«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ОБЛЫС МЕКТЕПТЕРІ ҚАШЫҚТАН ОҚЫТУҒА ДАЙЫН

Кезекті жазғы демалыс артта қалып, жаңа оқу жылының басталуына да санаулы күндер қалды. Осыған дейін де хабарланғандай, биыл мектеп оқушылары мен студенттер қашықтан білім алуды жалғастырады. Алайда, ауылдық жерде орналасқан кей мектептер штаттық режімде жұмыс істейді. Бұл жайлы «Qyzyljar» телеарнасының тікелей эфирінде өткен жаңа оқу жылына дайындық барысына арналған баспасөз мәслихатында облыс әкімі Құмар Ақсақалов мәлімдеді.

 Соңғы жылдары өңір оқушыларының сапалы білім алуына қолайлы жағдай жасау үшін білім ордаларын күрделі жөндеуге ерекше назар аударылуда. Өткен жылы осы бағыттағы жұмыстармен 142 мектеп қамтылса, биылғы оқу жылына қарсы 107 білім ордасы күрделі жөндеуден өтті. Осылайша, соңғы екі жылдың өзінде облыс мектептерінің жартысы жаңарып, оқушылар үшін басты талап болып саналатын жылы, жарық, жайлы жағдай жасалды. Заманауи талаптарға сәйкес үш жаңа оқу орны салынып жатқанын тілге тиек еткен өңір басшысы Құмар Ақсақалов биылғы оқу жылында «Жас өркен» шағынауданында 900 орындық және Қызылжар ауданындағы Бескөл ауылында 300 орынға шақталған мектептер жұмыс істей бастайтынын жеткізді. «Өңір мектептері бейнебақылаумен толық қамтамасыз етілді. Оқу орындарының көлік паркі 43 автобуспен толықты. Сонымен қатар 231 мектепке жиһаз және 324 білім ордасына спорт құралдары сатып алынды. Компьютерлер де жаңартылып, облыс мектептері соңғы үш жылда 1600 бірлікпен қамтамасыз етілді. Биыл карантин кезінде үнемдеу есебінен 580 компьютер сатып алынып, оқушыларға таратылған болатын. Оған қоса, тағы 14 мың бірлік ноутбук, компьютер және планшет алу жоспарланып отыр», — деген облыс әкімі Құмар Ақсақалов үстіміздегі жылы сатып алынатын техника соңғы он жылдағы компьютер санымен тең екеніне назар аударды. Өйткені, қашықтан оқу үрдісін тиімді жүзеге асыру үшін мұғалімдер мен оқушыларға мүмкіндік жасау маңызды. Сондықтан сатып алынған компьютерлер балаларға таратылмақ. Осы орайда, табысы төмен отбасыдан шыққан, жетім және ерекше жұмыс істеуді қажет ететін балалар басты назарға алынады. Ал 373 мұғалімге уақытша пайдалану үшін компьютер беріледі.
Биылғы оқу жылында облыстағы балабақшаларда бір топта 15 баладан аспайтын кезекші топтар жұмыс істемек. Онда ата-аналары жұмыс істейтін балалар қабылданып, өңіріміздегі эпидемиялық жағдай жақсарған кезде біртіндеп басқа топтар да ашылатын болады.
Ал орта білім беру мекемелерінің жұмысына тоқталсақ, облыста 477 мектепте 75 мыңнан астам оқушы білім алуда. Карантин талаптарына сәйкес, биыл мектеп оқушылары қашықтан оқуды жалғастырып, оқушылар білім күніне арналған салтанатты шараға да онлайн қатысады. Алайда, ауылдық жерде орналасқан 318 шағын жинақты білім ордасы оқу үрдісін штаттық режімде өткізеді. Облыс әкімі Құмар Ақсақалов бұл жағдайда бір сыныптағы оқушы саны 15 баладан аспауы тиіс және олар екі ауысымда оқиды деген талаптар қатаң сақталуы тиіс екендігіне назар аударды. Ал қашықтан білім беретін мектептерде ата-аналардың өтініші бойынша 2 мың кезекші топ ашылады. Балаларды қажетті оқулықтармен қамтамасыз ету үшін тиісті қаржы бөлінді.
Былтырғы оқу жылында қашықтан оқыту барысында туындаған басты мәселе – ауылдық жердегі интернет сапасының төмендігі. Бүгінде облыстағы 635 елді мекеннің 437-сі кең жолақты интернетке қосылған. Өңір басшысының айтуынша, биыл тағы 133 ауылды сапалы интернетпен қамту жоспарланып отыр. Ал жалпы облыс мектептерінің 96 пайызында жоғары жылдамдықты интернетке қосылуға мүмкіндік бар. Сонымен қатар шалғай ауылдар үшін 1,5 мың роутер мен USB-модем сатып алынып, табысы төмен отбасылардың балаларына беріледі. Балалар «Еларна» және «Әл-Фараби» арналарында көрсетілетін телесабақтар арқылы қосымша білім ала алады.
Мектеп ұжымы мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында білім беру мекемелерінде санитарлық шаралар күшейген. Бұл үшін ең алдымен, тепловизорлар, санитайзерлер мен дезинфекциялық құралдар сатып алынуда.
Қыркүйек айынан бастап облыстағы үш колледж қашықтан жұмыс істесе, 12-сі аралас оқыту жүйесіне көшеді. Ал ауылдық жерде орналасқан он білім ордасы штаттық режімде болашақ мамандарды тәрбиелеуді жалғастырады. Қосымша білім беру ұйымдарында бес адамға дейінгі шағын топтарда жеке сабақтарды өткізуге рұқсат етілген.
Жаңа оқу жылына дайындық барысы жөнінде баяндаған облыс әкімі Құмар Ақсақалов білім беру саласындағы кадр тапшылығының толық шешілгенін жеткізді. «Соңғы үш жылда өңір педагогтерінің қатарын 1390 жас маман толықтырды. Биылғы оқу жылында тағы 315 жас мұғалім жұмысқа кіріседі деп күтілуде. Қашықтан оқыту форматы – оқушылар үшін ғана емес, мұғалімдерге де үлкен сын. Сондықтан педагогтерге көмек ретінде «Қашықтан оқимын» онлайн курсы әзірленді. Қазірдің өзінде үш мыңға жуық ұстаз даярлықтан өтіп, жаңа оқу жылына дейін тағы он мыңға жуық педагогті қамту жоспарланып отыр», – деген өңір басшысы осы қиын кезде ата-аналар балаларының оқу үлгерімін қадағалауды ұмытпауы тиіс екенін айтты. Бұл үшін ата-аналарға арналған онлайн курстар да қарастырылған.  

 

Сурет: https://express-k.kz/

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp