«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

НҰРОТАНДЫҚТАР ЖҰМЫСТАРЫН ПЫСЫҚТАДЫ

Бұрнағы күні “Нұр Отан” партиясының облыстық филиалының саяси кеңесі бюросының отырысы өтті. Аталмыш саяси ұйымның облыстық филиалының төрағасы, өңір басшысы Ерік Сұлтановтың қатысуымен өткен отырыста партиялық жобалардың жүзеге асырылу барысы талқыланып, жұмысы сараланды.

Партияның облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Артур Молдағұлов жиналғандарды өткен жылы аталмыш саяси ұйымның конференциясында өңір басшысының берген тапсырмаларының орындалу барысымен таныстырды. Ал партияның Тайынша, Ғ.Мүсірепов атындағы, Тимирязев, Есіл аудандарындағы филиалдарының төрағалары мен бірінші  орынбасарaлары жүзеге асырылып жатқан жобалардың жай-жапсарын баяндады. Мәселен, Ғ.Мүсірепов атындағы ауданның әкімі Владимир Дудовтың айтуынша, мүгедектерді белсенді әлеуметтік өмірге тарту мақсатындағы “Кедергісіз келешек” жобасы бойынша өткен жылы 17 адам жұмысқа орналастырылса, биыл 14 адам тұрақты жұмыс тапқан. Ал “Бақытты балалық” жобасы аясында өткен жылы жетімдерге 2 бөлмелі пәтер берілген. Тимирязев ауданында әлеуметтік мәндегі ғимараттарды мүмкіндігі шектеулі жандардың кіріп, шығуы мен жүріп, тұруына ыңғайлы ету үшін үстіміздегі жылы 5 нысанды бейімдеу жоспарланған. “Жастар – Отанға” жобасы бойынша былтыр – 158, ал үстіміздегі жылы 15 жас жұмысқа орналастырылған. Осындай жұмыстар Тайынша мен Есіл аудандарында да қолға алынған. Тайыншалықтар партия филиалына тұрғын үй жағдайын жақсарту, әлеуметтік-тұрмыстық, зейнетақымен қамту сынды мәселелерін шешу жөніндегі өтініштермен келетін көрінеді.

Отырыс барысында саяси кеңестің мүшелері жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі қоғамдық кеңестің және партиялық бақылау комиссиясының құрамына өзгерістер енгізді. Сондай-ақ, бір топ партия мүшесі 26 сәуірдегі Президент сайлауы науқанына белсене қатысқаны үшін Елбасының алғысына ие болды

Арайлым БЕЙСЕНБАЕВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp