Бразилияда өтіп жатқан әлемдік мундиальдің сегіз тобындағы отыз екі құраманың жекпе-жектерінің соңғы төрт кездесуі 26 маусымда аяқталып, 1/8 финалда ойнайтын жұптар тегіс анықталды.
Аталған күнге дейін алты топтың бірінші және екінші орын иеленген құрамалары белгілі болғанды. Атап айтқанда, Бразилия, Чили, Колумбия, Уругвай, Голландия, Коста-Рика, Мексика, Аргентина, Швейцария,Германия, Бельгия, Франция командаларының 1/8 финалда жасыл алаңдағы жекпе-жектерге қатысатынын кездесулер нәтижелері айғақтаған. Өйткені, бұлар өз топтарында бірінші немесе екінші орындар алып, жарысты одан әрі жалғастыру мүмкіндігін иеленген еді.
Қалған төрт орыннан Португалия, Гана, АҚШ, Алжир, Ресей, Эквадор және Оңтүстік Корея құрамалары үміттенді.
26 маусымда осы құрамалар қатысқан жан алысып, жан беріскен жекпе-жектер өтті. Мысалы, АҚШ топ жеңімпазы Германиямен кездесті. Бұл ретте айтарымыз, АҚШ құрамасын немістің атақты футболшыларының бірі Юрген Клинсман жаттықтырады. Сондықтан, кейбір бұқаралық ақпарат құралдары Клинсман неміс құрамасының бас бапкері Иоахим Левпен тең ойынға келісіп алғаны жөнінде сөз қозғапты. Алайда, алаңдағы ойын мұны теріске шығарды. Германия 1:0 есебімен ұтып (допты Томас Мюллер соқты), Португалияның келесі кезеңге шығуына жағдай жасап беріп еді. Бірақ, португал футболшылары мұны кәдеге асыра алмады. Олар Гананы 2.1 есебімен ұтса да, бұл доп айырмашылығы АҚШ-тан озуға жетпей қалды.
Келесі топта 1/8 финалдан екі үміткер сайысқа түсті. Олар – Ресей мен Алжир құрамалары. Егер африкалықтарды ұтқан жағдайда Ресей футболшылары жарысты жалғастырар еді. Ойын 1:1 есебімен аяқталып, Алжир құрамасы озып шықты.
Бір атап айтарымыз. Ресей футболшылары мундиальде өте сылбыр ойнады. Соның нәтижесіндей, үш кездесуде алуға болатын 9 ұпайдың бар болғаны 2-уіне ғана қол жеткізіп, топта үшінші орынды қанағат тұтты.
Енді 28, 29,30 маусым күндері және 1 шілдеде 1/8 финалдың ойындары өтеді.
Бұл кездесулерде Бразилия – Чили (28.06.); Колумбия – Уругвай (28.06); Голландия – Мексика (29.06); Коста-Рика – Грекия (29.06.); Франция – Нигерия (30.06.); Германия – Алжир (30.06.); Аргентина – Швейцария (1.07.) және Бельгия – АҚШ (1.07.) командалары 1/4 финалға жолдама үшін тайталасқа түседі.
(Өз тілшімізден).