«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ОБЛЫС НАМЫСЫН ҚОРҒАЙДЫ

Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі жыл сайын “Қазақстанда іске асырылатын үздік әлеуметтік жоба” республикалық конкурсын өткізеді.

Бұл жоба мүмкіндігі шектеулі адамдарға, қоғамдық бірлестіктерге қолдау көрсету, халықтың әлеуметтік осал топтарының өмір сүру деңгейін көтеру мақсатында ұйымдастырылады және ұсынымдық сипатқа ие. Конкурс барысында тек бәсекелестік қана емес, жаңа таныстар пайда болды. Жобаға қатысушылар шыңдалып, ал байқаушылар өзгенің тәжірибесін үйренеді.

Биыл конкурсқа қатысушылар қатарында қаржыландыру көзіне қарамастан халықты әлеуметтік қорғау жүйесінде қызмет атқарып отырған қоғамдық бірлестіктер, мүгедектердің ұйымдары, басқа да мекемелер мен ведомстволар, жеке тұлғалар және басқа үкіметтік емес ұйымдар болды.

Тамыз айында өңірлік конкурс болып, оған қатысуға ниет білдіргендер аз болған жоқ. Іріктеу турында 21 әлеуметтік жоба қаралды. Барлық үміткерлер қатаң іріктеуден өтті.

Жұмыс комиссиясына келіп түскен барлық өтінімдерді мынадай бағалау өлшемшарты бойынша қарады: жобаның өзектілігі мен әлеуметтік маңыздылығы; жобаны сапалы жоспарлау (іс-шараларды жобаның мақсаты мен міндеттеріне сәйкес нақты іске асыру); жоба нәтижесінің қолжетімділігі; осыған ұқсас жобаларды іске асыру тәжірибесінің болуы (ағымдағы жобаны жалғастыру және кеңейту); қосымша қаржыландыру көздерінің болуы (гранттар, қайырымдылық, әлеуметтік тапсырыс, өз қаражаты); жобаны іске асыруға еріктілерді тарту және т.б.

Әлеуметтік жобалардың тұсаукесері барысында комиссия назарына мүгедектерді қоғамға кіріктіруді қамтамасыз ету қызметіне қатысты материалдар ұсынылды. Жуырда облыс әкімінің орынбасары Анархан Дүйсенованың қатысуымен облыстық конкурстың ақтық туры өтті. Қатысушылар грамоталармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды. “Жарқын әлем” жобасында Қызылжар ауданының өкілі Руслан Растенов жеңімпаз деп танылды. Ол республикалық конкурсқа қатысып, облысымыздың намысын қорғайды. Сондай-ақ, алты қатысушы бағалы сыйлықтарға ие болды.

(Өз тілшіміз).

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp