«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ОБЛЫСТА ЖАЛҒЫЗ ЖЫЛЖЫМАЛЫ ДӘРІХАНА БАР

Жылжымалы дәріхана ұғымы алғаш рет XX ғасырдың басында пайда болды. Мұндай бастаманың негізін қалаушылар – Еуропа мен АҚШ-тағы медициналық қызметкерлер мен фармацевтер. Олар шалғайдағы елді мекендерге дәрі-дәрмек жеткізудің маңыздылығын түсініп, арнайы фармацевтикалық көліктерді қолдана бастаған. Алғашқы мобильді дәріханалар негізінен соғыс уақытында және дағдарыс кезеңдерінде де халыққа медициналық көмек көрсету үшін қолданылған. Кейін бұл тәжірибе дамып, әсіресе Канада, Австралия, Ұлыбритания және Германия сияқты елдерде кеңінен тарады. Ауылдық аймақтар мен шалғай елді мекендердегі халықтың қажеттілігін ескере отырып, мобильді дәріханалар дәрі-дәрмекті тікелей жеткізу және медициналық кеңес беру қызметтерін ұсынатын тұрақты жүйеге айналды.

Қазіргі таңда әлемнің көптеген елдерінде мобильді дәріханалар халыққа медициналық қызмет көрсетудің маңызды бөлігіне айналған. Елімізде де бұл тәжірибе біртіндеп енгізіліп, денсаулық сақтау саласындағы қолжетімділікті арттыруға көмектесуде. Дегенмен Қазақстанның географиялық ерекшеліктері мен ауылдық жерлердегі халық санының аздығы бұл жүйенің қарқынды дамуын тежеп отыр. Әсіресе, халқы сирек орналасқан біздің өңірде бұл мәселе ерекше өзекті.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, өңірде 29 аурухана және 501 амбулаториялық-емханалық мекеме медициналық қызмет көрсетеді. Оның ішінде 12 аудандық аурухана, 58 дәрігерлік амбулатория, 41 фельдшерлік-акушерлік пункт және 397 медициналық пункт бар. Алайда мекемелердің барлығы бірдей дәріханамен қамтылмаған. Көптеген ауылдық елді мекендерде атымен жоқ. Бұл жағдай солтүстікқазақстандықтардың дәрі-дәрмекке қолжетімділігін күрделендіріп отыр. Мысалы, тұрғындар қарапайым суық тиюге қарсы немесе қан қысымын төмендетуге арналған дәрілерді алу үшін ондаған шақырым жол жүруге мәжбүр. Ал «Жедел жәрдем» көмегі барлық ауылға бірдей жылдам жете алмайды. Дәріханалардың жетіспеуі – облыстағы денсаулық сақтау саласының басты мәселелерінің бірі.

Бұл мәселелерді шешу үшін мемлекет тарапынан қолдау күшейтілуі тиіс. Бұл ретте, халық қалаулылары да жылжымалы дәріханалар желісін дамыту қажеттілігіне назар аударып отыр. Мәжіліс депутаты Жарқынбек Амантайдың пікірінше, жылжымалы дәріханаларды дамыту үшін жергілікті әкімдіктер тасымал шығындарын субсидиялауы тиіс екенін атап өтті. Баға бақылауы күшейтіліп, делдалдардың нарыққа енуіне жол берілмеуі керек. Сонымен қатар жылжымалы дәріханалардың қызмет кестесі нақты бекітілгені жөн.

– Тасымалдау шығындары дәрі-дәрмек бағасына әсер етпеуге тиіс. Ауылдарға жол шығыны алдын ала есептеліп, оны жергілікті бюджеттер көтеруі керек. Мысалы, еліміздің оңтүстік өңірлерінде халық тығыз орналасқан, есесіне ол жерлерде дәріханалар баршылық. Ал теріскейдегі Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Абай, Шығыс Қазақстан облыстарындағы кейбір ауылдардың шалғайлығы 300-400 шақырымды құрайды. Соған орай тасымал шығынын республикалық ортақ тарифпен белгілеу мүмкін емес. Аумақтар субсидиялауды өз аумақтық ерекшеліктеріне қарай жүзеге асырса құп. Бұл облыстардың бюджетіне көп салмақ салмайды, – дейді депутат. Аталған мәселені шешуде түрлі бастамалар көтерілгенімен, әлі түбегейлі шешімін тапқан жоқ.

Дәрі-дәрмек нарығы жыл сайын өсіп келеді. 2023 жылдың қорытындысы бойынша, Қазақстандағы фармацевтика нарығының көлемі 950 млрд. теңгеге жетті, оның ішінде 144,3 млрд. теңгесі отандық өндіріске тиесілі. Ал «СҚ-Фармация» ЖШС 437 млрд. теңгеге дәрі- дәрмек сатып алған. Нарықтың қарқынды дамуы шалғай ауыл тұрғындарының дәрі-дәрмекке қолжетімділігі мәселесін толық шешіп отырған жоқ.

Облыстық медициналық және фармацевтикалық бақылау департаментінің деректеріне сәйкес, қазіргі таңда өңірде тек бір ғана жылжымалы дәріхана жұмыс істейді. Департамент басшысы Батырхан Сарымсақовтың айтуынша, бұл дәріхана Жамбыл аудандық ауруханасы жанынан ұйымдастырылған.

– Жылжымалы дәріханалардың жабдықталуы ауылдық аймақтардың қажеттіліктеріне қарай жүзеге асады. Мұнда тұрғындарға қажетті анальгетиктер, антибиотиктер, антисептиктер, дәрумендер және алғашқы көмек көрсетуге арналған глюкометрлер, термометрлер, қан қысымын өлшеу құралдары сияқты медициналық жабдықтар ұсынылады. Бұл дәріханада екі маман – дәріхана меңгерушісі мен фармацевт тұрақты түрде жұмыс істейді, – дейді Батырхан Сарымсақов.

Өңірдегі жалғыз жылжымалы дәріханадағы дәрі-дәрмек бағасы тұрақты дәріханалардағы бағамен бірдей белгіленеді. Яғни, олардың құны Денсаулық сақтау министрлігінің №ҚР ДСМ-94 бұйрығымен бақыланады. Бұл бағалардың негізсіз өсуіне жол бермеу үшін мемлекеттік қадағалау жүргізілетінін білдіреді. Сонымен қатар «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» заңнамаға сәйкес, дәріханасы жоқ ауылдық елді мекендерді дәрілік заттармен қамтамасыз ету – жергілікті атқарушы органдардың құзыретіне кіреді. Бірақ ауылдардың аудан орталықтарынан алшақтығын ескерсек, бұл жалғыз жылжымалы дәріхана барлық сұранысты қанағаттандыра алмайды.

Сондықтан жылжымалы дәріханалар санын арттыру – өңірдегі денсаулық сақтау саласы үшін маңызды қадам. Егер бұл жүйе кеңейтілсе, шалғай ауылдардың тұрғындары дәрі-дәрмекке қолжетімділік мәселесі де шешіледі.

– Бұл мәселені шешуде ең басты кедергі – қаржыландырудың жеткіліксіздігі. Жылжымалы дәріханаларды ұйымдастыру үшін арнайы көлік, дәрі-дәрмектерді сақтау және тасымалдау жүйесі қажет, инфрақұрылымдық қиындықтар да айтарлықтай кедергі келтіруде. Ауылдық елді мекендердің көбінде жол сапасы нашар, ал қыс мезгілінде кейбіріне көлікпен жету мүмкін емес. Сондай-ақ заңнамалық шектеулер бар. Кейбір дәрілік заттарды тасымалдау мен сақтау қатаң нормативтік талаптарға бағынады. Содан кейінгі мәселе – кадр тапшылығы. Ауылдық жерлерде тұрақты түрде қызмет ететін білікті фармацевт мамандар жетіспейді. Бұл жылжымалы дәріханалардың тиімді жұмыс істеуіне кедергі келтіруде, – дейді облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Гүлнәр Сайлауқызы.

Еліміздің климаттық және географиялық ерекшеліктерін, сондай-ақ өңірлердегі халық санының аздығын ескерсек, ауылдық жерлерде фармацевтикалық пунктер ашу жеке бизнес үшін тиімсіз. Сол себепті, жылжымалы дәріханаларды дамытуға мемлекет тікелей араласуға мәжбүр. Бұл бағыттағы жұмыстарды жүйелі түрде жүргізу үшін қаржыландыру механизмдерін жетілдіру, инфрақұрылымдық мәселелерді шешу және заңнамалық өзгерістер енгізіп, жеке кәсіпкерлерді тарту сынды нақты шараларды жүзеге асыру қажет.

Бұл пікірді жергілікті «Семейная» дәріхана желісінің басшылығы да қолдап отыр. Аталған дәріхана желісі көп жылдан бері қызмет етіп келеді. Бүгінде желі Тайынша және Қызылжар аудандарында халықты дәрі- дәрмекпен қамтамасыз етіп отыр. Компания өкілдерінің айтуынша, егер мемлекет тарапынан нақты субсидиялар мен ынталандырулар қарастырылса, олар жылжымалы дәріхана жобасына қаржы салуға дайын. Алайда логистика және лицензиялау мәселелері бұл үдерісті қиындатып отыр. «Біз тұрғындарды дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге үлес қосқымыз келеді, бірақ логистикалық шығындар мен лицензиялауға қойылатын талаптар кәсіпкерлер үшін қиындық тудырады. Егер бұл бағытта мемлекеттік қолдау күшейтілсе, біз жылжымалы дәріханалар желісін дамытуға дайынбыз», – дейді дәріхана желісінің өкілі Оксана Захарова.

Дәріхана желісінің бұл бастаманы қолдауы жылжымалы дәріханалар жүйесінің маңыздылығын тағы бір мәрте дәлелдегендей. Егер жергілікті кәсіпкерлер мен мемлекет күш біріктірсе, бұл бастаманы кеңейтуге мүмкіндік туады. Осы мақсатта Денсаулық сақтау министрлігі арнайы заң жобасын ұсынды. Оның басты мақсаты – шалғай ауыл тұрғындарын сапалы дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету.

«Еліміздің климаты мен географиялық ерекшеліктерін, сондай-ақ өңірлердегі халық санының аздығы мен қашықтығын ескерсек, ауылда фармацевтикалық пункттің жеке бизнес тарапынан болуы аса ұтымды емес. Сондықтан бұл мәселе қазір өте өзекті. Жылжымалы дәріхана пунктеріне қатысты жобаны іске асыру туралы заң жобасы, ең алдымен, шалғайдағы ауылдық елді мекендерде сапалы дәрілік препараттардың болуы жөніндегі мәселені шешуге бағытталған», – деді денсаулық сақтау вице-министрі Ержан Нұрлыбаев.

Егер бұл заң жобасы қабылданса, әр ауданға кемінде бір жылжымалы дәріхана бөлініп, шалғай ауыл тұрғындарының дәрі-дәрмекке қолжетімділігі артады. Нәтижесінде ауылдар тұрақты медициналық қамту жүйесіне қосылады.

Ләзиза МЫРЗАНТАЙҚЫЗЫ,

«Soltüstık Qazaqstan».

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp