«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

НҰРҒА БӨЛЕП БІЛІММЕНЕН ЖЕР БЕТІН

Мұғалімдер күніне орай С.Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драма театрында ерекше мереке ұйымдастырылды. Білім беру саласының дамуына үлес қосып жүрген ұс­таздарды ұлықтауға арналған бұл жиын – шын мәнінде рухани мазмұны терең, жүрекке жылы тиетін маңызды іс-шара болды.

Мерекелік жиынның шымылдығы театрдың әсем безендірілген сахнасында жүргізушілердің әсерлі сөзімен ашылды. Алғашқы сөз кезегі облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетовке берілді.

– Ұстаз – әрдайым қадірлі және қас­терлі тұлға болып саналады. Ұстаз болу — тек кәсіп емес, білім мен тәрбиеге деген шынайы сүйіспеншіліктің көрінісі. Еліміздің болашағы – жастарды жақсы­лыққа баулуда мұғалімдердің қосатын үлесі орасан зор, – деді өңір басшысы Ғауез Торсанұлы.

Салтанатты шара барысында өз сала­сында ерекше жетістіктерге жеткен бірқа­тар мұғалім арнайы марапаттарға ие бол­ды. Ұстаздарға Құрмет грамоталары, Ал­ғыс хаттар табысталды. Бұл марапаттар – білім беру ісіне сіңірген адал еңбектің, жас ұрпақ тәрбиесіне қосқан үлестің лайықты бағалануы екені сөзсіз.

Іс-шарада Ұстаздар күні қарсаңында Президент Жарлығымен «Ерен еңбегі үшін» медалін алған Уәлиханов ауданын­дағы Мортық орта мектебінің математика пәнінің мұғалімі Гүлжан Сейітова мен Петропавл қаласындағы Жоғары құры­лыс-экономикалық колледждің арнаулы пәндер оқытушысы Саруар Базарбаеваға құрмет көрсетілді. Оларға берілген жоға­ры марапат – көп жылғы қажырлы еңбегі мен педагогикалық шеберлігінің, сондай-ақ оқушылардың білім деңгейін арттыру жолындағы үздіксіз ізденісінің жарқын нәтижесі.

– Жоғары марапат – шәкірттерін білім нәрімен сусындатуда қажырлы еңбек етіп жүрген бүкіл ұстазға көрсетілген құр­меттің белгісі, – деді Гүлжан Қапезқызы.

Салтанатты іс-шара концерттік бағ­дарламамен жалғасты. Өңірдің өнер ұжымдары көрерменге мерекелік көңіл күй тарту етті. Дәстүрлі және заманауи эстрадалық әндер, хореографиялық қо­йылымдар көрермен көңілінен шықты. Әсіресе оқушылар мен колледж студент­терінің дайындаған көріністері мен ұстаз­дарға арналған жүрекжарды өлеңдері сал­танатты кештің мәнін аша түскендей бол­ды.

Мерекелік іс-шараның мақсаты – тек марапаттау емес, ұстаздарға деген шына­йы құрмет пен алғыс сезімін білдіру. Ұс­таздық – мамандық қана емес, бұл – үлкен жауапкершілік пен жан дүниенің тазалы­ғын талап ететін миссия. Қоғамда мұ­ғалімдердің рөлі артып келе жатқан тұста осындай марапаттар олардың еңбегін ба­ғалап, шабыттандыра түсетіні сөзсіз.

Салтанатты іс-шара соңында көрер­мен сахна төріндегі өнерпаздарға қошемет көрсетіп, ыстық ықыласқа бөледі.

Назым ЕСІМ,

«Soltüstık Qazaqstan».

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp