«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ОЗЫҚ ОЙЛЫ ОТАҒАСЫ

Жақында “Құрмет” орденінің иегері, облыстық мәслихаттың депутаты, “Мәмбетов және К” коммандиттік серіктестігінің бас директоры Еркебұлан Мәмбетовпен отбасылық құндылықтар жайлы сұхбаттасудың сәті түсті.

– Еркебұлан Нұрмағамбетұлы, Мемлекет басшысының Жарлығымен 2-ші рет ұйымдастырылған “Мерейлі отбасы” ұлттық байқауының облыстық кезеңінде озып шыққан отбасылар Астанада сахна төріне шығарылып, айрықша ықылас көрсетілді. Рухани тәлім-тәрбиесі зор конкурсқа алғаш қатысушы ретінде не айтар едіңіз?

– Еліміздің 14 облысы мен Астана және Алматы қалаларын қамтыған шара қысқа мерзім ішінде жалпыхалықтық байқауға айналғанын, қамтылу аумағының кеңейе түскенін байқау қиын емес. Елбасының Отбасы күніне орай Қазақстан тұрғындарына арнаған құттықтауында байқауда бақ сынағандардың саны былтырға қарағанда 2 есеге өсіп, 80 пайызға жуығын ауылдықтар құрағаны атап өтілді. Шынында да, конкурсқа 319 отбасы мен 19 этнос өкілдерінің қатысуы – назар аударарлық факт. Қазақстандық патриотизмге, елдікке, ерлікке, отансүйгіштікке тәрбиелейтін, сыйластық, қайырымдылық, мейірімділік секілді адами ізгі ниеттерге үндейтін мәдени-танымдық мән-мағынасы өте зор мұндай шараның кең қанат жайып, дәстүрге айналғаны сүйсінтеді. Әр отбасы Президентіміз алға қойған міндеттерді шешуге бір кісідей жұмылып, атсалысатын болса, экономикамыз өркендейді, еліміз гүлденеді. Қазақ халқы отбасы құндылықтарын ерекше бағалаған. Өнегелі салт-дәстүрлерді үлгі етіп, кейінгі ұрпаққа аманаттап отырған. Ата-бабаларымыздың осындай тағылымдарын отбасының негізгі тірегіне айналдырған үлгілі шаңырақтар елімізде көп екені осы жолы да анық аңғарылды. Отағасы мен отанасы ұлын – ұяға, қызын қияға қондырғанда дені сау, білімді, еңбекқор, кісілігі де, кішілігі де мол, жақсыдан үйренетін, жаманнан жиренетін ұрпақ тәрбиелей білсе, Отан, қоғам игілігіне қосқан өзіндік үлесі болар еді.  

– Сіздің отбасыңыз да Астанаға өңір намысын арқалап барған жоқ па?

– Иә. Менің балдәурен балалық шағым да, одан кейінгі саналы ғұмырым да ауылда өтті. Жастайымыздан әке-шешеміз құлағымызға “Ел іші – алтын бесік” екенін ұғындырып өсірді. Сол себепті болар, Омбы қаласындағы жоғары оқу орнын инженер-механик мамандығы бойынша бітіріп келгеннен кейін көп ойланбастан, жолдаманы кіндік қаным тамған өлкеге алдым. Еңбек жолымды ірі өндіріс орындарында бастауға мүмкіндік бола тұра, алдымен, перзенттік парызымды өтейін, қала ешқайда қашпас деген тоқтамға келдім. Содан бергі ғұмырымды ауылмен байланыстырып келемін. Жерлестерімнің ұсынысымен “Мерейлі отбасы” байқауына қатысып, аудандық, облыстық конкурстарда озып шықтық. Алдағы уақытта Отан отбасынан басталатынын, қоғамның темірқазығы саналатынын ұғындыратын, қасиетті ұғымды қастерлеуге шақыратын осы тақылеттес шаралардың жергілікті жерлерде жүйелі өтетініне сенімдімін. Сонда жас отаулардың шаңырағы нығайып, келеңсіз жайттар барынша азаяры анық.

– Олай болса, бірлік-берекесі сүттей ұйыған өз отбасыңыздың мүшелері жайлы әңгімелеп берсеңіз. Таныстыруды өзіңізден бастағанды хош көріп отырмыз.

