«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

НЕКЕ СУ Ы заңды алмастыра алмайды

… Сәуле (есімі өзгертіліп берілді Н.О.) өзінің ағар өзендей арнасынан адаспай, байыппен жылжыған тағдыры бір-ақ мезетте тұйыққа тіреліп, бақытты өмірі күлталқан болады деп ойламаған еді. Көркіне ақылы сай, сұлу да сымбатты, өрімдей жас қызды аумалы-төкпелі ауа райындай алдаған кім, ашық күнде адастырған не нәрсе?

… Ол да он бірінші сыныпты бітірісімен, бала күнгі қылаусыз арманының жетегіне еріп, үкілі үмітіне қанат байлап, еңселі елордаға аттанды. Бетінен қақпай, қылығын қырық үй болып қадағалап өсірген қызының бұл тілегіне ата-ана іштей алаңдағанымен, қарсылық таныта қоймады. Астанадағы беделді университеттердің біріне оқуға түсірді. Күндердің күнінде Сәуленің қылдай нәзік жүрегінде сырлы сезімнің гүлі бүршік жарды. Бойжеткеннің бұрымына байланған жігіттің есімі – Олжас (есімі өзгертіліп берілді. Н.О.) Айтар сөзі орнықты оның намаз оқып, дін жолында жүргеніне, иманды серік еткеніне бірнеше жыл болыпты. Арада аз уақыт өткеннен кейін Сәуленің қалта телефонына “Діни некеге тұрсақ деген ниетімді қабыл аласың ба? Сүйген қызымның көзіне қарай алмаудан, қылықтарына сүйсіне алмаудан шаршадым. Сезіміме селкеу түсіре көрме” деген хабарлама келеді Олжастан. Сәуле сезімінің алдында дәрменсіздігін мойындап, ақыры келісімін береді. Сөйтіп, ата-аналарының куәлік етуінсіз Астанадағы орталық мешітте неке суынан дәм татқан қос ғашық жұбайлық өмірлерін бастайды.  

Олжас оның дінге біржола бет бұруына әрекеттер жасап, ұзын көйлек киіп, басын орамалмен тұмшалауын талап етеді. Сүйгенінің тілегі сол болса, несіне қарсы шықсын? Көнеді. Оның үстіне іштегі алты айлық нәрестесінің иманды, ибалы азамат болып өсуіне аналық пейілмен ықылас қоюды жөн санайды. Алайда, күйеуінің: “Шариғаттың әдебі бойынша әйел үйде отыруы тиіс, оқуыңды таста”, – деген ұсынысын қабылдай алмайды. Сол-ақ екен, “сүйдім”, “күйдім” деген Олжас бәрін ұмытып, Сәулені тастап кетеді.

Бүгінде Сәуленің барар жері, басар тауы да қалмаған. Әзірге уақытша панасына айналған Қызылжардағы кезінде қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай өсірген ата-ана шаңырағы. Ол да болса анасының көз жасы мен әкесінің зілдей мұңына оранған қаңтардың ызғарынан да суық көрінеді. Тегі де, жөні де белгісіз сәбиі ғана жалғыз жұбанышы, көңілінің медеті, одан басқа кең дүниедей көрінген тарыдай тар тіршіліктің тауы да, тасы да сыздаған жүрек ауруының емі бола алмайды. Құқығын қорғайтын бір құзырлы мекеме де өтінішін қанағаттандыруға құлықсыз. Асылында, құлықсыз емес-ау, дәрменсіз. Өйткені, заңды некеге тұрмаған. Енді адалмын деп алдаған жарынан алимент те өндіртіп ала алмайтынына өкінеді.

Иә. Осындай қым-қуыт өмірде қилы тағдырды еншілеген жалғыз Сәуле ғана емес, ондайлар жетіп артылады. Айталық, әлдебір діни ағымдардың адастыруымен санасына қарғыбау байлаған бауырларымыз он екіде бір гүлі ашылмаған, оң-солын танып, бағыт-бағдарын байыптап үлгермеген өрімдей жас қыздарды, күйеуінен айрылған қамкөңіл жесірлерді, тірліктің теперішін көрген бойжеткендерді алдауына, арбауына түсіріп, ақ некелі жары болуға көндіреді. Жария етпей, жасырын неке қияды. Осылайша, Қазақстан Республикасының “Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы” Заң талаптарын белден басып, отбасын құрады, ыстық-суығы басылған соң немесе арада кішкене кикілжің туындап, ыдыс-аяқ сылдырлай бастағанда еш ойланбастан ажыраса салады.

Петропавлдағы орталық мешіттің наиб-имамы Қасымхан Исаевпен қоғамдағы осы келеңсіздік жөнінде әңгімелескенімізде ол некелерін дін жолымен ғана қиып, заң алдындағы жауапкершіліктен жалтаратындардың жиі кездесетінін жасырмады. Адамзатты мейіріммен жаратқан Алла Тағаланың бұйрығына жүрдім-бардым қарайтындарға өз қынжылысын да білдірді.

– Ата дініміздегі ең маңызы бар құндылықтардың бірі – адал неке. Мұхаммед пайғамбарымыз үш нәрсемен – некемен, құлды азат етумен және талақпен қалжыңдауға, ойнауға болмайтынын қатаң ескерткен. Өйткені, үшеуі де адамның тағдырына тікелей байланысты. Бұрынғы ата-бабамызда ажырасу деген мүлде болмаған. Өйткені, олар некенің қадір-қасиетін жақсы түсінген. Бүгін үйленіп, ертесіне бір-бірлерін танымастай болып жатқан жастарды көріп, жетімін қаңғыртпай, жесірін жылатпаған халқымыздың дарқан пейіліне, теңіздей тәліміне бір сызаттың түскенін байқаймыз. Петропавлдағы орталық мешітте жылына 800-ге жуық адам некесін қидырып, ант суын ішеді. Жыл басынан бері 400-ге жуық неке қиылды. Жұбайлық, отбасылық өмірдің баспалдағына көтерілген жандардың көбі – жастар. Біз оларға шариғат міндеттеген некенің шартын терең түсіндіріп, діни неке Алла алдындағы парыз екенін айтамыз. Іле-шала заңды некеге тұрудың маңыздылығын түсіндіреміз. Өйткені, ол біздің біріншіден, Ата Заңымыздың, ортақ мемлекетіміздің алдындағы негізгі міндетіміз, өз құқығымызды қорғай білуіміздің кепілі, – деген Қасымхан қажы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы бекіткен жұмадағы діни уағыздарда, сондай-ақ, жамағаттың ортасында некенің мағынасы, қадірі туралы жиі айтылатынын жеткізді.

Біз әңгімеге тартқан Сәруәр есімді әжей де бұл мәселенің маңызы зор екенін айтып, некені той жасау арқылы жария етудің жөн екенін атап көрсеткен. “Өйткені, дүйім жұртшылықтың, ағайын-туыстың, құрбы-құрдастың куәгерлік етуімен қиылған некені бұзуға жігіттің де, оның жарының да батылы бара бермеуі анық. Ал жасырын некеге тұрғандардың ажырасып кетуі оңай”, – дейді ол.

Осы материалды дайындау барысында өңір жастарына да сауал жолдап, пікірлерін білген едік. М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің түлегі Жанболат Жарылқасынұлы:

– “Үйлену деген өз құқығыңның жартысын азайтып, жауапкершілігіңді екі есе арттыру” деген бір ғұламаның сөзі арқылы тоқсан ауыз сөзімнің тобықтай түйінін жеткізгім келеді. Яғни, қандай жағдай болса да, отбасының шырқын бұзуға жол бермеуді жігіттер жағы қатты ескерулері керек, – дейді.

Студент Айжан Әлімованың пікірі де Жанболаттың ойымен ұштасады.

– Жүрегімнің қалауын жолықтырсам тұрмыс құрып, бала сүйіп, адал жар, ардақты ана атанудан қашпаймын. Адам өмірінде маңызды орын алатын некеге он рет пішіп, бір рет кесілген шешіммен бару қажет деп ойлаймын. Мұсылман болған соң, ең алдымен, діни неке, содан соң заңды некеге тіркелгенді жөн санаймын. Бұл ер мен әйелдің қос қорғаны іспеттес, – деген ол діни некеге тұруды әрбір қазақ жастарының мұсылман ретіндегі міндеті санайды. “Заңды неке зар илеп қалмаудың кепілі”, – дейді ол.

Өткен жылы облысымызда 4564 неке қиылса, 2160 ажырасу фактісі тіркеліпті. Шариғат әдебімен некелесіп, шаңырақтары шайқалғандар есебін ешкім білмейді. Өйткені, оларды санап, сараптау ешқандай құзырлы органның міндетіне кірмейді.

Дінтанушы, жас маман Артур Қарабалин аталмыш мәселеде бүгінгі жастарға көңілі толмайтынын айтады.

– Уақытша неке қиып, кейін талақ айтып, жеңілдің астымен, ауырдың үстімен жүргендердің көбі ата дінімізді, шариғаттың қағидаларын өз нәпсілеріне бұрмалап алғандар. Бес уақыт намаз оқығанына бес күн болмаған бір бауырымыз үйленіп, некесін қидырып, дүбірлі той жасады. Баршамыз куә болдық. Өткен жолы кездесіп қалып, Қызылжардағы қоғамдық тамақтандыру орындарының біріне барып, ұзақ әңгімелестік. Оның: “Келіншегім артық кетіп бара жатса ажырасатынымды айтып, райынан қайтарып қоямын”, – деген сөзін естіп, ренішімді білдірдім. Исламның шартын түсіндіруге тырыстым. Түсінгендей болды, – деді ол.

Атақты жазушы Бейімбет Майлиннің “Талақ” деген әдемі әңгімесін оқымаған адам кемде-кем шығар. Аталмыш шығармадан қазақ қоғамы үшін ғасырға жуық уақыт бұрын “талақ” ұғымының қалай ауыр болғанын білуге болады. “Неке махаббат жібі, ерлі-байлы адам қаншама бірін-бірі көрместік болып, ажырасса да, ақ неке тұрған жерде махаббат үзілмейді. Ал ерлі-зайыпты адамның жиренішті тұрмысына дәнекер болып тұратын жіпті үзетін бір нәрсе бар, ол – жөнсіз талақ”, – деп жазады жазушы. “Адасқанның алды жөн, арты соқпақ, Оларға жөн арамның сөзін ұқпақ” деген данышпан Абай да қауып емес, тауып айтқан ғой. Не десек те, жауқазын ғұмырлардың шыңырау құдықтарға құлап кетуіне қазақтың келешегін, мемлекетіміздің мүддесін ойлайтын әрбір адамның жауапты екендігі естен шықпаса, игі.

Нұргүл ОҚАШЕВА,

 “Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp