Тарихи деректерге көз жүгіртетін болсақ, Омбыда “Кедей сөзі” деген атпен шығып, 1921 жылдың 19 наурызынан “Бостандық туы” деп аталған газеттің қалыптасу кезеңдерінде есімі алты алашқа әйгілі тұлғалар еңбек еткенін байқауымызға болады.
Редакция қызметкерлеріне киім беру жөніндегі тізімге қарағанда, Әбдірахман Айсарин, Смағұл Сәдуақасов, Баймұхамед Серкебаев (жерлес әнші Ермек Серкебаевтың әкесі) “Кедей сөзі” газетінің редакциясында қызмет істеген, ал осы жылдары Петропавл уездік земство басқармасында қызмет атқарып жүрген қазақтың ұлы ақыны Мағжан Жұмабаев газеттің редакциялық алқа мүшесі болған.
Ақиық ақынның “Жазалашақ оқу құралдары һәм мектебіміз” деген мақаласы газеттің бесінші санында жарияланыпты. Онда: “Бұрын балдырған балаларды молдалар көк шыбықпен шыңғыртушы еді, бұрынғы мектеп нағыз схоластиканың ұясы болған еді, енді мектеп қазақ тұрмысына жанасымды құрылатын болды, жаратылыстануды оқытуға бет алды, сөйтіп келешекте ел ісінің иесі болатын азаматтарды даярлап шығаратын болды”,– делінген. Жерлесіміз редакцияның алқа мүшесі, белсенді тілшісі ғана емес, газетте басшылық қызмет те атқарған. “1921 жылдың басында Петропавлға облыстық газеттің редакторы болып оралдым”, – дейді орыс тілінде толтырылған сауалнамада Мағжан Жұмабаев (Ш.Елеукенов “Мағжан”, 53-бет).
1923 жылы Қазақстан Республикасының Сібір ревкомындағы Сібір ауылшаруашылық және өндіріс институтының анкетасына қайтарған жауабында Алаш қозғалысына белсене қатысқан арыстарымыздың бірі, Омбы уезінде дүниеге келген Қошке (Қошмұхамбет) Кемеңгерұлы “Бостандық туы” газетінің қызметкері болғанын айтады. Дерек көздері “Бостандық туы” – Омбыда шығып тұрған “Кедей сөзі” жабылғаннан кейін, 1921 жылы 19 наурыздан бастап жарық көргеніне куәлік береді. Бұл газеттің Омбыда 5-6 ғана данасы шыққан (“Бостандық туы”, 1925 жыл, 19 наурыз). 1921 жылдың ортасында газет Қызылжарға көшірілген. Олай болса, Омбыдағы Қошке газетке тілші есебінде қатысқан. Оның қаламынан 1919-1920 жылдары “Қасқырлар мен қойлар”, “Бостандық жемісі” атты қос пьеса дүниеге келді. Ол екеуі де Қызылжардағы қалалық бақтың сахнасында қойылды. Ж.Жанғонақов 1916 жылдың оқиғасы туралы “Қасқырлар мен қойлар” пьесасында өзі урядник рөлін, ал кейін жазушы болған Сәбит Мұқанов болыстың шабарманы рөлін ойнағанын жазады.
Журналистік қызметін “Бостандық туы” газетінде бастаған академик-жазушы Сәбит Мұқанов сол кездегі редакция жұмысының жайын, оның қызметкерлерінің іскерлік дәрежесін, өзінің алғашқы қадамдарын былай баяндайды: “Газет материалдарын қызметкерлер даярлайды, мен қарап шығамын да Жәнібековке беремін, маған сенетін ол қолынан өткерілген материалдардың көпшілігін қарамастан, Төреғожинге тек макетін ғана апарып ризаласады; шаруашылық істері басынан асып жататын, материалдардың ілуде біреуін ғана Жанұзаққа оқытып, басқаларының не екенінде жұмысы болмай, макеттің бірінші бетіне ғана “мақұлдаймын” деп қол қойып береді. Жұмасына үш рет шығатын газеттің нөмірлеріне материал толықтыру ол кезде оңай емес. Газет қызметкерлерінің өздері болмаса, қалада тұратын былайғы қазақ интеллигенциясы жөнді жазбайды”.
Сәбит Мұқановтың осы мақаласындағы сипаттамаға қарағанда, газеттің әдеби қызметкері, ақын, “Қызылжар” романының авторы Мәжит Дәулетбаев қабілетті журналист болған. Ол Қызылжар қаласының саудагерлерін, ел ішіндегі ұры-қарыларды, төрешілдікті, екіжүзділікті сынап көптеген мақалалар, өлеңдер, фельетондар жазған. Оларды өткір қаламымен шенеп, түйреп отырған.
“Бостандық туы” газеті редакциясының маңына сол кезде жас ақын-жазушылар топтаса бастаған. Жақан Сыздықов, Сейтжан Омаров, Ғалым Малдыбаев, Шахмет Құсайынов, Жұмағали Саин сияқты ақын-жазушылар өздерінің шығармашылық еңбек жолын осы редакцияда бастаған.
Нұрсайын ШӘРІП,
“Солтүстік Қазақстан”.