«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Несие — іске серпін

Бүгінде өңірімізде жеке кәсібін дөңгелетіп отырған жандардың бірі – Қажыбай Мемешов. Ол биыл өз қаражатына 10 гектар жайылымдық жер сатып алып, қора салған. Содан кейін ғана мемлекет көмегіне жүгінген ол “Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020” бағдарламасы аясында жылдық 6 пайыз мөлшерлемемен 1,5 миллион теңгеге несие ресімдеп, 50 бас ұсақ мал және жемазық сатып алды. Бүгінде қойлары төлдеуде.

– Несие 4,5 жылға берілді. Мемлекет тарапынан бұл – үлкен көмек. Келер жылы ірі қара мен жылқы сатып алмақ ойым бар, – дейді жеке кәсіпкер. Ол болашақта ұсақ малдың басын бір мыңға жеткізіп, қой етін сатумен айналыспақ.

Жалпы, қаланың шеткері аудандарында тұратын бірқатар азаматтардың мал шаруашылығымен айналысуға ниеті бар. Алайда, жайылымдық жер алу кезінде әкімшілік кедергілердің туындауы салдарынан олардың кейбіреуі орта жолда айнитын көрінеді. Мұны жұмыспен қамту орталығының мамандары да растап отыр.

– Биыл “Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020” бағдарламасы аясында 101,9 миллион теңгеге 36 шағын несие берілді. Бірқатары несиені жеке бизнес ашуға, кейбіреулері кәсібін кеңейту үшін алды. Биыл жеңілдетілген несие ресімдегендердің екеуі ғана атакәсіпті жалғастыруда. Қалғандары қоғамдық тамақтану, жолаушылар тасымалы және жарнама бизнесімен айналысады, – деді Петропавл қаласы жұмыспен қамту орталығының маманы Думан Смағұлов.

Берік ҚАСЕН,

журналист.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp