
Еркін күрес шебері, солтүстікқазақстандық балуан Нұрқожа Қайпанов Алматыда өтіп жатқан күрес түрлерінен ел біріншілігінде чемпион атанды.
74 килограм салмақтың негізгі фавориттері үшеу еді. Олар – Нұрқожа Қайпанов, Нұрлан Бекжанов және Данияр Қайсанов. Үшеуі де әлем чемпионатының жүлдегері атанған апайтөстер. Нұрлан бұл атаққа 2016 жылы Будапештте қол жеткізген. Былтыр Нұр-Сұлтан қаласында өткен додада Нұрқожа күміс алса, Данияр қола медальды мойнына ілді. Бірақ ол кезде солтүстікқазақстандық балуан 70 килограм салмақта күрескен болатын. Бұдан бөлек, есімдері аталған өрендердің барлығы да құрлықтық деңгейдегі жарыстарда жасындай жарқырады.
Бірақ, алғашқы айналымнан кейін екі дүркін Азия чемпионы, Азия ойындарының күміс жүлдегері және Токио Олимпиадасы жолдамасының иегері Данияр Қайсанов жарысты жалғастырудан бас тартты. Себебі, бірнеше күн бойы оның белі ауырып, мазасызданған екен. Жарақатын асқындырып алмау мақсатында осындай шешім қабылдады. Осы жағдайды Нұрқожа Қайпанов ұтымды пайдаланды. Жуырда олимпиадалық салмаққа ауысқан жерлесіміз өзінің теңдессіз екенін тағы бір рет дәлелдеді. Қарсыластарының барлығын қапы қалдырған жерлесіміз финалдық белдесуде қызылордалық Қанат Мұсабековті 4:0 есебімен ұтып, жеңістің бірінші сатысына көтерілді. Ал астаналық Нұрлан Бекжанов пен алматылық Дархан Есенғали үшінші сатыларға жайғасты.
Тағы бір жерлесіміз – Сұлтан Бейісов 70 килограм салмақ дәрежесінде үшінші орынға ие болды. Бұл салмақта бас жүлде атыраулық Сырбаз Талғаттың еншісінде болса, шымкенттік Нұржан Сейітжан екінші орынға ие болды. Ал боз кілемде атыраулық Айдын Тәжіғали мен қарағандылық Ғалымжан Ибадулланы ұтқан Сұлтан Бейісов қола медальға қол жеткізді.