«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

НҰРМҰҚАНОВТАРДЫҢ НӘТИЖЕЛІ ІСТЕРІ

Есіл ауданындағы Бұлақ ауылының тұрғындары, ерлі-зайыпты Сұлушаш пен Келіс Нұрмұқановтар – нарық заманына қарай ешкімге жалтақтамай, күнкөрісін қосалқы шаруашылығынан тауып отырған отбасылардың бірі. Сұлушаш Балапашқызының айтуына қарағанда, кеңшарлар тарап жатқан кезде жұмыссыз қалдық деп жасымай, қалыптасқан жағдайға байланысты әрекет етуге көшкен. Алғашында үйдің бір бөлігін дүкенге айналдырып, күнбе-күнгі қажетті тауарлармен сауда жасаған.

– Отбасы жағдайына байланысты жұбайым Келіс Қамкенұлы екеуіміз де елден ұзап, оқи алған жоқпыз. Кеңшарда әртүрлі жұмыстарға араластық. Отағасы дәнекерлеуші болып еңбек етті. Үйелмелі-сүйелмелі төрт баланы қатардан қалдырмай, оқыту қажет болды. Сондықтан ата-баба дәстүрімен қайратымыз барда мал табуға кірістік. Оған Елбасының бастамасымен көрсетіліп жатқан мемлекеттік қолдау да септігін тигізді. 2001 жылы ауылда алғашқылардың бірі болып “Нұрмұқанова” жеке кәсіпкерлігін аштық, – дейді Сұлушаш Балапашқызы. Алғашқы несиеге 7 бұзау алып өсірген отбасы жан қиналмай, жұмыстың бітпейтіндігіне көз жеткізе түскен.  

Елбасының соңғы жылдардағы Жолдауларында шағын кәсіпкерлікті дамытуға ерекше назар аударылуда. Соған орай “Ауыл шаруашылығын қолдау қоры” мен “Даму” кәсіпкерлікті дамыту қоры” АҚ-лардың өңірлік филиалдары арқылы жүзеге асырыла бастаған бағдарламалардың шапағатын көргендердің бірі – осы Нұрмұқановтар отбасы.

– Зейнеткерлік жасқа жақындап қалсам да, жеке кәсіпкерлігімізді “Жандос” шаруа қожалығына айналдырып, 2012 жылы тамыз айында “Бизнестің жол картасы – 2020” бағдарламасы аясында қысқамерзімді курстан өттім. Жұбайым Келіс Қамкенұлы облыс орталығындағы политехникалық лицейде кәсіпкерлік негізіне арналған қысқамерзімді курста оқыды. Ұлым Жандос та Экономикалық даму және сауда министрлігі мен “Даму” қоры ұйымдастырған “Бизнес-Кеңесші” жобасы бойынша курсты аяқтады. Өзіміз жұрт қатарлы қара мал, қой-ешкі, екі құлынды бие ұстаймыз. Сол жылы аталмыш қордың қолдауымен өз үйімізді кепілге қойып, “Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020” бағдарламасының “Ауылда кәсіпкерлікті дамыту арқылы жұмыс орындарын құру және тірек ауылдарды дамыту” атты екінші бағыты бойынша 1 млн. теңгенің микрокредитіне қол жеткіздік. Оған екі құлынды бие және жемшөп сатып алдық, – дейді Сұлушаш Нұрмұқанова. Кәсіпкер аталмыш кредит 5 жыл мерзімге берілгенін, оны тоқсан сайын 85 мың теңгелік қаржымен қайтара бастағанын, ол 2017 жылы аяқталатындығын атап айтады.

– Екі жылдың ішінде қотандағы жылқы санын 20 басқа жеткіздік. Микрокредитті солар арқылы өтеп отырмыз. Биыл ауылдағы бір кездері газ баллондарын сақтаған тозығы жеткен ғимаратты аукцион арқылы сатып алдық. Соны жамап-жасқап, астық қоймасына айналдырдық. Жасымыз келсе де, қолымыздан келгенше үйдегі жеке кәсіпкер баламыз Жандосқа, облыс орталығында жұмыс істейтін ұл мен қызға көмек көрсетіп жатырмыз. Елбасымыз таяудағы “Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол” Жолдауында: “Шағын және орта бизнес пен іскерлік белсенділікті қолдау бойынша жұмысты жалғастыру қажет”, – деп алдағы үш жылда несие желілерін АДБ, ЕҚДБ, Дүниежүзілік банк есебінен тиімді пайдалануды ұсынады. Бұл шағын бизнесті дамытқысы келетіндер үшін зор қолдау болмақ. Тек соның тетіктерін шалғайдағы ауылдардың тұрғындарына кеңінен түсіндіру жұмыстарын белсенді жүргізіп, екінші деңгейлі банктер арқылы микрокредиттер беру жолдары жеңілдетіле түссе, осы саламен айналысқысы келетіндер саны көбейетіндігі сөзсіз, – дейді редакциямызға арнайы соғып, өздерінің отбасылық бизнесі жайлы ой бөліскен Сұлушаш Балапашқызы.

Нұрсайын ШӘРІП,

“Солтүстік Қазақстан”.

  Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp