
Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Іргебайұлы Ақсақаловтың 2020 жылғы 15 мамырдағы өкімімен және Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің келісімі бойынша Ғани Сақтағанұлы Нығыметов облыс әкімінің орынбасары болып тағайындалды.
Ғани Нығыметов 1983 жылы Ақтөбе облысында дүниеге келген. Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетін (халықаралық қатынастар саласындағы маман), АҚШ-тағы Монтерей халықаралық зерттеулер институтын (мемлекеттік басқару магистрі), сондай-ақ, Назарбаев Университетінің Жоғары бизнес мектебін (іскерлік әкімшілік магистрі) бітірген. Гарвард университетінің Кеннеди атындағы Басқару мектебінде, Сингапурдың Ұлттық университетінде басшылар үшін біліктілікті арттыру курсынан өтті. Президенттің “Болашақ” стипендиясының түлегі.
Еңбек жолын Нью-Йорк қаласындағы Біріккен Ұлттар Ұйымы Даму бағдарламасының штаб-пәтерінде стажер болып бастаған. 2007-2009 жылдары – “Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Ұлттық банкі жанындағы Ұлттық талдау орталығы” АҚ-ы мемлекеттік басқару департаментінің жоба менеджері қызметін атқарған.
2009-2013 жылдары Назарбаев Университетінің Халықаралық ынтымақтастық департаментінің директоры, Энергетикалық зерттеулер орталығы бас директорының орынбасары, “Nazarbayev University Research and Innovation System” мекемесінің бизнесті дамыту жөніндегі бас директоры болды.
2013-2016 жылдары Білім және ғылым министрлігінің “Халықаралық бағдарламалар орталығы” АҚ-ның президенті, 2016-2017 жылдары “Стратегиялық бастамалар орталығы” ЖШС-нің атқарушы директоры, 2017-2018 жылдары “Еуразиялық интеграция институты” ЖШС-нің директоры қызметтерін атқарды.
2018 жылғы наурыздан 2019 жылдың шілдесіне дейін Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Ішкі саясат бөлімі меңгерушісінің орынбасары болды. Осы тағайындауға дейін Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарды. Үйленген, екі бала тәрбиелеп отыр.
Облыс әкімінің
баспасөз қызметі.