Ғасырдан астам тарихы бар облыстық «Soltüstık Qazaqstan» газеті – өңір қаламгерлерінің ұстаханасы ғана емес, талай жастың албырт сезімдерін оятып, отау құруларына себепші болған құтты мекен. Бұл сөзімізді 1989-2003 жылдары басылымның бас редакторы болған жазушы-журналист, Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты, «Достық» орденінің иегері Бақыт Мұстафиннің аяулы жары Дәмелі Бүркенқызының жаныңды жылытатын естеліктері қуаттай түседі. Кейіпкеріміз 45 жыл, 3 ай, 7 күн құстың қос қанатындай бірге ғұмыр кешкен асыл жарымен қауыштырған қасиетті қарашаңыраққа дән риза.
– 1960 жылы мектеп бітірген соң «Ленин туы» газетіне жұмысқа орналастым. Бәкең демалыста екен. Балаларға арналған шығармаларын сүйсініп оқып жүретінмін. Таныстығымыздың соңы ғашықтыққа ұласатынын кім білген? Біз 1961 жылы шаңырақ көтердік. Сол жылы ұжым қатары университет бітіріп келген жас журналистермен толықты. Олардың арасында Мырзағали Серғалиев, Клара Шәкірова, Абай Қазиев, Дүйсенбі Әуелбеков, Бақыт Мұстафин, Сабыр Сауытбаевтар бар. Бәкең газеттің барлық баспалдақтарынан өтті. Әдеби қызметкер, бөлім меңгерушісі, жауапты хатшы, редактордың орынбасары, бас редактор болды, – дейді Дәмелі апай.
Қаламгер болашағымды журналистика саласымен байланыстырамын деген талай жастың жолын ашып, дұрыс бағдар сілтеген. Содан болар өңірдегі аға буын өкілдері арасында «Бақыт Мұстафиннің шинелінен шыққан журналист» деген тіркес жиі айтылады. Бақыт Мұстафин басылымның тізгінін ұстаған кез өтпелі заманға дөп келді. Газет шығару ісінде қиындықтар пайда болды. Кейбір көршілес облыстық газеттер қағаздың жоқтығынан жабылып жатты. Ақша, жарық, жылу жоқ, жалақы, зейнетақы айлап берілмеді. Сананы тұрмыс билеп, газеттің оқырманы да, тиражы да күрт азайып кетті. Соның өзінде газет аптасына 2 рет шығып тұрды. Бас редактордың күні-түні баспаханадан шықпай, шарқ ұрып қаржы іздеумен болғанын көзкөргендер бүгінге дейін айтып жүр.
Көнекөз оқырмандарымыз газетіміздің атауы 1993 жылдың 1 желтоқсанында «Ленин туы»нан «Солтүстік Қазақстан»-ға ауысқанын жақсы біледі. «Газеттің атауын қалай өзгертеміз?» деген сауал қойылғанда қоғам белсенділерінің бірі «Есіл», басқалары Қызылжардың дүниетанымымен мүлдем үйлеспейтін атауларды ұсыныпты. Бақыт Мүтәллапұлы болса «Ленинское знамя»-ға – «Северный Казахстан», «Ленин туы»-на – «Солтүстік Қазақстан» деген ат беру туралы айтқан. Оның бұл ұсынысын Қызылжар өңірінің зиялы қауымы бір ауыздан қолдай кетеді. Содан бері отыз жылдан астам уақыт өтсе де, аталмыш басылым әр үйдің төрінен орын алып, тұғырынан түскен емес.
Газет жұмысының оңай емес екенін сол салада жүрген жандар жақсы біледі. Әдемі безендірілген, қатесіз әзірленген газет оқырманның қолына дер кезінде тиюі үшін тұтас шығармашылық ұжым уақытпен санаспай жұмыс істейді. Жұмыстан үйге көп жағдайда таң сібірлеп атып келе жатқан шақта қайтатын газет қызметкерлерін Құдай қосқан қосақтарының қолдауы қанаттандырып, дем берері сөзсіз. Осындай сәттерде Дәмелі апай да жарының жанынан табылып, ас-суын әзірлеп, жылы сөзін аямаған.
«Бәкең журналистика әлеміне бар дауысымен, өзіндік үнімен жар сала келді. Ол жазған очерктер мен әңгімелер, жалынды публицистикалық толғаулар, уытты сатиралар, әдеби сындар, мөлтек әңгімелер, эсселер облыстық, республикалық баспасөз беттерінде жарқырай көрінді. Ол Алматыдағы қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетінде оқып, ұлы Мұхтар Әуезов сынды заңғар жазушыдан дәріс алған. Өзі туып-өскен Қызылжарды жанынан артық жақсы көретін. Туған жердің барлық қиырын аралап, қарапайым еңбек адамдарының еселі еңбегін, адамгершілік асыл қасиеттерін, тыныс-тіршілігін өз шығармаларына арқау етті. Тың өңіріндегі дала еңбеккерлерін Бақыттан артық жазған көсемсөзші кемде-кем шығар деп ойлаймын», – дейді жақсының жары.
«Балалар үшін жазу қиынның қияметі, өйткені оларға өтірік айтуға болмайды, сәби көңілін шын жүрегіңмен ұғып жазуың керек» деген қағиданы өмірлік ұстанымға айналдырған Бақыт Мүтәллапұлының балалар жазушысы екені оқырмандарға белгілі. Көзі тірісінде қаламгердің «Тәтті сәбіз» және «Досыңды шақыр» деген әңгімелер жинағы жарық көрді. Шығармалары бүкілодақтық «Костер» журналында бірнеше рет басылды. «Керемет көктем» атты әңгімесі 2-ші сыныпқа арналған «Ана тілі» оқулығына енді. Оның туындылары республикалық «Балдырған» журналы ұйымдастырған конкурста бірнеше рет жүлдеге ие болды. Жазушы шығармалары арқылы жас оқырмандарды Отанды сүюге, үлкендерді сыйлауға, ата-анаға, ағайын-туғандарды құрметтеуге, әрқашан адал болуға үйретеді.
«Бәкең балаларды ерекше жақсы көрді. Өмірінің соңына дейін балаларға арнап әңгімелер жазды. Қаламы жүйрік журналист, талантты жазушы болумен қатар қадірлі әке, аяулы жар атанды. Біз екі бала тәрбиелеп өсірдік. Жұмыстан шаршап жүрсе де, үйге күлімсіреп кіретін. Немерелерімен шахмат ойнайтын, қызықты әңгімелер айтатын. Ол ғұмырын газетке арнады. Қара басының қамын ойлаған емес. Даңқ, атақ, шен- шекпен алу үшін абыройын сатқан емес. Ол өз халқына, оқырмандарына адал қызмет етті», – дейді Дәмелі Бүркенқызы.
Бақыт Мұстафин дүниеден өткен соң қаламгердің адамгершілік қасиеті, кісілігі мен кішілігі талай мақалаға арқау болды. Ескірмейтін естеліктер жазылды. «Бақыт жаны жайсаң, білгір, таза адам еді. Түзде де, үйінде де осы қалпынан таймайтын. Отбасында да Бәкең өте қадірлі болатын. Аяулы жары Дәмелі екеуі өмірден өз жолдарын тапты», – депті замандасы Рүстем Уәйісов «Көңілден кетпейді» атты естелігінде. Соғыс ардагері Қасым Жүнісов «Замечательный человек» мақаласында былай деп жазады: «Бахыта знаю как хорошего семьянина, любящего супруга, заботливого отца. У него замечательная спутница жизни – Дамиля, чудесные дети. Все получили блестящее образование, специальность, нашли свою дорогу в жизни. У него было много хороших и верных друзей. В коллективе, который он возглавлял, Бахыт пользовался большим уважением и любовью. Нам приходилось встречаться семьями получать огромное удовольствие от кулинарного мастерства уважаемой хозяйки – Дамили, безграничного гостеприимства и радушия хозяина, уюта и душевного тепла их семьи». Рәмізтанушы, жерлесіміз Ербол Шәймерденов: «…Халқына, өзінің туған жеріне сіңірген еңбегі ерекше азамат, әлдебіреулердей бойын бұлдап, аспанға қарап адасқан емес. Қашанда ізгі қалпында. Абай атамыз айтқандай «ақырын жүріп, анық басқан», тіршілігімен көптің көңілінен шығып, адамгершіліктің асыл үлгісін танытудан танған емес. Менің білуімше, шығармашылық пен ізгілік – Бақыт Мұстафиннің бүкіл болмысын сипаттайтын егіз ұғым», – деп бағасын беріпті.
Қаламгер зейнет демалысына шыққаннан кейін М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде аға оқытушы болды. Теория мен тәжірибені ұштастыра отырып, студенттерді жазу өнеріне баулу мақсатында «Қазіргі газет жанрлары» деген оқу-әдістемелік кұрал жазды. Саналы ғұмырын жазу өнеріне арнаған қаламгердің жүрегі 2006 жылы соғуын кілт тоқтатты.
«Тағдырымның Бәкеңдей жақсы адаммен тоғысқаны үшін өзімді ең бақытты жан санаймын. Ардақты жанның жазған- сызғандарын, қолтаңбасы қалған дүниелерін көзімнің қарашығындай сақтап келемін. Олар маған әлемнің барлық байлығынан да қымбат. Бақыттың кітабы да шықты, еске алу кештері ұйымдастырылып тұрады. Орындалмаған бір ғана арманым бар. Көзім тірі кезде қаламыздағы бір көшеге Бақыт Мұстафиннің есімі берілсе деймін. Сол көшеде әрлі-берлі жүрсем арманым болмас еді», – деп сөзін түйіндеді жақсының жары.
Самрат ҚҰСКЕНОВ,
«Soltüstık Qazaqstan».