Қоқыс шығару қалалық жерде тұратындар үшін күрделі мәселеге айналғалы қашан. Тұрғын үйлерден, түрлі ұйымдар мен кәсіпорындардан қалдықты уақтылы шығару, сақтау, өңдеу ерекше назарды қажет етеді. Облыс орталығында қоқыс шығарумен айналысатын бірнеше серіктестік бар. Солардың бірі «КZ OPT» кәсіпорны облыстық кәсіпкерлер палатасына жүгініп, туындаған қиындықтарға байланысты көмек сұрады.
Кәсіпкерлердің сөзінше, облыстағы денсаулық сақтау, білім беру мекемелері қоқыс шығарушы компанияларға негізсіз талаптар қойып отыр. Заңға сай қатты тұрмыстық қалдықтарды тасымалдау үшін тек хабарлама жолдау жеткілікті. Ал рұқсат қағаз полигон, өңдеуші кәсіпорындар сияқты стационарлық нысандар үшін ғана қажет. Демек серіктестіктерден екінші категориялы рұқсатнама сұраудың қажеті жоқ. Облыстық кәсіпкерлер палатасының бөлім меңгерушісі Магамед Дудаевтың айтуынша, мұндай талап қою қатты тұрмыстық қалдықтарды шығарумен айналысатын жергілікті компаниялардың мемлекеттік сатып алуға қатысуына кедергі келтіруде.
«KZ OPT» серіктестігінің басшысы Руслан Қайырбеков талапқа мойынсұнған кей компаниялардың сатып алу порталына полигон туралы жалған ақпарат беретінін айтты.
– Мемлекеттік сатып алуға қатысу үшін «eLicense.kz» порталында полигонның болуы туралы ақпаратты көрсетуіміз қажет. Кейбіреулер полигоны болмаса да бар деп ақпарат береді. Ал шын мәнінде қатты тұрмыстық қалдықтар тасымалдайтындар үшін мұндай талап қою заңсыз, – дейді серіктестік басшысы.
Ал денсаулық сақтау басқармасындағылар мұндай қадамға қадағалаушы органның қарсылығынан кейін барғанын айтады. Аталған жайтқа қатысты табиғатты қорғау прокуратурасы арнайы хат жолдаған екен. Құжатты қараған кәсіпкерлер кеңесінің мүшелері онда заңнамаға қайшы ештеңе жазылмағанын анықтаған.
Бұл ретте ақау мемлекеттік сатып алу порталында да болуы мүмкін. Қалай болғанда да соңғы шешімді ішкі аудит департаменті қабылдайды.
Диас АЯҒАН,
«Soltüstık Qazaqstan».