Соңғы жылдары елімізде агроөнеркәсіп кешенін инновацилық тұрғыдан дамыту бағытында кешенді жұмыстар атқарылуда. Азық-түлікке деген қажеттілік жыл өткен сайын арта түсуде. Сондықтан диқандар ауа райына деген тәуелділіктен арылып, жыл сайын мол өнім алудың жолын іздестіруде. Жермен жұмыс істейтіндер, ең алдымен, жаңа технологияларды қолданып, өнімділікті үздіксіз арттыруға, жұмысын әлемдік стандарттар негізінде жүргізуге бет бұруда. Осы орайда элиталық тұқым шаруашылығының алар орны ерекше.
Элиталық тұқым шаруашылығы дегеніміз – мамандандырылған жағдайда тұқым өндіру. Егіс құрылымын жетілдіру, жаңа сұрыптардың егу технологиясын меңгеру, тұқым өндіруге қажетті материалдық-техникалық базаны қалыптастыру бағытындағы ауқымды шаралар білімді де білікті мамандардың тікелей араласуымен жүзеге асырылады. Ауыл шаруашылығы дақылдарының мол өнім беруі, әдетте, себілген тұқымға байланысты. Тәжірибе көрсеткендей, сапасыз тұқымнан өнімнің көлемі азаяды. Салдарынан топырақ өңдеу, тыңайтқыш қолдану, тіпті, егістікті күтіп-баптау шаралары да зая кетеді. Демек, ата-бабаларымыз “не ексең, соны орасың” деп бекер айтпаса керек.
Қызылжар өңірінде республика бойынша жиналатын астықтың 30 пайызы өсіріледі. Бұл шамамен 5,5 млн. тонна. Өңірде сұрып жаңартумен айналысатын ондаған шаруашылық бар. Яғни, облыстың ауыл шаруашылығы саласында жұмысын дөңгелетіп отырған төрт мыңға жуық агроқұрылымға сапалы тұқым қолжетімді. Бұл серіктестіктерде теріскейдің салқын климатына төзімді жаңа тұқым сұрыптары шығарылып, аудандастырылады. Агротехнологиялық шаралар дұрыс сақталған жағдайда олар диқандарды табиғатқа деген тәуелділіктен арылтып, мол астық жинауға мүмкіндік береді. Осы орайда жаңа сұрыптардың кең көлемде таралуы мен тұқым шаруашылығының дамуына өзіндік үлесін қосып отырған “Атамекен-Агро-Тимирязев” жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне жүктелер міндет зор.
Докучаево ауылында орналасқан шаруашылық соңғы он жылдан бері элиталық тұқымға басымдық беруде. Ел бойынша танымалдыққа ие болып отырған біздің серіктестікке көптеген өңірлерден тапсырыс түсуде. Олардың қатарында ұсақ шаруашылықтармен қатар ірі агроқұрылымдар да бар. Жерді емген әр диқан болашақ өнімнің елу пайызы тұқымға, ал қалғаны қолданылған технологияға байланысты екенін жақсы біледі. Сондықтан әр шаруа өз алқаптарына тек сапалы тұқымды сіңіруді көздейді. Біздің шаруашылық аудандастырылған дәнді, бұршақты және майлы дақылдар егу, күтіп-баптау, жинау әдістерін ғылыми негізде ұсынумен қатар заманауи жаңа технологияларды ұтымды пайдаланудың тиімділігіне әлдеқашан көз жеткізген.
“Атамекен-Агро-Тимирязев” ЖШС-нің ауыл шаруашылығына жарамды 50 мың гектар жері бар. Оның 35 мың гектары егістік алқап үшін пайдаланылады. Элиталық тұқымдар ғылыми мақсатқа арналған арнайы учаскелерде өсіріледі. Агротехникалық шаралар жүргізілетін бұл алқаптар барлық талаптарға сай. Ондағы дақылдар жыл сайын алмастырылып отырады. Өткен жылы біздің мамандар қазақстандық және ресейлік бидайдың “Шортанды-95”, “Шортанды-2012”, “Омбы-36”, “Омбы-38”, “Сигма-2” сұрыптарын, арпаның “Астана-2000” және “Омский-100”, зығырдың “Северный” және “Август”, рапстың “Юбилейный” сұрыптарын өсірді. Сөйтіп, күзде облыстық орташа көрсеткіштен жоғары өнім алдық. Мәселен, бидай сұрыптарының гектар берекелігі 30 центнерден 46 центнерге дейін жетті. Заманауи технологияларды пайдаланудың арқасында соя, бұршақ, жасымық, зығыр мен рапстың да өнімділігі артуда.
Біз бірнеше жылдан бері А.И.Бараев атындағы өсімдік шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығымен және “Қарабалық ауыл шаруашылығы тәжірибе станциясы” ЖШС-імен, Ресей ауыл шаруашылығы академиясы Сібір ғылыми-зерттеу институтымен бірге тәжірибе жүргізудеміз. Тұқымның заман талабына сай қажетті сорттарын өмірге әкелу бағытында ерінбей еңбектеніп, үнемі ізденісте жүрген тәжірибелі мамандарымыз соңғы жылдары Италия мен Канаданың дәнді және бұршақты дақыл сұрыптарын аудандастыруда. Ылғал жеткіліксіздігі, салқын әрі жаңбырлы жаз, дақылдың пісіп-жетілуіне қажетті жылудың аздығы – климатымызға төзімді дақылдарды қажет етеді. Тәжірибелі мамандар аудандастырған барлық сұрыптар жоғары өнімділік пен сапа талаптарына жауап береді. Олардың 10-15 пайызын ерте, 55-60 пайызын орта ерте және 20-25 пайызын орта кеш пісетін тұқымдар құрайды. Солтүстікқазақстандық диқандар заманауи технологияларды ұтымды пайдаланудың арқасында аудандастырылған сұрыптарды тиімді пайдалануда.
Ғылыми мақсатта пайдаланылатын алқаптағы жұмыстың барлығына заманауи техникамен қатар, білікті мамандар да қажет. Сондықтан күннің аптап ыстығында да, жауын-шашында да сынақ учаскелері зертханашылардың жіті назарында. Сынақ учаскелерінде түрлі сұрыптар егіліп, бақылаудан өтіп, көбейтілгеннен кейін өндіріске жөнелтіледі. Серіктестік элиталық тұқым өндіретіндіктен, астық шығымдылығын арттыру үшін әлемдегі озық технологияларды ұтымды пайдалануды көздейді. Егіс алқаптарындағы топырақтың құнарлылығына да ерекше көңіл бөлінеді. Ол үшін көктем және күз айларында топыраққа сараптама жасалып, тыңайтқыш заттардың мөлшері анықталады.
Бізде өнімді үзіліссіз қабылдау, талапқа сай тазарту және бүлдірмей сақтау мәселелері де толығымен шешілген. Серіктестіктің иелігінде “Glass”, “Borgo” және “Amazon” сияқты шетелдік компаниялардың егіс кешендері бар. Шаруашылық аумағында “Cimbria” атты дән тазалау кешені салынған. Бұл қондырғы тұқым тазалығын бірінші сыныпқа дейін жетілдіруге мүмкіндік береді. Элиталық тұқымдар “Petkus” желісінің көмегімен зарарсыздандырылғаннан кейін “bigbag” арқылы қапталады. “Bigbag” – өнімді кез келген температурада тасымалдау мен сақтауға мүмкіндік беретін және бір рет пайдаланылатын арнайы тасымалдаушы ыдыс. Оның сыйымдылығы бір тоннаға дейін жетеді. Астықтың басым бөлігін сақтайтын арнайы қоймамыз да бар. Алдағы уақытта еңбек өнімділігін арттыру мақсатында фотосепаратор сатып алуды жоспарлап отырмыз.
Агрофирма жыл сайын 8-10 мың тоннаға дейін бірінші сыныпты бидай тұқымын дайындайды. Сөйтіп, біз “Атамекен-Агро” агрохолдингтің құрамына енетін барлық шаруашылықтардың элиталық тұқымға деген сұранысын толық қанағаттандырудамыз. Жыл сайын жаңартылып отырылатын бұл сұрыптарға еліміздің басқа өңірлерінен де тапсырыстар көптеп түседі. Мәселен, биыл жергілікті және Ақмола облысының 85 шаруашылығымен келісімшарт жасалды.
Біз 2021-2022 жылдары Тимирязев ауданында заманауи тұқым желісін салуды жоспарлаудамыз. Ол дайын өнімді сақтайтын қоймамен, тұқым зертханаларымен және тағы басқа қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз етіледі. Бұл жобаны жүзеге асыру барысында облыстағы тәжірибе станцияларының мамандары да тартылады. Тұқым шаруашылығын жақсы ұйымдастырудың және сұрыптарды дұрыс таңдай білудің арқасында ғана ала жаздай төгілген тердің қайтарымы болады.
Қозыгелді ЗИЯЕВ,
“Атамекен-Агро-Тимирязев” ЖШС-інің бас директоры, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты.