Сәбит Мұқанов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханада “Облыстық кітапханалар уақыт аясында” атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Шара кітапхананың оқырмандарына қызмет көрсетіп келе жатқанына 80 жыл толуына орай ұйымдастырылды. Жиынға облыс әкімінің орынбасары Фархад Қуанғанов қатысып, қатысушыларды айтулы датамен құттықтады.
Кітапхана алдында орнатылған жерлес жазушы, қоғам қайраткері Сәбит Мұқановтың ескерткішіне гүл шоқтары қойылып, тағзым етілді.
Сексен жылдық тарихы бар рухани ошақта 14 бөлім, 1 электронды кітапхана, 4 сайт, электронды каталог жұмыс істейді. “Қазақстан мен Ресейдің шекарадағы кездесулері” мега жобасының аясында құрылған электронды кітапхананың жұмыс істей бастағанына да он жылдан асқан. Ол еліміздің кітапханаларымен қатар Ресейдің Қорған, Омбы, Мәскеу қалаларымен де қоян-қолтық жұмыс істеуде. Бұған Қазақстан мен Ресей арасындағы ынтымақтастықтың арқасында қол жеткізілген.
Қазіргі күні кітапхана жылына 30 мыңнан астам адамға қызмет көрсетеді. Мекемеде еңбек ететін 72 адамның 53-і – кітапханашылар.
Мерейтой иелерінің қуанышына ортақтасқан Қазақстан Республикасы Ұлттық кітапханасының бас директоры Әлібек Асқаров:
– Кітап – өмір ұстазы. Оны оқымай өмірді білу, білім алу мүмкін емес. Кітаптан алған рухани нәр дәл бір темір мен тастан қашалып жасалған ескерткіштердей, ғасырлар бойына сақталады. Сіздер сол құндылықтарды таратушыларсыздар, – деп, ұжымның осы жылдарда атқарған қызметіне оң баға беріп, өзінің сый-сияпатын жасап, Мәдениет министрінің құттықтауын жеткізді.
Омбы облыстық кітапханасының директоры Александр Ремизов өз кезегінде әріптестеріне жылы лебізін білдіріп, ұжымға Омбы облысы министрінің Алғыс хатын табыс етті.
Республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция екі күнге созылды.
(Өз тілшімізден).