«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Облыстық мәслихаттың депутаты, “Құрмет” орденінің иегері Гюлага ИЛДЫРЫМОВ: “ӨЗІМДІ ҚАЗАҚСТАНДЫҚПЫН ДЕП САНАЙМЫН”

“Тағдырымның ділі де, діні де бір, тілі ұқсас, жаны жайсаң қазақ ағайындарымен тоғыстырғанына қуаныштымын”. Облыстық мәслихаттың депутаты, кәсіпкер Гюлага Илдырымов арманына қанат бітірген ақ қайыңдар өлкесі, ондағы сыйлы азаматтар жайындағы әңгімесін осылай бастады. Сұхбаттасу кезінде халық қалаулысын толғандыратын мәселелерге де қанық болдық. 

– Бала кезімде арманым көп болатын. Алайда, оларды Әзірбайжанда жүзеге асыру мүмкін болмады. Көпбалалы, ортақол шаруаның отбасында дүниеге келген баланың арманымен кім санасқан? Алаңдаушылықпен, ауыр жұмыспен өткен балалық шағымда қиындыққа мойымай, қажырлы еңбек етуді үйрендім. Ал 1984 жылдың көктемінде әскери борышымды өтеуге Қазақстанға жіберілдім.

Қазақстан жайында жасы 100-ге жеткен қарияларымыз көп әңгімелейтін. Сондықтан азаматтық борышымды өтеуге Қазақстанға аттанғанда кеудемді шаттық кернеп сала берді.

– Әскери борышыңызды өтеген соң Қазақстанда қалуға не себеп болды?

– Қазақтың сайын даласы, адамдардың мейірім шуағы жақын тартқаны соншалықты – шешім қабылдарда көп ойланған жоқпын. Бұл ел де қиын уақытты бастан кешірді. Алайда, мені өзгесің деп өзекке теппеді. Жергілікті тұрғындар арасынан жаны ізгі адамдарды жолықтырып, олардың шапағаты мен қамқорлығына бөлендім. Әсіресе, сол кездегі облыс әкімі Даниал Ахметов, Қазақстанның Еңбек Ері Геннадий Зенченко секілді беделді басшылардың тәлім-тәрбиесі, берген ақылы, көрсеткен ұлағаты шексіз болды.

– Кәсіпкер ретіндегі алғашқы қадамыңыз иесіз қалған жылыжай комбинатын сатып алудан басталғанын білеміз. Қиын-қыстау кезеңде Қазақстанның болашағына сеніп, нартәуекел іске бел буғанда кім қолдау көрсетті?

– Әскердегі қызмет мерзімі аяқталғаннан кейін бір жерде табан тіреу үшін облыс орталығына бет алғаным есімде. Бағым бар жанмын, тегінде. Тағдыр кәсіпкерлігін дөңгелетіп отырған Геннадий Зенченкомен табыстырды. Оның қарамағында жұмыс істей жүріп, Геннадий Ивановичпен жылыжай комбинатын Новоникольскіде салмақ болдық. Дағдарыс кезі еді. Қамқорлығына алған ағама салмағымды түсірмейін деп, қала шетінде иесіз қалған комбинатты сатып алуға бел будым.

Бертін Біріккен Араб Әмірлігі, Түркия, Әзірбайжан, Ресей елдерінің азаматтары өз елдеріне шақырып, түрлі ұсыныстар жасады. Алайда, Қызылжар өңірін ешқандай елмен алмастырғым келмеді. Маған қаражат емес, қайыңдарым қымбаттырақ екенін айттым.

– 1995 жылы Қазақстан халқы Ассамблеясының іргесі қаланғанда оның өңірдегі филиалын құруға атсалыстыңыз. Бұл үдеріс қалай өтті?

– Негізі қаланған қоғамдық институт өздерін ерекшеміз деп санап, басымдылықтарын көрсеткісі келетін этностарды сабасына түсіріп, барлығын тең етті. Тарыдай шашыраған ұлт өкілдерін бір шаңырақ астына жинап, олардың арасына достық дәнін сеуіп, қолдау көрсетті. 20 жыл бойы жасалған еңбектің нәтижесі баршаның көз алдында. Десек те, арқаны кеңге салуға болмайды. Себебі, ұлттардың ұйтқысына іріткі салатын бөтен ойлылар қашан да табылады.

Біздер кейде Батыс, Шығыс елдерін демократияның үлгісі ретінде дәріптеп жатамыз. Ал өз еліміздегі демократияға үңіліп көрдік пе? Мәселен, мен, әзірбайжан ұлтының өкілі, үшінші рет облыстық мәслихаттың депутаты болып сайландым. Менің округімде 7-8 кандидат болса да, облыс тұрғындары маған сенім артып, қолдады. Маған дауыс бергендер әзірбайжандар емес, қазақтар, орыстар, басқа да этнос өкілдері. Демократияның айқын көрінісін осыдан-ақ көріңіз!

– Сіздің ойыңызша, мемлекеттік тілді білу немесе білмеу мәселесін пікірталас алаңына айналдырмаудың жолы қандай?

– Бүгінде орыс тілі – этносаралық қарым-қатынас тілі екені баршаға аян. Солай бола тұра қазақтың тілі мен мәдениетін, салт-дәстүрін дамытуға атсалысып, мемлекеттік тілді қарым-қатынас тіліне айналдыру мәселесіне көңіл бөлу қажет. Егер әр қазақстандық мемлекеттік тілді жетік меңгерген болса, түсінбестіктің салдарынан туындайтын ұлттық мәселелер шешімін табады. Себебі, қарым-қатынас тілі бар жерде проблема жоқ.

– Өзіңіз қазақ тілін білесіз бе?

– Білем. Тек таң бозарып атқаннан күн батқанға дейін күнделікті күйбеңде негізінен орысша сөйлейтінімді мойындаймын. Тілді білу бір бөлек, әр адамның жүрегі сол тілге, сол елге деген махаббатқа толы болуы керек. Ал менің жүрегім махаббатқа толы. Он тілді білсең де, қоғамға пайдаң болмаса, білгеніңмен бөліспесең, жер басып жүрудің өзі қиын емес пе?

Өзімді қазақстандықпын деп санаймын. Менің отбасымның мүшелерінің құжатындағы ұлты деген бағанға қазақстандық деп жаздырттым. Себебі, менің кім екенім маңызды емес, ел үшін не істеп жатқаным маңызды.

– Облыстық мәслихат депутаты ретінде Сізді бүгінді таңда қандай мәселелер толғандырады?

– Біріншіден, аудандардағы білім және денсаулық салаларына, оларды білікті мамандармен қамтамасыз ету мәселесіне әлі де жеткілікті көңіл бөлінбей келеді. Толғандыратын тағы бір мәселе – облыс орталығының дренажды жүйесі сын көтермейді. Кезінде бұл қаланы саларда оның құрылымына мүлдем көңіл бөлінбеген ғой. Мәселен, 19 және 20 шағынаудандардың дренажды жүйесі жоқ десе де болады. Орталықта да солай. Ал олардың бәрін бір уақытта қамтуға мемлекеттің жағдайы келмейді. Бұл мақсатқа қаражат табылған жағдайда діттеген жеріне жеткенше қалған аз-мұз қаржы жыртықты жамауға да келмей жатады.

– Бала кезімде арманым көп болды дедіңіз. Олардың барлығы орындалды ма?

– Менің басты арманым туған ұлтыма пайда әкеліп, оларға қолдау көрсету болатын. Бұл өңірде облыстық ассамблеяның негізі құрылған уақытта туған Отанымнан алшақ жүріп-ақ арманымның орындалатынын түсіндім. Осындағы әзірбайжан азаматтарының басын қосып, алғашқылардың бірі болып өз орталығымызды аштық.

Ал өзге армандарымның барлығы да орындалды деп ойлаймын. Мен ең бақытты, ең бай адаммын. Сегіз балам бар. Олардың бірі үш түрлі қобыздың құлағында ойнайды. Екінші ұлым да халықаралық байқаулардың жеңімпазы. Бүгінде әр ер адамның міндеті саналатын шарттардың денін орындадым. Балаларымды тәрбиелеу ісіне үлкен көңіл бөлудемін. Ағаштарды да көп отырғыздым. Тек әлі үй салған жоқпын (күледі).

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан

Жадыра ЕСЕНГЕЛДІ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp