Облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарманың ұйымдастыруымен мемлекеттік тілді оқыту орталығында “Қазақ әліпбиін латын графикасына көшіру” тақырыбында дебат ойындары өтті. Бұл шараға әр ауданнан мемлекеттік қызметшілер қатысты.
Дебатқа қатысушылар қазақ әліпбиін латынға ауыстыру біздің қоғамымыз үшін тың жаңалық емес екенін алға тартып, оның тарихына тоқталды. 1926 жылы Бакуде өткен түркі халықтарының съезінде түркі тілдеріне ортақ латын графикасы енгізілген болатын. Оны халық 40-ыншы жылдарға дейін пайдаланды.
Әліпбиді латынға ауыстырғанда не ұтамыз? Біріншіден, әлемдік ақпараттық кеңістікке енуіміз жеңілденеді. Екіншіден, тіліміздегі дыбыстық жүйелерді нақты анықтап, қазақ тілінің жазылуы мен дыбысталу кезінде қолданыстағы артық кірме сөздер азаяды. Тіліміздегі қазіргі жат дыбыстарды таңбалайтын әріптер қысқарып, сол арқылы қазақ тілінің табиғи таза қалпын сақтауға мүмкіндік аламыз. Үшіншіден, латын әліпбиіне көшу – қазақ тілінің мемлекеттік мәртебесін бекітеді. Ана тілі арқылы руханиятымызды, мәдени мұраларымызды, құндылықтарымызды келешек ұрпаққа жеткізу – қазіргі қоғамның басты міндеті.
Міне, осы төңіректе ой өрбіткен жас мемлекеттік қызметшілер өздерінің тақырыпты қаншалықты меңгергендігін және шешендік қабілеттерін көрсетті.
Мағжан Жұмабаев ауданының “Жасын” командасының құрамында аудан әкімі аппаратының бас маманы Нұрболат Ешентаев пен Молодежный ауылдық округінің бас маманы Әділжан Әлжанов сайысты. Нәтижесінде Нұрболат Ешентаев “Ең үздік спикер” деп танылды.
Алтыншаш ХАСЕНОВА,
Мағжан Жұмабаев ауданындағы мәдениет және тілдерді дамыту
бөлімінің бас маманы.