«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Нәсіпжан АСҚАРОВА: “ЕРІКПЕН ӨТКЕН ӘР КҮНІМ КӨКТЕМ ЕКЕН”

Қызылжар өңірі – әдебиет пен өнерде, білім мен ғылымда сайдың тасындай небір сайыпқырандар, тарлан таланттар шыққан қасиетті мекен. Солардың бірі – Мағжан Жұмабаев ауданындағы Дүйсеке ауылының тумасы, есімі күллі қазаққа белгілі айтыс ақыны Ерік Асқаров. Өзі өмірден өтсе де, артына өшпес мұра қалдырған ақынның жары Нәсіпжан Асқаровамен әңгімелесудің сәті түскен еді.

– Нәсіпжан Медейқызы, қазақтың аяулы ақынының, айтыс дүлдүлінің жарысыз. Осындай ерекше жаратылыстағы адаммен өмір жолыңызды түйістірдіңіз. Бұл атақты қалай көтере алдыңыз?

– Бұл атақты Жаратушы Алланың маңдайыма жазған ерекше сыйы десем артық айтқандығым болмас. Мен Алаштың аяулы азаматының бірі, қазақ айтыс өнерінің дамуына өзіндік үлес қосқан Ерік Асқаровпен 17 жыл отасып, жұбайлық өмірдің қызығын да, қуанышын да, жүректі қарып өтетін ызғарын да, қиындығын да бірге өткердім. Бұл атақ маған сын болған сияқты. Өйткені, оның артында қалған ұрпақтарының анасы ретінде мен көп жағдайда атақ емес үлкен аманат арқалағандаймын. Егер Еріктің балалары, немерелері ана тілін қадірлесе, иманды, инабатты болса, әкелері сияқты халқының қамын ойлайтын азаматтар болып жетілсе, әрқайсысы өз ұрпақтарын осы қағида бойынша тәрбиелесе, сол кезде ғана айтулы ақынның жары деген атаққа лайық болармын.

– Ерік Асқаровтың адамгершілігі, кісілік келбеті жайлы оның көзін көрген адамдар әсерлі естеліктер, жүрекжарды жылы пікірлер айтады. Әйтсе де, ол кісі туралы өзіңізден артық білетін адам жоқ шығар. Жұрт өнеге қылып айтып жүрген Ерік Асқаровтың азаматтық тұлғасына, бітім-болмысына тоқталып өтсеңіз.

– Ерік туралы айтқанда оның көкейіне келген сөзді кейін жұтпайтын бірбеткейлігі, өзінен бұрын өзгеге жаны ашып тұратын мейірімділігі туралы сөз сабақтай беруге болар. Бойына осындай жақсы қасиеттерді тоғыстырған оның әрбір әрекеті азаматтық келбетін, адами бітім-болмысын байыта түседі. Жолы болмай, сәтсіздіктерге тап болып, қанша қиналып жүрсе де, үйге күліп кіретін, көңіліндегі кірбіңді балаларына сездірмеуге тырысатын.

Ол нағыз бақытты дүниемен, байлықпен өлшемеді. Қиналған, көмекке мұқтаж адамды көрсе үнемі қол ұшын созып, қамқорлық танытуға дайын тұрды. Еріктің қайырымдылығын көрген кейбір адамдармен той-томалақтарда, жиындарда кездесіп жүреміз, олардың айтқан алғыстарын, ізгі ниеттерін естіп бір қуанып қаламын. Мына бір оқиға әлі есімде. Көкшетау қаласында тұрамыз. Ондағы төрт бөлмелі пәтерімізді ауған соғысына қатысқан екі баласы бар бөтен адамға тегін бере салды.

Ол қамшының сабындай қысқа ғұмырында он шақты көлік мініп, соның бір-екеуін ғана аз ақшаға сатқаны есімде. Туыстарына, таныс адамдарына сыйлай салатын. “Volvo” деген кішірек қызыл машинасы болды. Соны он бес мың АҚШ долларына сатпақшы болдық. Сатып алуға бірінші келген адамның он бір мың ғана доллары бар екен. Саудаласпай, сол сомаға машинасын бере салды. “Сенің басқа ақшаң жоқ қой, мә, мынаны ал, немен жуасың”, – деп 100 долларын өзіне қайтып берді.

“Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын” демей ме? Қарғадайынан қасына ерткен шәкірті Бекболат Тілеуханов бүгінде ел ағасына айналды. Ұстазының өнегесін айтып жүреді. “Әкең өлсе де, әкеңнің көзін көрген өлмесін” деген қанатты сөз осындайда айтылады, бәлкім.

