«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

НЫСАНДАР ҚОЛЖЕТІМДІ МЕ?

“Нұр Отан” партиясы облыстық филиалының ғимаратында жергілікті билік органдары, үкіметтік емес ұйымдар, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің қатысуымен “дөңгелек үстел” отырысы өтті. Онда мүмкіндігі шектеулі жандарға инфрақұрылым нысандарын бейімдеу бағытында атқарылып жатқан жұмыс нәтижелері әңгіме арқауына айналды.

Петропавл қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің ақпараты бойынша, облыс орталығында 317 әлеуметтік және көлік инфрақұрылым нысанының 253-і бейімдеуге жатады. Олардың ішінде 221 нысан қолжетімді болып табылады, 32-сі ішінара қолжетімді. Бірінші кезекте медициналық және әлеуметтік қызмет көрсететін мекемелерде кедергісіз орта құрылуына назар аударылады.

– Бүгінгі таңда 18 денсаулық сақтау нысаны түгел бейімделген, 68 білім беру нысанының 58-і, 9 әлеуметтік қорғау нысанының 7-сі талапқа сай, ал мәдениет нысандарының 82,5 пайызы, спорттық құрылыстардың 92 пайызы қолжетімді. Сондай-ақ, 2018 жылы тоғыз қонақүйге мониторинг өткізілді. Мониторинг көрсеткендей, алты қонақүйге мүмкіндігі шектеулі жандардың орналасуы қарастырылмаған, үш қонақүй қолжетімді, бірақ қосымша жабдыққа мұқтаж. Ал Сапаржай және Петропавл қаласының халықаралық әуежайында мүгедектер үшін барлық жағдай жасалған, – деді қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Данияр Асылбеков.

Өткен жылы ұйымдастырылған рейд барысында мүгедектер үшін нысандарды бейімдеу мәселелері бойынша аймақтық комиссиясының мүшелері Петропавл қаласының теміржол вокзалының басшылығына бірқатар ескерту айтқан. Қазіргі уақытта вокзалда мүмкіндігі шектеулі жолаушылар үшін жағдай жасалып, күрделі жөндеу жүріп жатыр.

Тағы бір проблемалық мәселе – көлік инфрақұрылымының қолжетімсіздігі. Петропавл қаласында жолаушыларды тасымалдау үшін 24 бағытта 330 қоғамдық көлік қатынайды. Алайда, олардың тек аз бөлігі мүмкіндігі шектеулі жандарға бейімделген. Қазіргі таңда қалалық қоғамдық көлікте осындай санаттағы адамдарға қызмет көрсету үшін асты төмен үш автобус және гидравликалық көтергіштері бар үш көлік жұмыс істейді. “Автокөлік одағы” қауымдастығы” қоғамдық бірлестігінің төрайымы, Петропавл қалалық мәслихатының депутаты Галина Семенованың айтуынша, мәселені толық шешу үшін осындай шетелдік көлікті сатып алуға баж салығының жоғары болуы кері әсер етуде.

– Біз талапқа сәйкес келетін тағы үш автобусты сатып алуды жоспарлап отырмыз. “Даму” қорынан қажетті автобустарды сатып алуға демеуқаржы түрінде қолдау күтеміз. Өкінішке қарай,қаржы тапшы. Әдетте, әр автобус орта есеппен 12 миллион теңгеге бағаланады. Алайда, есепке қою, автобусқа қосымша қондырғы орнату үшін тағы 5 миллиондай теңге жұмсалады. Мүгедектер үшін жабдықтарды орнатуға қажет қаржыны табуға көмектессе, қисынды болар еді. Автобустарды мүгедектерге ыңғайлы ету үшін кәсіпкерге қосымша қаражат табу оңай емес, – деді Галина Семенова.

 Ілияс СӘБДЕНОВ,

“Нұр Отан” партиясы облыстық филиалының баспасөз хатшысы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp