
Қалалық №9 орта мектепте фотобайқау өтті. Көрменің тақырыбы “Менің отбасымның өмірінен бір күн” деп аталды.
Бақытжан ЖОЛДАСҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Оған мектептің 5,6,7-сынып оқушылары тегіс қатысты. 40-тан астам үміткер қатысқан байқауға әр оқушы өзінің отбасы жайында кеңінен мағлұмат беретін фотосуреттер жиынтығынан коллаж жасауға тырысты. Фотосуреттердің ішінен ең үздігі 7-сыныптың оқушысы Лиана Переплеткинаныкі болды. Ол отбасымен жазғы демалыста Алтай тауларына барған екен. Есінде қалған мұндай қуанышты мезеттерді ол фотосуреттер арқылы беруге тырысқан. Саяхатқа шыққандағы отбасының бірге өткізген қызықты сәттері бейнеленген бұл шағын көрме көрерменнің көңілінен шықты. Екінші, үшінші орындармен қатар, байқауға қатысқандар ішінен аталымдар бойынша жеңімпаз атанғандар болды. “Үлкен отбасы” аталымын 7-сыныптың оқушысы Алтыншаш Даниярова алса, спорттық отбасы ретінде 6-сыныптың оқушысы Илья Родионов танылды. Байқау жеңімпаздары анықталып, марапатталғанымен, оқушылар ішінде өз отбасылары жайында фотосуреттер арқылы баяндағысы келетіндер әлі бар. Олардың да суреттері өзге үміткерлермен қатар мектеп қабырғасында ұзақ уақыт ілулі тұрады, дейді мектеп әкімшілігі. Бұл арқылы сыныптастар бір-бірінің отбасылары жайында біліп, парталас достар арасындағы қарым-қатынас одан сайын күшейеді деп сенеді.
Суретті түсірген
Амангелді БЕКМҰРАТОВ.