
Бұдан бұрын хабарланғанындай еліміздің Жоғарғы Сотында облыстық, аудандық және оған теңестірілген соттардың жұмысын үздік ұйымдастыру бойынша 2014 жылға арналған республикалық байқау-конкурстың жеңімпаздарын марапаттау рәсімі болып өтті.
Конкурс қорытындысы бойынша облыстық және оған теңестірілген соттардың арасында бірінші орынды Солтүстік Қазақстан облыстық соты иеленді.
Солтүстік Қазақстан облыстық соты алғаш рет республикада бірінші орынға ие болды.
– Бұл – біз үшін үлкен абырой әрі жауапкершілік. Сот төрелігін сапалы іске асыру үшін Елбасы тарапынан да, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты төрағасының тарапынан да барлық жағдай жасалған. Елбасы сот жүйесіне ерекше назар аударады, судьялардың сапалы жұмыс істеуі үшін барлық жағдай жасалған. Қазақстан Республикасының Президенті егемен Қазақстанның сот жүйесінің қалыптасуына зор үлес қосты. Нұрсұлтан Назарбаевтың салиқалы саясаты арқасында елімізде халықаралық стандарттарға сай сот жүйесі қалыптасты. Қазіргі таңда тез әрі сапалы сот төрелігін іске асыруды қамтамасыз ететін Қазақстан Республикасының сот жүйесі бар. Сотқа жүгінетін адамдар саны көбейгені – сот жүйесіне деген сенім артқанының дәлелі, – деді Солтүстік Қазақстан облыстық сотының төрағасы Мұратғали Әкетай.
Жоғарғы Соттың төрағасы Қайрат Мәми іс-шараны аша отырып, республика соттары жыл бойы өз жұмыстарын ұйымдастыруды жақсарту бойынша белсенді шаралар қабылдағанын атап өтті. Бұған Жоғарғы Сотқа өңірлерден келіп түскен алғыс хаттар мен жылы лебіздер айғақ. Әсіресе, соттардың жаңа электрондық сервистері халықтың зор қолдауына ие болғанын атап өткен жөн.
“Сот кабинеті” белсенді қолданылуда, сот актілерімен танысу рәсімдері және мемлекеттік баж салығын төлеу айтарлықтай жеңілдеді. СМС-хабарлама мен гибридтік пошта жүйесі енгізілді. Бұл сот шығындарын едәуір қысқарта отырып, процеске қатысушыларды хабарландыруды жеделдетуге мүмкіндік берді.
Соттарда электронды цифрлы қолтаңбаны қолдану іс жүргізу заңына өзгерістер енгізуге және қағаз түріндегі құжат айналымын қысқартуға ықпал етті.
Осы аталған барлық шаралар қолжетімділікті арттыру және соттың істі қарау мерзімін қысқарту мақсатында қолға алынып, азаматтардың мүддесін ескере отырып, іске асырылуда.
Қайрат Мәми конкурс қорытындысы бойынша жүлдегер атанған сот ұжымдарына алғысын білдіре келе, бұл марапат оларға жоғары жауапкершілік жүктейтіндігін атап өтті. Мұндай ынталандыру судьялар жұмысын анағұрлым сапалы ұйымдастыруға ынталандырады, олардың жауапкершілігін, халық сенімін арттырады.
Сот жұмысын үздік ұйымдастыру жөніндегі республикалық конкурсты Жоғарғы Сот Қазақстан Республикасының Судьялар одағымен бірлесіп, 2014 жылдың қаңтарында жариялаған болатын. Соттар қызметін ұйымдастырудың деңгейі мен сот төрелігін жүзеге асыру сапасын арттыру, электрондық сот іс жүргізуді енгізу, төрешілдікті жою, жұртшылықпен байланысты нығайту, республика соттарының оң тәжірибесін анықтау және оны тарату конкурстың басты мақсат-міндеті болып табылады. Соттардың қызметі келесі критерийлер бойынша бағаланды: сот ғимаратының жағдайы және безендірілуі, талдамалық жұмысты жоспарлау және жүргізу, істерді уақтылы және сапалы қарауды қамтамасыз ету, сот процестерін ұйымдастыру, сот ісін жүргізуде заманауи технологияларды қолдану, сот ақпаратына қолжетімділік.
Байқауда жеңімпаз атанған сот ұжымдары дипломдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Облыстық соттың
баспасөз қызметі.