«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

НЕСИЕНІ ТӨЛЕМЕУГЕ БОЛА МА?

Облыс тұрғындарын қаржылай қолдау шаралары туралы мәселелер көп толғандырады. Олардан келіп түскен сауалдар сөзімізге дәлел. Сұрақтарға Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Петропавл қаласындағы өңірлік өкілдігі басқармасының басшысы Алма Дәуренбекова жауап береді.

– Қандай кәсіпкерлік субъектілеріне несие төлеу мерзімін ұзарту ұсынылады?
– Қаржы нарығын реттеу мен дамыту агенттігі басқармасының 2020 жылғы 22 наурыздағы №17 қаулысына және агенттік төрағасының 2020 жылғы 26 наурыздағы №167 бұйрығына сәйкес жеке кәсіпкерлерге, шағын және орта кәсіпкерлік субъектілеріне өсімақы мен айыппұлдарды есептемей 90 күнге негізгі қарыз бен сыйақы төлеу мерзімін кейінге қалдыру ұсынылды. Төлемдерді тоқтата тұру қарыз алушының өтініші және 2020 жылғы 16 наурызға дейін берілген қарыздар бойынша қаржылық жай-күйінің нашарлағанын растайтын құжаттар негізінде 2020 жылғы 15 маусымға дейінгі кезеңде жүзеге асырылады. Банктер өтінімдерді жеке-жеке қарайды, оларды электронды поштаға, “банк-клиент” онлайн-жүйесіне, мобильді қосымшаларға жіберуге болады. Облыста шағын және орта бизнесті несиелейтін екінші деңгейдегі банктің 14 филиалы бар.
– Өтінішті қарау мерзімі қандай?
– Қаржылық жағдайы нашарлаған жеке тұлғалардың өтініштерін кредитттік ұйымдар қарайды, 10 жұмыс күні ішінде шешім қабылдайды және қарыз алушыны қолжетімді тәсілдермен хабардар етеді.
– Төлемдерді кейінге қалдыруға қатысты өтініштерді қарау кезінде комиссиялық төлем алына ма?
– Кредиттік ұйымдарға қарыз алушылардан төлемдерді тоқтата тұру, кепіл шарттарын және өзге де оған байланысты шарттарды тиісті өзгерту туралы өтінішті қарау үшін комиссия мен өзге де төлемдер алуға тыйым салынады.
– Қандай ұйымдар төлемдерді тоқтата тұру тәртібін қолданады?
– Қаржы нарығын реттеу мен дамыту агенттігі төрағасының 2020 жылғы 26 наурыздағы №167 бұйрығымен төтенше жағдайды енгізу нәтижесінде зардап шеккен азаматтардың, шағын және орта бизнестің қарыздары бойынша негізгі борыш пен сыйақы сомаларын төлемдерді тоқтата тұру тәртібі бекітілді. Бұл тәртіп барлық екінші деңгейдегі банктерге, ломбардтарды қоса алғанда, микроқаржы қызметін жүзеге асыратын ұйымдарға, онлайн-кредит беру компанияларына, кредиттік серіктестіктерге қолданылады.
– Ломбардтардың жағдайы қандай? Олар да үш айлық жеңілдік кезеңін қарастыра ма? Көптеген ломбардтарда несие мерзімі бір ай, тіпті, бірнеше күн ғана. Кешіктіру механизмі қалай іске асырылады? Осы уақыт ішінде ломбардтағы кепіл заттар сатыла ма?
– Кейінге қалдыруды ұсыну тәртібі несиелік нарықтың барлық субъектілері, оның ішінде ломбардтар үшін міндетті болып табылады. Кейінге қалдырудың бірыңғай мерзімі – 2020 жылдың 15 маусымына дейін. Кейінге қалдыру несие міндеттемелерін орындау мерзімін кейінге қалдыруды қамтығандықтан, ломбардтар кейінге қалдырылған кезең ішінде кепілдік заттарды сатуға тыйым салынады.
– Жұмыстан шығарылған, еңбекақысы сақталмайтын демалысқа жіберілген немесе жалақысы төмендетілген қарыз алушылармен не істеу керек? Жұмыстан шығарылған адам жұмыс тауып, қайтадан табыс таба бастағанға дейін айыппұлдар мен өсімпұлдар төлей ме?
– Жоқ, айыппұлдар мен өсімпұлдарға тыйым салынады. Төтенше жағдай кезінде банктер, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдар, микроқаржыландыруды жүзеге асыратын ұйымдар жеке тұлғаларға банктік қарыз немесе микрокредиттік шарттар бойынша негізгі қарыз және сыйақы бойынша уақтылы төлемегені үшін айыппұлдар мен өсімпұлдарды өндіріп алмайды. Жеке тұлғаларға қатысты бұл шараларды несие ұйымдары қарыз алушылардың өтініштерінсіз біржақты жүзеге асырады.
– Біздің облыс бойынша қарыздар бойынша төлемдерді кейінге қалдыруға қанша өтінім қабылданды? Қанша өтінім рәсімделді?
– Екінші деңгейдегі банктерге және өзге де кредиттік ұйымдарға қарыздар бойынша төлемдерді тоқтатуға 39 029 өтінім түсті. Оның ішінде 38 655 жеке тұлға және 374 шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі төтенше жағдай кезінде несие бойынша мерзімді кейінге қалдыруға өтінім беру үшін несие ұйымдарына өтініш жасады. 36 105 қарыз алушының 6 354 млн. теңге қарызына қатысты өтініші мақұлданды, оның ішінде 35 763 жеке тұлғаның 3 784 млн. теңге, 342 шағын және орта бизнес субъектілерінің (жеке кәсіпкерлерді қосқанда) 2 572 млн. теңге несиесі бар.
– Төлемді кейінге қалдырудан негізсіз бас тартқан жағдайда қайда жүгінуге болады?
– Кейінге қалдырудан негізсіз бас тартқан жағдайда, қарыз алушылар Петропавл қаласы, Қазақстан Конституциясы көшесі, 6 мекенжайында орналасқан Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Петропавл қаласындағы өңірлік өкілдігі басқармасына жазбаша өтінішпен жүгінуге немесе 8 (7152) 55-15-35 телефонына хабарласуға болады.


Дайындаған
Зарап ҚҰСАЙЫНОВ,
“Soltústik Qazaqstan”. 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp