Облыс полицейлері өңірдегі нысандардың лаңкестікке қарсы қауіпсіздігінің деңгейін тексеруде. Жыл басынан бері төрт дәмхананың иесі бұл заңнаманың талаптарын бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Тәртіп сақшыларының айтуына қарағанда, 100-ден астам орны бар қоғамдық тамақтану нысандары лаңкестік тұрғысынан осал ошақтар болып табылады. Өңірімізде мұндай 48 мекеме бар. Мысалы, Петропавл қаласындағы дәмхана иесі бейнекамералардың ақаулығы және бейнежазбалардың сақталу мерзімін бұзғаны үшін 140 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл төледі. Бұл аз болғандай, осы нысан басшылығы өз қызметкерлеріне лаңкестік қаупі туындаған кездегі ережелерді үйретпегені белгілі болды.
Жалпы, облыс аумағында осындай лаңкестік тұрғыдан қарағанда осал саналатын 600-ге жуық нысан бар. Олардың қатарына адам көп жиналатын жерлер, аса маңызды мемлекеттік, стратегиялық және қауіпті өндіріс нысандары. Биылғы жылдың басынан бері жұмыс топтары 410 нысан тексерген болатын. Нәтижесінде лаңкестіктен қорғану талаптарын бұзуды жою жөнінде 147 ұйғарым берілді. “Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы” Кодексінің 149 және 470-баптары бойынша 22 басшыға қатысты әкімшілік материалдар жинақталды.
Облыстық полиция департаментінің лаңкестікке қарсы іс-қимыл басқармасы бастығының орынбасары Спартак Қабденовтің айтуынша, ғимараттар мен нысандардың инженерлік-техникалық құралдармен тиісінше қамтылмауы және қызметкерлерді лаңкестікке қарсы шараларға дайындаудағы шалағайлықтар басты заң бұзушылықтар болып отыр.