– Біздің жас кезімізде халықтық тәлім-тәрбиенің тамыры әлі үзіле қоймаған болатын. Әр шаңырақтан имандылық, мейірімділік лебі самал желдей есіп тұратын. Үлкендер жастарға еңбек бақытқа, байлыққа жетудің басты кілті екенін үнемі ұғындырып, тек жақсы істерге ғана жетелеп отыратын. Сондай көшелі отбасылардың бірі Зенченколар әулеті болды. Мен өзімнің даңғайыр диқан, Қазақстанның Еңбек Ері Геннадий Зенченконың шәкірті болғанымды мақтан тұтамын. Оның әкесі 30 жылға жуық шаруашылық басқарса, бүгінде немересі “Зенченко және К” коммандиттік серіктестігіне жетекшілік етеді. Геннадий Ивановичтың ақыл-кеңесімен “Меңгесер” кеңшарының тізгінін ұстауға нар тәуекел еттім. Өйткені, туған ауылымыздың дамуы жағынан ең артта қалғаны жанымызға бататын, намысымызға тиетін. Қордаланып қалған қарыз 42 миллион теңгеден асқантын. Жұмыс жоқтығынан, тұрмыс төмендігінен кеңшар тұрғындарының 40 пайызға жуығы жан-жаққа босып кеткен. Көктемгі, күзгі дала жұмыстарына жанар-жағармай таба алмай, Ресейге дейін шығып кеткен кездеріміз болды. 1998 жылы “Мәмбетов және К” коммандиттік серіктестігін құрып, әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер жақсара бастады. Осы тұста елімізде қаржылық институттар пайда болып, қолдау көрсетілді. 2009 жылдан бері “Мәмбетов және К” КС-нің бас директоры қызметін атқарамын.

Көпбалалы отбасында тәрбиелендім. 11 жасымда – анамнан, 20 жасымда әкемнен айрылдым. Бір шаңырақтағы 8 ұл-қыз бір-бірімізбен керемет тату болдық. Азамат қатарына қосылуыма апаларым көп жәрдемдесті. Отбасында негізгі салмақ, басты жауапкершілік отанасына түсетіні айтпаса да түсінікті. Жан жарым Сәуленің мамандығы – экономист. Мен көбіне түзде жүргендіктен, 4 ұл-қызымызға жан жылуын дарытып, үйімізді шаттығы шалқыған шуақты шаңыраққа, берік босағаға айналдырды. Әулеттің ізгілікті жолын ұрпағыңның жалғастырғанына не жетсін?! Ұлдарымыз Олжас “Стан” ЖШС-де бухгалтер-экономист, Ойрат Астанада, Дәурен Алматыда қаржы саласында қызмет етеді. Олардан Арыстан, Айша, Іңкәр есімді немерелер сүйіп отырмыз. Қызымыз Аружан қазақ гимназиясында 5-сыныпта оқиды. Қай-қайсысы болсын кез келген шаңырақтың негізгі тірегі саналатын ұлттық құндылықтар рухында тәрбиеленіп, еліміздің кәсіби білікті, отаншыл азаматы болуды басты мұрат етіп жүр.

– Сіз Қызылжар, Мамлют аудандарында әкім болып абыройлы қызмет атқардыңыз. Мемлекеттік қызметті жалғастыра бермедіңіз бе?

– Облыс тұрғындарының жартысынан астамы елді мекендерде тұрады. Олардың өмір сүру деңгейін де, тұрмыс сапасын да қалалықтармен салыстыруға болмайды. Ертелі-кеш тыным таппайды, тізе бүкпейді. Өмір мәнін, еңбек қадірін, ұрпақ сабақтастығын жақсы түсінгендіктен, жан рақатын емес, ел тыныштығын, бақуаттылығын ойлайды. Отбасының нығаюы елдің беріктігі, ынтымақтығымыздың нығаюы деп біледі. Барға – қанағат, жоққа салауат айтатындары да сондықтан. Екіншіден, теріскейдің қысы ұзақ, жазы қысқа. Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер көбіне-көп ауа райына тәуелді. Жұмсалған шығынның, төккен тердің өтеуі ақталмайтын сәттер аз кездеспейді. Күзде жауын толассыз жауса, жаз бойғы бейнет бір күнде шайылып кетеді. Бүгінде Елбасымыздың агро-өнеркәсіп саласын түбегейлі дамытуға зор көңіл бөлуінің арқасында мемлекеттік бағдарламалар пайда болды. Олай болса, осындай артықшылықтар мен мүмкіндіктерді неге тиімді пайдаланбасқа деген ой келді. Болашақта жоспарлар мен жобаларды алаңсыз жүзеге асыруға тәжірибе де, кәсіби шеберлік те жетеді. Ауыл шаруашылығы саласындағы жұмыс өтілім 30 жылға жуық. Үйреншікті кәсібіме оралуымның сыры осы. Қайда жүрсек те, бәріміздің тілеуіміз – елдің қамы! Маңдай терін шүмектете төккен еңбек адамын атақ-даңқ өзі іздеп табады.

– Есіміңіз үнемі “біріншілер” қатарында аталады. Небір баянды бастамаларға қолдау жасап, басы-қасынан табылып жүрсіз. Оның бір мысалына республикада бірінші болып “Жыл адамы” атағын иеленуіңізді атаған болар едік.

