
Халқымыздың аса көрнекті тұлғалары Мағжан Жұмабаев, Смағұл Сәдуақасов, Сәбит Мұқанов басшылық еткен және беттерінде бірқатар көрнекті ақын-жазушылар мен журналистердің қолтаңбалары қалған “Кедей сөзі” – бүгінгі “Солтүстік Қазақстан” газетінің тұңғыш нөмірі оқырман қолына тигеніне 95 жыл толғалы отыр. Бұл – облысымыздың қоғамдық-саяси және мәдени-рухани өміріндегі елеулі оқиға. Өйткені, Қызылжар өңірінде мемлекеттік тілде шығарылып келе жатқан бірден-бір облыстық басылым редакциясының ұжымы қай кезде болсын өзіне жүктелген маңызды міндеттер үдесінен көрініп, заман талабына сай абыроймен қызмет атқарып келеді. Сондықтан да қалың оқырман қауым “Солтүстік Қазақстан” газетін облыс өмірінің шынайы шежіресі, алғаш жарық көрген күнінен бастап ұлттық рухымызды асқақтатып отырған қастерлі қарашаңырақ деп құрмет тұтады.
Газет редакциясының шығармашылық ұжымы, әсіресе, еліміз Тәуелсіздік алғаннан кейін бұқаралық ақпарат құралдарына берілген сөз бостандығы жағдайында айқын да мемлекетшілдік бағыт ұстанып, Тұңғыш Президентіміз – Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың салиқалы ішкі-сыртқы саясатын жан-жақты насихаттауға, Мемлекет басшысының бастамасымен елімізде жүзеге асырылып жатқан түбегейлі реформаларды жүйелі де терең жазып көрсетіп, халыққа түсіндіру ісіне, өз ұлтымыз бен Қызылжар өңірін мекендеген барша этностардың мәдениеті мен өнерін өркендетуге, мемлекеттік тіліміздің қолданыс аясын кеңейтіп, оны қоғамды біріктіруші факторға айналдыруға аянбай атсалысып, айтарлықтай үлес қосып келеді.
“Солтүстік Қазақстан” газетінің журналистері өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарындағы өтпелі кезеңнің қиындықтары туралы шыншылдықпен жаза отырып, барша халықты Тұңғыш Президентіміздің төңірегіне топтасып, аса күрделі жағдайда қолға алынған экономикалық және әлеуметтік реформаларды табысты жүзеге асыруға белсенділікпен атсалысуға, сын сағатта төзімділік танытып, алдағы күнге сенім артып, тұйықтан шығар жол іздеуге, қайткенде де ата-бабаларымыз армандаған қасиетті Тәуелсіздігімізді нығайтуға шақырды. Бұл редакциядағы зиялы қауымның Алаш арыстарының өсиеттеріне адалдығының айғағы, саяси-рухани кемелдігінің белгісі еді. Міне, Қызылжар өңірінің қастерлі қарашаңырағында қалыптасқан осынау асыл дәстүр қазіргі алмағайып кезеңде де лайықты жалғасын тауып, шығармашылық ұжым әрдайым парыз бен парасат үдесінен табылатындығына еш күмәніміз жоқ.
Басылымды шығарушы “Қызылжар-Ақпарат” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің құрылтайшысы ретінде облыстық әкімдік тарапынан “Солтүстік Қазақстан” газеті редакциясы ұжымының шығармашылықпен жұмыс істеуіне барынша жағдай туғызылып келеді. Он мыңнан астам тұрақты оқырманы бар газетімізге мұндай қамқорлық алдағы уақытта да кемімейтіндігін айта отырып, шығармашылық ұжымнан тың ізденістер, жаңа бастамалар мен көкейкесті жарияланымдар күтеміз.
95 жылдық бай тарихы бар газетіміз алдағы уақытта да солтүстікқазақстандықтардың рухани көшбасшысы міндетін мінсіз атқарып, елдік пен бірлік туын биік желбірете бергей!
Ерік СҰЛТАНОВ,
Солтүстік Қазақстан облысының әкімі.