Өлді бәрі, өлді бәрі, өлмеген,
Таңдайдағы тіл ғана.
“Ана” деген сөзге тілі келмеген,
Ана болып жарытпайды қыз бала.
Өлді бәрі, өлді бәрі, өлмеген,
Көкейдегі сөз ғана.
“Сүйем” деген сөзге тілі келмеген,
Сүйіктің боп жарытпайды бозбала.
Көрдік біздер көресіні елменен,
Келдік сонау көнеден.
“Ата” деген сөзге тілі келмеген,
Ата болып жарытпайды немерең.
Көнбек болып көштік біздер
желменен,
Құл секілді көндігіп.
“Аға” деген сөзге тілі келмеген,
Аға болып жарытпайды ер жігіт.
Туыстыққа толып жатыр шөлдеген,
Болмаса да тосқауыл.
“Бауыр” деген сөзге тілі келмеген,
Бауырың боп жарытпайды
тасбауыр.
Дос болсаң, бол қызтеке емес
ерменен,
Сатып кетер ұятсыз.
“Досым” деген сөзге тілі келмеген,
Досың болып жарытпайды
тұрақсыз.
Ит болар деп асырама қасқырды,
Оның бәрі – далбаса.
Қазақ болып жарытпайды қос тілді,
Қазақ үшін жанын қияр болмаса.
Сақтаныңдар, мансабы зор
пендеден,
Пайдасынан – зияны.
“Жұртым” деген сөзге тілі келмеген,
Жақының боп жарытпайды зиялы.
Қимыл қажет, керек қазір әрекет,
Бәс тігетін жер осы.
Былқ-сылқ еткен дүмбілезді
әрі әкет,
Не қазақ бол, не мазақ бол –
сөз осы!
Мерғали ЫБРАЕВ.