– Журналистер де әлдеқашан ұмытылып кеткен тарихты қозғайды екен (күлді). Көңілге ыстық алғашқы ірі марапаттардың бірі ғой. Коммандиттік серіктестіктің әлеуметтік-экономикалық салалардағы жоғары жетістіктерге жеткені үшін 2000 жылы берілді.

– 2012 жылы “Білім меценатының” күміс медалін алдыңыз…

– Елбасының билік пен кәсіпкерлер арасындағы әлеуметтік әріптестікті қолдау тапсырмасы аясында мектептерді жөндеуге, мәдени-спорттық жұмыстарға жыл сайын қомақты қаржы бөлу дәстүрі қалыптасқан. Меңгесер және Бексейіт ауылдарында балабақша мен шағын орталыққа арналған жеке ғимараттар, спорттық нысандар тұрғызып, мемлекет меншігіне тегін тарту еттік. Шамасы, осы жағы ескерілген болу керек.

– Бұған республикалық “Парыз” әлеуметтік серіктестік байқауының қола медалін қоссақ, жеткен жетістіктердің қомақтылана түсері сөзсіз. Айтпақшы, ауылдағы алғашқы аукционды да сіздер ұйымдастырған жоқсыздар ма?

– Иә. Осыдан үш жыл бұрын “Ірі қара етінің экспорттық әлеуетін дамыту” бағдарламасы шеңберінде АҚШ-тың Солтүстік Дакота штатынан етті бағыттағы 200 бас абердин-ангус асылтұқымды тайыншалар сатып алған болатынбыз. Бүгінде олардың саны 600-ден асты. Малды будандастыру, элиталық тұқымын жаңалау, сөйтіп мал шаруашылығы өнімдерінің өнеркәсіптік өндірісін жолға қою секілді түпкі мақсатымызға орайластырып, өңірде мал аукционын өткізгеніміз рас. Тың жоба қатысушылар тарапынан үлкен қызығушылық тудырды. Америкалық әдіспен өткен аукционға шығарылған малдардың салмағы 450-500 килограмға дейін тартты. Осылайша асылтұқымды шаруашылық құру мүмкіндігіне ие болдық. Тек былтырдың өзінде ғана 170 асылтұқымды мал саттық.

– Биыл егін де, шөп те бітік шықты. Астық өсірген диқандардың, төрт түлік өргізген малшылардың молшылық жылы болғай деген игі тілегі оңғарылғандай…

– Серіктестік құрылған жылы 7500 гектар ауылшаруашылық жер болса, қазір 23 мың гектарды құрайды. Гектар басы түсімділік 20 центнерден төмендеген емес. 311-ге жуық техника бірлігін құрайтын қуатты машина-трактор паркін жарақтандырудың арқасында күзгі егін орағы жоғары ұйымшылдықпен өтуде. Ұжымда 230 адам тұрақты жұмыспен қамтылып отыр. Орташа айлық жалақы 80 мың теңгеден айналады. Тұрғындардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайына да ерекше назар аударылады. Жылына жас отбасылар үшін 4-5 тұрғын үй салып жүрміз. “Ақ бұлақ” бағдарламасы бойынша Меңгесер елді мекенінде әр үйге таза ауызсу тартылды.

– Алдағы іс-жоспарларыңызбен бөліссеңіз.

– 600 басқа лайықталған тауарлы сүт фермасын ашу мақсатымен “ҚазАгроҚаржы” АҚ арқылы 1 миллиард теңге мөлшерінде несие алу ойымызда бар. Ол үшін жер бөлініп, жобалық-сметалық құжаттар дайындалды. Енді қаражат бөлінуін күтіп отырмыз.

– Өнегелі отбасының иесі ретінде сізді қандай мәселелер толғандырады?

– Өмір болғаннан кейін проблема кездеспей тұрмайды. Бір ғана рухани саламызды алып қарайықшы. Жасөспірімдер арасындағы жат қылықтар әңгіме болса, көп жағдайда Үкімет пен тиісті құзырлы органдарды немесе мектептер мен мұғалімдерді кінәлауға бейім тұрамыз. Ал әр отбасы мен ата-ананың рөлі тасада қалып жатады. Осы жағына үлкен мән берген дұрыс.

Сонымен қатар, жергілікті жерлерде отбасылық тәрбие институттарын нығайтуға байланысты күрделі мәселелер жұртшылық арасында ашық талқыланып отырса, жас отаулардың ажырасуы, тастанды балалардың көбеюі сияқты келеңсіздіктерді, басқа да алаңдатарлық жайттарды болдырмауға септігін тигізер еді.

Нұрсұлтан Назарбаев: “Әулеттің ізгілікті жолын жалғастырған ұрпақ – ең мерейлі ұрпақ” деп айрықша атап көрсеткен болатын. Олай болса, әулеттер арасындағы ұлттық құндылықтарға негізделген жарасымды сабақтастықтың үзілмеуін тілейік!

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан

Өмір ШАЛАБАЙҰЛЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Мамлют ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp