Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінде “Тәуелсіздік ұрпағы” атты облыстық дебат турнирі өтті.
Пікірсайыс алаңына 4 аудан, 6 мектеп және колледж студенттері жиналды. 8 команда қазақтілді, ал 12 команда орыстілді лигада сайысқа түсті. Ойында бүгінгі күннің өзекті мәселесіне айналған қашықтан білім беру жүйесі, сыбайлас жемқорлық пен есірткі саудасының таралуы және саламатты өмір салты тақырыптары қозғалды.
Қатысушылар үш кезең бойынша британдық парламент әдісімен пікір таластырды.
Нәтижесінде 20 команданың ішінен суырылып шыққан үздік топтар көпшілік алдында толғамды тұжырымдарын дәлелдеп, ерекше көзге түсті. Орыс лигасы бойынша 1-орынды университеттің “Cerebrum” командасы, 2-орынды БЭСТ гимназиясының “Aurora” құрамасы, ал 3-орынды №8 орта мектеп-эстетикалық тәрбие беру кешенінің оқушылары иеленді. Ал қазақ лигасы бойынша ой жүйріктігін көрсете білген №25 орта мектептің шәкірттері жеңімпаз атанды. Мамлют ауданындағы Бексейіт орта мектебінің “Жас қырандар” командасы 2-орынға жайғасса, Шал ақын ауданындағы Кеңес орта мектебінің “Кеңес қырандары” құрамасының оқушылары үздік үштікті түйіндеді.
Диана ХАЛИМОВА,
М.Қозыбаев атындағы СҚУ-дің медиаорталығының бас редакторы.