Өңір басшысы Құмар Ақсақалов жылдағы дәстүр бойынша мәслихат депутаттарымен кездесіп, жыл басынан бергі жеті айдағы өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму барысы, алдағы міндеттер туралы кеңінен баяндап берді.
Облыс әкімінің айтуынша, биылғы жыл әлем үшін сынаққа толы болды. Пандемия душар еткен проблемаларға қарамастан, негізгі салалар бойынша жеті ай ішінде тұрақты даму көрсеткіштеріне қол жеткізілді. Тұтастай алғанда, өнеркәсіптің дамуы жағымды көрсеткіштерге ие. Республикада ең алдыңғы орындамыз. Сол сияқты ауыл шаруашылығы, құрылыс және инвестиция тарту жөнінен де көш бастаушылар қатарындамыз. Жыл аяғына дейін осы басымдықты сақтаудың барлық мүмкіндіктерін қарастыру қажет. Бүгінгі күні өңір бюджеті 324 млрд. теңгені құрайды. Осы мерзім ішінде бюджет түсімінің мөлшері едәуір ұлғайды.
Ауыл шаруашылығын озық технологиялар негізінде өркендетудің ішкі резервтері жетіп артылады. Бұл сала бойынша өндірілген өнім көлемі 103, 9 млрд. теңгені құрады. Бұл – жақсы көрсеткіш. Осы қарқын одан әрі ырғақты түрде жалғасын табуы тиіс. Соңғы 3 жылдың ішінде ғана агроөнеркәсіптік кешенге 260 млрд. теңге инвестиция тартылды. Жыл басында бұл көрсеткіш 61,8 млрд. теңге ғана болатын. Ауыл шаруашылығы дақылдарының көлемі 4,3 млн. гектарға дейін көбейтіліп, майлы-бұршақты дақылдарды көптеп өсіруге басымдық берілді.
“Қазірдің өзінде егіншілікті әртараптандыру бағдарының дұрыстығына айқын көз жеткізіп отырмыз. Астық берекелігін арттырудың жолдары көп. Тек жайлы ауа райына сену жеткіліксіз. Бұл орайда егістік алқаптарын минералдық тыңайтқыштармен құнарландыру дәннің шығымдылығына оң әсер ететінін озық шаруашылықтар тәжірибесі байқатып жүр. Биыл 2,3 млн. гектар жерге 130 мың тонна қоректік заттың сіңірілуі жақсы нәтижесін берері сөзсіз”, – деді Құмар Іргебайұлы.
Мал шаруашылығына тоқталған ол бұл саладағы қол жеткен жетістіктерді де саралап берді. Мал өнімдерінің ішінде ет өндіру – 105, сүт – 104, жұмыртқа 104 пайызға молайған. Қазір 80 тауарлы-сүт фермасы жұмыс істейді. 18 кешен озық цифрлық әлеуетке ие. Жыл аяғына дейін жалпы құны 14 млрд. теңгеге тағы 10 сүт фермасы құрылады. Оларда 6200 сиыр сауылып, жылына 30 мың тонна сүт сауылмақ. 220 адам тұрақты жұмыспен қамтамасыз етіледі. Ал келесі жылы 20 сүт кешенінің құрылысы басталады.
Биыл индустрияландыру бағдарламасын жүзеге асырудың үшінші бесжылдығы басталғаны белгілі. Жыл аяғына дейін 15 млрд. теңгенің 9 жобасы іске қосылып, 743 жұмыс орны құрылады. Қаңтар-шілде айлары аралығында өнеркәсіп өндірісі 8 пайызға өсті. Бұл бағытта да қыруар шаруалар күтіп тұр. Бірқатар үзілістен соң “ЗИКСТО” АҚ-ы өз қызметін қайтадан жандандырып, өнім өндіру көлемінің 8 млрд. теңгеге дейін жеткізілуі – өте құптарлық қадам. Мұнда еліміз үшін аса қажет вагон жабдықтары құрастырылады. “Киров атындағы зауыт” технологиялық жаңғырту үрдісін өткізгеннен кейін көпқабатты баспа платаларын шығаруға кірісті. Өткен жылға қарағанда өнім өндіру көрсеткіші 16 пайызға артып, тапсырыс мөлшері 38 млрд. теңгені құрап отыр. Былтыр облыс аумағында құрылған “Qyzyljar” әлеуметтік-экономикалық аймағы өз жұмысын бастады. 2022 жылы пайдалануға берілетін 510 төсектік көпбейінді аурухананың қатысушысы – “ATV PETROPAVLOVSK HOSPITAL”, ал құрылтайшысы – түріктің “YDA Holding” компаниясы. Германияның “CLAAS” ірі фирмасын инвестор ретінде тарта отырып, осызаманғы ауыл шаруашылығы техникаларын шығару жобасын жүзеге асыру өңірдің ішкі нарығымен бірге экспорттық әлеуетін де нығайтары сөзсіз. “Петропавл трансформатор зауытының” да болашағы зор. Жылына 12 мың дана өнім шығарылып, жартысына жуығы шетелге жіберіледі. 300 адам тұрақты жұмысқа тартылады. Жобаның құны – 7 млрд. теңге. Келесі жылы іске қосу белгіленген.
Тұтастай алғанда, облыс экономикасына 119,7 млрд. теңге инвестиция тартылса, 75,8 пайызы жеке компанияларға тиесілі. Сыртқы инвестиция көлемі 8,5 млрд. теңгеге жетіп, екі есе ұлғайғаны байқалады. Жыл өткен сайын шетелдік қаржыгерлердің қызығушылығы артып келе жатқанын айта кеткен жөн. Қытайдың “Айцзюй” компаниясы 2016 жылы майлы дақылдарды тереңдетіп өңдеумен айналысатын “Тайынша Май” кәсіпорнын тұрғызып берді. Түрік инвесторлары тартылған “Солтүстік фанер комбинаты” Қазақстандағы тұңғыш, ал Орта Азиядағы ең ірі өндіріс орны саналады. 50 пайызы экспортқа бағдарланған өнімді жасауға жергілікті қайың ағашы қолданылады. Өңірдің әлімсақтан көрші елмен тарихи-жағрапиялық орналасу ерекшелігі ескеріліп, біріккен кәсіпорындар құруға да баса көңіл бөлініп отыр. Оның бір мысалына “Cool Infinity” Ресей – Қазақстан кәсіпорнын айтуға болады. Былтыр 20 термос-вагон шығарылып, сапалық жағынан жоғары бағаланса, алдағы жылдық көрсеткіш 1200 вагонға дейін жеткізілмек.
Облыс тұрғындары үшін өзекті мәселелердің бірі – жайлы баспана екенін Құмар Іргебайұлы ашық айтты. Биыл 303,4 мың шаршы метр тұрғын үй немесе 3 мың пәтер салынады. Сөйтіп, 11 мың адам тұрғын үй-жайларын жақсартуға мүмкіндік алады. Олардың 126-ы – көпбалалы отбасылар. “7-20-25” бағдарламасы аясында 820 пәтер пайдалануға беріледі. Бүгінгі күні 660 баспанаға берілген өтінім қанағаттандырылды. Дегенмен, құрылыс материалдарының дені сырттан әкелінетіндіктен, тұрғын үй құнына белгілі дәрежеде әсер ететіні рас. Құрылыс ұйымдары үшін, әсіресе, кірпіш өте тапшы. Осы қажеттілікті өтеу мақсатымен инвесторлар Қызылжар ауданында кірпіш зауытын салуға кірісіп кеткен. Бөлінген инвестиция – 1 млрд. теңге. Тәуліктік қуаттылығы – 150 мың дана.
Облыс аумағындағы жолдардың үштен бірі қанағаттанғысыз күйде. Биыл жөндеу жұмыстарына 39,1 млрд. теңге жұмсалмақ. Сонда жолдардың сапалық деңгейі 69 пайызға жетіп, 150 елді мекенде тұратын 117 мың тұрғынның әрлі-берлі жүру қатынасы жеңілдейді. Сумен жабдықтау да – тез арада шешімін табуы тиіс шетін мәселелердің бірі. Бүгінгі күні 396 ауылда (62,4 пайыз) тұратын 254 мың адамның ғана сапалы тіршілік нәрін тұтынатыны біраз жайтты аңғартса керек. Бұл жолы маңызды салаға 8,7 млрд. теңгенің бөлінгені, ұзындығы 232 шақырым су жүйесі құбырлары жөнделетіні, нәтижесінде 76 ауылдағы 60 мың тұрғын талапқа сай ауызсуды тұтынатыны көңілге қуаныш ұялатады. Өңір басшысының баяндамасында айтылғандай “Қарапайым заттар экономикасы” бағдарламасына жеңілдікті несиелеу механизмі енгізілгендіктен, орта және шағын бизнес өкілдерінің қатысу белсенділігі арта түскені байқалады. Осы кезеңге дейін 18,3 млрд. теңгенің 131 жобасы мақұлданып, 650 жаңа жұмыс орны құрылады.
Құмар Ақсақалов әлеуметтік саясат, жұмыспен қамту, білім беру, денсаулық сақтау салаларына да тоқталып, алда атқарылатын нақты міндеттерді белгіледі. Жиын соңында сөз алған депутаттар атқарылған істерге көңілдері толатындарын жеткізді.
Өмір ЕСҚАЛИ,
“Soltústik Qazaqstan”.
Суреттерді түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.