«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

НӘТИЖЕЛІ ӘРІПТЕСТІК

Өткен жылы М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті Қытайдың Солтүстік-Батыс ауыл және орман шаруашылығы университетімен әріптестік орнатты. Соның аясында зерттеулер мен тәжірибелер жүргізетін заманауи агротехнопарк ашылған еді. Жергілікті университетте өткен аспан асты елінің өкілдерімен ғылыми-тәжірибелік семинар өтіп, агротехнопарктегі алғашқы жұмыстар мен тәжірибе алмасудың нәтижелері қорытындыланды.

Агротехнопарктің аумағы бар болғаны 5 гектар болғанымен, әлеуеті жоғары. Бұл жерде агротехникалық факультеттің оқытушылары мен студенттері ауыл шаруашылығы дақылдарының суыққа төзімді, жаңа сұрпын өсірумен айналысуда.

– Өңірімізде жақсы өсетін ауыл шаруашылығы дақылдарын іріктеп алдық. Оларды селекциялық материал ретінде қолданып жатырмыз. Яғни, бидайдың, картоптың бірнеше сұрыптарын будандастырып, ең оңтайлысын шығармақпыз. Олар түрлі өсімдік ауруларына төзімді болуы тиіс, – деді М. Қозыбаев атындағы СҚМУ агротехнологиялық факультетінің деканы Алтын Шаяхметова.

Бүгінге дейін дақылдардың 18 сорты сыналса, 13-і өңіріміздің климатына төзімді болып шыққан. Заманауи зертхананы аралап шыққан Солтүстік-Батыс ауыл және орман шаруашылығы университетінің профессоры Жанг Джинмао жергілікті студенттер мен оқытушылардың бұл іске деген қызығушылығын жоғары бағалады. Келесі жылы сұрыптардың санын көбейтуге қатысты жоспарларымен бөлісті.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp