«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ: “АСТАНА – ЕҢ АЛДЫМЕН, АЗАТТЫҒЫМЫЗДЫҢ СИМВОЛЫ”

Қазақстандықтар үшін Елбасы мен елорда – егіз ұғым. Себебі, мемлекеттігіміздің мәйегі, дербестігіміздің дәйегі болып табылатын елордамызды Алатау аңғарынан Сарыарқаның төріне көшірген Елбасы дер кезінде бекем батылдықты көрсетті. Астананың қала ретіндегі әрбір жеткен жетістігі мен жемісін, қуанышы мен сүйінішін жүрегінен өткізіп, Алаштың жаңа бас қаласын қалыптастырған Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың елорда жайлы әр жылдары айтқан ойларын топтастырдық.

Астананы көшіруді Қазақстанның жаңа талпынысының бір белгісі деп қарадым. Алматыға қарасақ, жағдай анау. Таудың қуысына сыймай отырған қала, қыс ауасы көк түтін. Былай қарай шығайын десең, Қаскелеңге тірелесің, мына жағында Талғар. Баяғыда Ақмешіттен көшіп келгенде Іленің бойына жаңа қала салмақ болған вокзалының орнына дейін бар. Өте жақсы идея, бірақ жүзеге аспай қалған. Сонан болашақ астана бола алатын жерлерді қарастыра бастадым. Ел ортасы – Жезқазған. Жер жағдайы онша емес. Қарағандыны да, Көкшетауды да қарадық, айналып келгенде Есілдің бойында тұрған баяғы Геродот айтатын Батыстан Шығысқа баратын жолдың бойында жатқан Ақмолаға тоқтадық.  

* * *

Ашығын айтайын, бұл шешімнің біздің ұлттық қауіпсіздігімізге тікелей қатысы бар. Мыңдаған жылдар бойы ата-бабаларымыз мекен еткен қасиетті қазақ жерінің бір бөлігін – аяулы Сарыарқаны саяси саудаға салып, дарқан даламызды дау-дамайға айналдырғысы келетіндер бар кезде, солтүстіктегі шұрайлы өңірге суық көзінің сұғын қадайтындар бар кезде біз мына жылы жерде, әсем қала – Алматыда тыныш отыра алмас едік. Біз Алатаудың бауырына сыймай кеткен жоқпыз, қайта жер жәннаты Жетісуді қимай-қимай кеттік. Тарихтың қатал талабы осындай болды.

***

Бұл қала, Қазақстанның жаңа астанасы менің мақтанышым еді, сондықтан оның атауын сан құбылтуға жол бере алмайтын едім. Онда Ақмоланы қайта атаған, дәл айтқанда, қалай деп қайта атаған жөн? Ол атау қазақстандықтардың, еліміздің барша ұлты мен ұлысының ғана емес, кірпияз шетелдіктердің де көңілінен шығуы керек.

Шынын айтқанда, астананың атауын ауыстыру ұдайы ойымнан шықпай, ат іздеумен болдым. Сөйтіп жүргенде бір жолы….

Бір жолы түнде, дәлірек айтсам, сағат түнгі екіде Астана деген атау ойыма сап етіп, көкейіме қона кеткені. Астана дегеніміз – астана! Қазақша әдемі естіледі. Қомақты, ауыз толады, қысқа да нұсқа, әуезді. Орысша да, ағылшынша да солай естіледі. Бұл атауда батылдық, мығымдық және айқындық рең бар. Астана!

* * *

Әр елдің болашақ тағдырын айқындайтын тарихи кезеңдері болады. Сондай кезең біз үшін астанамыздың Сарыарқа төріне көшірілуі екенін уақыттың өзі дәлелдеп отыр.

* * *

Астана – ең алдымен, азаттығымыздың символы, Қазақстанның жаңа тарихының шынайы шежіресі, қарқынды дамуымыздың, қол жеткен табыстарымыздың, абырой-беделіміздің, береке-бірлігіміздің жарқын көрінісі.

* * *

Астана біздің Отанымыздың жүрегіне, халықты біріктірген ұлттық идеяға айналды, ол халықтың өз күші мен ұлы мақсаттарына деген сенімінің символына айналды.

* * *

Бүгінде Астана – бұл Қазақстанның жаңа тарихы жинақталған орын. Астананың мысалы арқылы біздің бүкіл мемлекетіміздің дамуы туралы пікір түюге болады.

* * *

Елорда – біздің республикамыздың күш-қуатының іске асуының, динамикалық дамуының және тұрақтылығының көрінісі. Астана барша қазақстандықтарды біріктіретін және алға қарай қадам басқан жарқын, қуатты, гүлденген қалаға айналды. Біздің елордамыз Отанымыздың жүрегі, халықтың өз күшіне сенімі мен ұлы тағдыр талайының символы болып табылады.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp