«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

НЕКЕ ҚИЮ НЕЛІКТЕН ӨЗГЕРДІ?

Халқымыз “Неке қию” дәстүріне ежелден үлкен мән берген. Отбасын құрғысы келген азаматтар алдымен мешітке барып, некелерін Алланың алдында қиюдан бастайды. Бірақ қазіргі таңда мешітте неке қиылмай тұрып, алдымен азаматтық хал актілерін тіркеу орталығында ресми некеге тұру қажет. Бұл өзгерістердің пайда болуының себебі неде?

Азамат БАЙБОСЫНОВ,  

Петропавл қаласының тұрғыны.

Бұл сұраққа облыстық дін істері жөніндегі басқарманың діни бірлестіктермен байланыс бөлімінің басшысы Бағдат Мұқанова жауап береді:

– Исламда некелік қатынастарды бекітудің нақты рәсімі бар, ол – неке қию. Мұсылман отбасыларының көбі отбасылық өмірге аяқ басар алдында осы рәсімді ұстануға тырысады.

Қазіргі таңда еліміздегі мешіттерде некелесу үшін Қазақстан Республикасы “Неке (ерлізайыптылық) және отбасы туралы” Заңында көрсетілгендей, азаматтық хал актілерін тіркеу орталығында мемлекеттік тіркеуден өткені туралы куәліктің көшірмесі қажет.

Өйткені, зайырлы мемлекетте неке қию туралы құжатты алу жас отбасыға барлық әлеуметтік-экономикалық құқықтар мен міндеттемелерге ие болуға мүмкіндік береді, оның ішінде:

– болашақ балаларға құқықты заңды түрде бекіту;

– жас отбасы ретінде пәтер алуға кезекке тұру мүмкіндігі;

– бала туу бойынша жәрдемақы, декреттік төлемдер алу;

– балабақшаларға мемлекеттік кезекке тұру және тағы басқалар.

Ажырасқан жағдайда мемлекет ер адамға бұрынғы отбасын асырау жөнінде жауапкершілік жүктей алады.

Оның тағы бір себебі бар. Кей жат ағымдардың жетегінде кеткен жастар ресми азаматтық хал актілерін тіркеу орталығында некелесуден бас тартып, мешітте некеміз қиылса болды деп санайды. Ал “Үйлену оңай, үй болу қиын” екені белгілі. Некелескен соң ажырасып тынған отбасылар да жетерлік. Некелері заң жүзінде тіркелмегендіктен, әйелдің ертеңгі күні бұлыңғыр екені белгілі. Ресми құжаты болмағандықтан, оларды мемлекет өз қарамағына алып, қорғай алмайды. Тіпті, бұрынғы күйеуімен тапқан мүлкін заң жүзінде бөліске де салмайды. Осындай келеңсіздіктер орын алмас үшін алдымен азаматтық хал актілерін тіркеу орталығында некелері тіркелген соң мешітке барады.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp