«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ: “АДАМ САЙЛАУҒА ӨЗ ХАЛҚЫНЫҢ ӨМІРІН ЖАҚСАРТУ ҮШІН ҚАТЫСУЫ КЕРЕК”

Кеше, 11 наурыз күні Астанадағы Тәуелсіздік сарайында Мемлекет басшысы, Партия көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалық етуімен “Нұр Отан” партиясының кезекті XVI съезі өтті.

Партияның кезекті съезінің жұмысына 2000-ға жуық адам қатысты. Олардың ішінде өңірлік конференцияда сайланған 1200-ден астам делегат, Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттары, мемлекеттік басқару органдарының, ұлттық холдингтер мен компаниялардың басшылары, ғылыми және шығармашыл зиялы қауым өкілдері, үкіметтік емес ұйымдардың жетекшілері, дипломатиялық корпус, халықаралық ұйымдар мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері бар. Тұңғыш рет съезге 20 пайызға жуық делегат бастауыш партия ұйымдарынан келіп отыр. Айта кетер жайт, бүгінгі күні 5600-ге жуық бастауыш партия ұйымы 850 мың мүшені біріктіріп отыр. Бұл – Қазақстанның әр тоғызыншы сайлаушысы деген сөз.

Съезде күн тәртібіне сәйкес сөз алған мемлекет және қоғам қайраткері, академик Кенжеғали Сағадиев Қазақстан Республикасы Президенттігіне үміткер ретінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевты ұсынды. Академик бүгінгі әлемдік ахуалға, жаһандық дағдарысқа тоқтала келе, мұндай жағдайда “ел тізгінін берік ұстайтын азаматты қазір сайлаудың маңызы зор екенін” жеткізді. “Сайлау өткізейік деген күннен бастап, елдің барлық өңірлерінде, зиялы қауым ортасында, кәсіпкерлер, мұғалімдер, дәрігерлер, шаруалар арасында, жалпы халқымыздың басым көпшілігінде Президент болуға лайық деп бір ғана адамның есімі айтылып, ұсынылып жүр. Ол – біздің “Нұр Отан” партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев”, – деді Кенжеғали Сағадиев.

Қазақстан Жазушылар одағының Батыс Қазақстан облыстық бөлімшесінің төрайымы, Халықаралық “Алаш” сыйлығының лауреаты, қоғам және мәдениет қайраткерi, ақын Ақұштап Бақтыгереева партия Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевты Қазақстан Президенттiгiне кезектен тыс сайлауға қатысуға шақырды. “Қасиеттi атамекеннiң, елiне кие, халқына ие болатын ұл кез келген кезде туа бермейтiнiне куә болдық, ол бақыт кез келгеннiң маңдайына жазыла бермейтiндiгiн де анық көрдiк. Бiз нар жүгiн, ел сенiмiн арқалайтын, елдiң ертеңiне деген өзiнiң жанпида өмiрi мен халқының алдында борышын дәлелдейтiн перзенттiң Нұрсұлтан Әбiшұлы Назарбаев екенiн көрдiк, бiлдiк, соны әлемге қайта мақтан етiп, айта келдiк. Қазақ даласының ғана емес, әлемнiң аузында “Нұрсұлтан – Қазақстан, Қазақстан – Нұрсұлтан” деген ұғым бар. Байлығы мол даламызды бүкiл әлемге танытып, басқа ұлттармен тереземiздi теңестiргенiңiз үшiн, бiздiң аспанымыздың ашық, өмiрiмiздiң бейбiт болуына өзiңiздi кепiлдiкке қойғаныңыз үшiн бүкiл халық Сiзге тағы да сенiм артып, Президенттiкке қайта сайлаймыз деп отыр, мен сол халықтың тiлегiн арқалап келiп отырмын”, – дедi ол.

Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары Анатолий Башмаков Қазақстан халқы Ассамблеясы “Нұр Отан” партиясы XVI съезінің Нұрсұлтан Назарбаевтың кандидатурасын Президенттікке ұсыну бастамасын қолдайтынын жеткізді. Анатолий Башмаков өз сөзінде қызмет бабымен еліміздің түрлі өңірлерінде жиі болатындығын атап өтті. “Мәселен, таяуда Солтүстік Қазақстан өңірінің тұрғындарымен кездестім. Олар болашақтарын тек Нұрсұлтан Назарбаевпен байланыстыратындығын Мемлекет басшысына жеткізуді өтінді”, – деді ҚХА Төрағасының орынбасары.

– Байтақ ел төрткүл дүниемен терезесін тең еткен өз Президентін қолдайды, – деді айтыскер ақын Бекарыс Шойбеков.

Мемлекет басшысы, Партия көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауына қатысатындығын мәлімдеді.

 “Akorda”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp