандарының сөзінше, рейсалды және рейстен кейінгі медициналық тексеріс тек тұрақты және тұрақсыз негізде жолаушы тасымалдайтын, жүк, соның ішінде қауіпті жүк жеткізетін көліктердің жүргізушілерінен ғана талап етіледі. Тұрақты және тұрақсыз негізде жолаушылар мен жүк тасымалдау деген ұғымның анықтамасы автомобиль көлігімен жолаушылар және жүк тасу туралы ережеде тайға таңба басқандай жазылған, – дейді Айдос Кеңбейілов.
Ережеге сай тұрақты тасымалдаулар автобус, шағын автобус, троллейбустар арқылы белгіленген бағыт пен кестеге сай жүзеге асады. Ал тұрақты емес тасымалға бір реттік жеткізулер жатады. Заңды тұлғалардың тапсырыстары, туристік, экскурсиялық маршруттар мен іс-шаралар аясында қызмет көрсету осы екінші топқа кіреді.
– Жол полициясы қызметкерлері әкімшілік заңнама нормаларын теріс түсіндіріп, кез келген кәсіпорын жүргізушісіне медициналық тексерістен өту керек деген талап қойған. Аталған баптың тек тасымалдаушыларға ғана қатысты екенін ұғындырып, бизнес субьектілерін ажырата білу керек, – дейді кәсіпкерлер палатасының бөлім басшысы.
Жиынға қатысқан облыстық полиция департаментінің өкілі өз қызметкерлерінің негізсіз әрекетін мойындап, алдағы уақытта түсіндіру жұмыстарын жүргізуге уәде берді.
Сағынгүл ІРГЕБАЕВА,
облыстық кәсіпкерлер палатасының баспасөз хатшысы.