– Өмірдің өзіндей шынайы өлеңдерімен, жауһар жырларымен қалың қазаққа танылған бірегей тұлғаның артына қалдырған мұрасы мол. Олар көзі тірісінде бірнеше кітап болып та басылып үлгерді. Баспа бетін көрмеген, оқырман жүрегіне жетпеген туындылары да бар шығар?

– “Ақын Қасым Аманжоловтан кейін баспана тауқыметін тартқан – менмін”, – деп өзі айтқандай, өнердің қарашаңырағы Алматыдан Ерікке көзі тірісінде бір баспана арман болып бұйырмады. Содан кейін “атажұртымыз – Сырымбет” деп Көкшетауға қоныс аудардық. Аз да, көп те емес, жеті жыл сол өңірдің дәм-тұзын таттық. Кенжеміз – Еркөкше Көкшетауда өмірге келді. Біз өмір сүрген жеті жылдың ішінде тоғыз әкім ауысқан қаланың тұрмысы, тұрғындарының жағдайы айтпаса да түсінікті еді. Еріктің майшамның жарығымен жазған жырлары “Байбөрінің боздауы”, “Күрсіне берді Көкшенің бұлты арылмай”, “Көкшетауға Абылайдай хан керек”, “Жолаушының жолы жарты” сынды тақырып аясындағы туындылардан әрі аса алмады. Астананың Ақмолаға ауысқандығын естіп балаша қуанды. Ойланбастан Астанаға аттанды, жаңа қызметке орналасты. Көп ұзамай қаладан төрт бөлмелі пәтер алдық. Осылайша 43 жасында алғаш рет 8 шаршы метр жеке жұмыс бөлмесіне қол жеткізді. Еріктің сол кездегі қуанышын тілмен айтып жеткізу мүмкін емес еді. “Нәсен, енді мені мазалама, Алла жазса елу жасқа дейін елу томдық кітап шығаруым керек”, – дейтін. Жазу үстелінің үстінде баспаға әзірлеген бір томдық кітабы қалды. “Аэропорттан әрі – аспан” пьесасы және “Абыл атаның әулеті” романы, одан өзге көптеген естеліктері мен өлеңдері бар.

Біраз өлеңдеріне әндер жазылды. Мысалы, “Кірлеме менің жүрегім”, “Күзгі эллегия”, “Құлыншақтарым” өлеңдеріне есімі елімізге белгілі сазгер Еркеш Шәкеев ән жазды.

– Ерік Асқаров отбасында қандай жар еді?

– Бұл сұрағыңызға Ерікпен өткен әр күнім көктем екен деп жауап берер едім. Рас, отбасында Ерік қарапайым, жайлы болды. Тұрмыстық қажеттіліктерге жұмсауға берген ақшасын қайда жібердің, не істедің деп сұрамайтын. Ол отбасындағы ұсақ-түйек шаруаға араласпады. Өзінің міндетін білді. Ұлдарына мақтанып, “Міне, осындай әйел алыңдар”, – дейтін. Кейде мені “Сен менің асыл жарым, үш жүзден таңдап алған Нәсіпжаным!” – деп еркелетіп, мәз қылып қоятын. Мен Ерікпен отасқан он жеті жылда он жеті тиын тауып көрген жан емеспін. Әйелдің орны – отбасы, бала тәрбиесі деп білдім. Ерікпен бірге өткізген он жеті жылды көктем дейтінім де содан. Ал онсыз өткен он үш жылдың әрбір сәті сүреңсіз қыс, күңгірт күз сияқты жанымды жабырқатумен келеді.

– Қандай әке еді?

– Ол өте балажан еді. Балаларын тілмен емес қабақпен тәрбиеледі. Өте көпшіл болды. Тойға, қонаққа жиі баратынбыз. Жиналғандардың көңілін көтеріп, қыран-топан күлкіге кенелтіп отыратын. Егер “Ерік айтыпты…” деген әзіл, қағытпа әңгімелерін жұрттың аузынан жинасақ ол да өз алдына бір кітап болар еді.

– Айтулы тұлғаны есте қалдыру мақсатында болашақта іске асырмақ, көкейіңізде жүрген жоспарларыңыз бар ма?

– “Көзден кетсе де, көңілден кетпейді” деген дұрыс айтылған сөз екен. Онсыз өткерген 13 жыл мен үшін қиынға соқты. Оқырмандарына, шәкірттеріне де жеңіл емес деп ойлаймын. Оны қазақ халқының жүрегінде сақтау үшін, айтыстың алдаспаны болғандығын жас буын өкілдерінің, келер ұрпақтың санасына берік сіңіру үшін шығармаларын қайта жаңғырту қажет.

Әркімнің кіндік кескен туған жері бар. Сол қасиетті мекенді дәл Еріктей сүйген, жырлаған ақынды өз басым аз кездестірдім. Оның төртінші сыныпта оқып жүргенде жазған “Туған жер” деген өлеңі бар. “Мен ертең Қызылжарға тағы аттанам”, “Қызылжар”, “Қыс болса, Қызылжарға кеткім келер”, “Қызылжарда биыл тіпті қар қалың”, “Көргің келсе қар бұрқаған боранды”, “Барады ағып ерке Есіл” сияқты, тағы басқа өлеңдері өскен өңіріне арналған. Марғасқа Мағжан Жұмабаевтың 110 жылдық мерейтойына қатысу үшін Қызылжарға жол тарттық. “Нәсен, мен бір жақсы түс көрдім. Мағжан екеуміз ұшып жүр екенбіз”, – деді де, мәңгілік сапарға аттанды.

Қызылжарға жолым жиі түспесе де, жылына бір-екі рет барып тұрамын. Еріктің туған жеріне табанымды тигізіп, бір марқайып қайтамын. Еріктің туған, өмірден озған күндерін ұмытпай, өлеңдерін жатқа оқып, мектептерде, облыстық, қалалық кітапханаларда әртүрлі әдеби шаралардың өтуіне ұйытқы болып жүргендерін білемін. “Ерім” дейтін Қызылжардай қалың елі барда, Ерік ешқашан ұмытылмайтындығына сан мәрте куә болдым. Алдағы уақытта Мағжан Жұмабаев ауданындағы №4 қазақ орта мектебіне Ерік Асқаровтың есімі беріледі деп күтілуде. Болашақта Астана мен Қызылжар қалаларындағы көшелер Ерік Асқаровтың есімімен аталса деген игі тілек бар көңілдерде.

– Әңгімеміздің ауанын өзіңізге бұрсақ…

– Мен Қарағанды облысының Шет ауданындағы Ақсу-Аюлы ауылының тумасымын. Қарапайым отбасында тәрбиелендім, есейдім. Арман қуып Алматыға атандым. Алматыдағы республикалық эстрада және цирк өнері студиясын домбырамен ән салу мамандығы бойынша бітірдім. Содан кейін өзімнің туған ауылыма оралып, аудандық Мәдениет үйінің жанынан құрылған “Ақсу-Аюлы” ансамблінде жұмыс істедім. Бұл 1985 жыл болатын. 1986 жылы көктемде айтыс өнері қайта жаңғырып, әр облыстан таланттар іздеу үшін Жезқазғанға аттандық. Дүбірлі додаға Шет ауданының атынан үкілеп мені қатыстырды. Алматы телеарнасынан таланттарды іріктеу үшін облысымызға Жүрсін Ерманов пен Ерік келді. Осылайша біз бірінші рет Жарақ ауылында кездестік. Мен – жас әншімін, ол – жас ақын. Осы жасқа дейін қиялымдағы жігітті кездестіре алмай жүрген ару едім. “Көрдім де сені, кеттім мен оқыс оянып…” деп өзі жырлағандай, Ерікке бір көргеннен-ақ ғашық болып қалғаным жасырын емес.

– Әке жолын қуып жүрген балаларыңыз бар ма?

– Ерік екеуміз алты баланы тәрбиелеп-өсірдік. Қыздарымыз Айдана мен Айсана – тұрмыста. Бүгінде олар балалы-шағалы, Алматы қаласында тұрады. Үлкен ұлымыз – Сырым Ғ. Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында режиссер болып еңбек етуде. Бекзатымыз – мемлекеттік қызметші. Абылайханымыз Астанадағы өнер ордаларының бірінде музыкалық редактор болып қызмет атқаруда. Кенжеміз Еркөкшенің мамандығы – тарихшы. “Әкеге қарап – ұл өсер” демекші, балаларымыздың барлығы өнерге біртабан жақын. Лезде өлең шығару олар үшін қиынға соқпайды. Бірақ ешқайсысы ақындыққа түбегейлі бет бұрмады. Олардың өмірдегі сыздаған барлық жараның бетінде жүрулерін қаламағаным да рас.

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан

Нұргүл ОҚАШЕВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp