
Еркін күрестен әлем чемпионатының күміс жүлдегері, жерлесіміз Нұрқожа Қайпанов «Азияның үздік балуаны – 2019» аталымында жеңіске жетті.
Өткен аптаның соңында «Біріккен күрес әлемі» («United World Wrestling Asia») халықаралық ұйымының Азиялық кеңесінің атқару комитеті жыл үздіктерін марапаттады. «Instagram» әлеуметтік желісіндегі ресми парақшасында өткен онлайн шара барысында дауыс беру арқылы өткен жылдың үздік балуаны мен жаттықтырушысы және ең белсенді ұлттық федерация анықталған болатын. Бұл жолы Қорғаныс министрлігінің Спорт комитеті – Армия орталық спорт клубында әскери борышын өтеп жүрген жерлесімізге жеңіске жету оңай болмағаны анық. Дауыс беру қорытындысына сәйкес Нұрқожа Қайпанов пен Иран елінің өкілі Алиреза Карим 90 ұпайдан жинады.
Жеңімпазды әділ анықтау үшін әлем чемпионаттарында өнер көрсеткен салмақтары мен рейтингтік жарыстардағы жетістіктері ескерілді. Қос саңлақ та Италияның Сассари қаласында өткен рейтингтік турнирында жеңіске жеткен болатын. 92 килограм салмақта сынға түсіп жүрген Алиреза Карим 2019 жылы клубтық әлем чемпионатында үздік атанған. Ал солтүстікқазақстандық еркін күрес шебері Азия біріншілігінде 70 килограм салмақ дәрежесінде алтын медаль иеленсе, елордада өткен әлем біріншілігінде күміс жүлдегер атанған болатын. Сондай-ақ, петропавлдық өрен Қытайда әскерилер арасындағы бүкіләлемдік VII жазғы ойындарда да күміс жүлдегер атанған-ды. Сөйтіп, халықаралық ұйым Нұрқожа Қайпановты «Азияның үздік балуаны – 2019» атағына лайық деп таныды. Ал 80 ұпай жинаған әлем чемпионатының екі дүркін жүлдегері Баджранг Пуния үздік үштікті түйіндеді. Әр аталымның жеңімпазына 3 мың АҚШ долларының сыйақысы табысталатын болады.
Бір атап өтерлігі, КСРО-ның еңбек сіңірген спорт шебері, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы Дәулет Тұрлыханов 2017 жылдан бері «Біріккен күрес әлемі» Азиялық кеңесінің атқару комитетінің төрағасы болып қызмет атқаруда. Үндістанның Нью-Дели қаласында өткен шара барысында атқару комитетінің штаб пәтерін Оңтүстік Коеяның астанасы – Сеул қаласынан Алматыға көшіру мәселесі шешілді. Содан бері комитеттің кеңсесі Алматыда жұмыс істеп келеді.