«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ОЙЛАНБАЙ ОТ БАСТЫ

 

Жеңіл табыс, көлденең ақшаға құмарлық көп адамға маза бермейді. Санасында саңлауы болмаса, біреуді алдаумен тапқан ақша ұрлық, қылмыс екенін ойламайтын талай жан аяқ астынан опық жеп, өмір бойы жиған абыройы айрандай төгіліп жатады. 

Соның бірі Роман Армисов (кейіпкердің аты-жөні өзгертілді) бірнеше жыл бойы полиция қатарында қызмет істеп, капитан шеніне дейін өсіп, талай рет қызметінде мақтау алды. Алайда, жеңіл ақшаға қызығып жолдан тайып, мүлт кетті. 

Ол жоғары білім алмағандықтан жоғары өрлей алмай, жергілікті полиция қызметінің іздестіру бөлімінде инспектор болып істейтін. Оның қызметтік міндетіне басқа істермен қатар жол-көлік оқиғасы болған жерден жасырынбақ болған көлік иелерін тауып, оны әкімшілік жауапкершілікке тарту шаралары жатады.

2018 жылдың қазан айында жергілікті полиция қызметіне Петропавлдың Парк және Маяковский көшелерінің қиылысындағы “Сердечная” дәріханасының алдында тұрған “Ниссан” маркалы машинаны біреудің соғып, жол-көлік оқиғасы болған жерден жалтарғаны туралы материал түседі. Істі тергеу осы полицияның аға инспекторы, майор И.Жақсыбаеваға жүктеледі. Ал ол өзінің қол астындағы инспектор Роман Армисовқа жасырынған машина иесін табуға бұйрық береді.
Қазір мұндайды табу қиын жұмыс емес, өйткені, орталық көшелердің бәрі бейнекамераларға толып тұр. Сондықтан Роман Армисов те көп қиналмай жасырынған машинаның иесін табады. Ол бұрын көлікті масаң күйде жүргізгені үшін жүргізушілік куәлігінен айырылған Б.Шмелев деген екен.
Осы жерде Роман Армисовтың басына бір арам ой келе қалады. Бейнекамерадағы көріністі өшіріп тастап, түспей қалыпты немесе камера дәл сол кезде істемей қалған екен, ал жол-көлік оқиғасын көрген ешқандай куәгер таба алмадым, сондықтан кінәлі машинаның иесі кім екені белгісіз деп бастығын алдап, істі жауып тастау туралы ойлайды. Осы сәтті пайдаланып, жеңіл ақша таппақ болады.
Ойын іске асырмақ болған Роман Армисов Б.Шмелевті көлденең көз көрмейтін, оңаша жерге шақырып алып, тамырын басып көреді. Сөйтіп, оны қаланың оңтүстік шыға беріс шетіндегі “Қызылжар су” АҚ-ы қарсысындағы “Эталон” жанар-жағармай құю стансасының жанына телефонмен шақырып алып, сөйлеседі. Б.Шмелев өзінің кінәлі екенін жасырмайды, оқиғаның қалай болғанын, өзінің жүргізушілік куәлігі болмай көлік жүргізіп жүргенінен қорқып, оқиға орнынан жалтарып кеткенін айтады. Оның жауапкершіліктен қорқып, қайтсе де оңай құтылудың жолын іздеп отырғанын Роман Армисовтың қырағы көзі бірден шалады. Сондықтан оны қорқыта түсу үшін ертең жергілікті полиция қызметіне кел, сол жерде бәрі анықталады деп шығарып салады.
Ертесіне өзіне келген Б.Шмелевті жергілікті полиция қызметі ғимаратының тасасына алып барып, оған бұл іс үшін кемінде 200 000 теңге айыппұл төлеуге немесе 30 тәулікке тұтқындалуға тура келетінін айтады. Алайда, 50 000 теңге ақша берсе істі жабуға болатынын айтып, емеурін білдіреді.
Б.Шмелев оның түріне қарап, өзін алдап тұрғанын сезіп қалады. Өйткені, айыппұлдың көлемін сот қана анықтайтынын ол біледі. Ал мынау ойына келген санды айтып тұр. Алайда, Роман Армисовтың айтқанына көнгенін білдіріп, бес күннен кейін елу мыңды қолына тапсырмақ болады.
Көп ойланған жігіт ақыры озбыр адамды тәубесіне түсіруге шешім қабылдап, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке арыз жазып, инспектор Роман Армисовтың өзінен пара талап еткенін көрсетеді. Әңгіменің ар жағы белгілі, мұндағылар Шмелевтің қолына белгі салынған ақшаларды беріп, полицейді пара алу үстінде ұстайды.
Петропавлдың қалалық соты биылғы мамыр айының аяғында Роман Армисовты қызметтік лауазымын пайдаланып, сыбайлас жемқорлық жолымен қылмыс жасаған деп тауып, үш жылға бас еркінен айырды. Қылмыскердің адвокаттары Р.Армисовты қайтсе де ақтап алу жолында көп тер төгіп, оны пара алған жоқ, машинасы бүлінген адамның шығынын өтеп, екі жақты мәмілеге келтіру үшін ақша талап еткен деп соқты. Бірақ мұндай әрекеттерінен түк шықпады, облыстық соттың қылмыстық істер жөніндегі алқасы шілде айында үкімді өзгеріссіз қалдырды.
Сөйтіп, айдың-күннің аманында оңай ақша табуды көздеген полиция қызметкері 50 мың теңге үшін үш жыл ғұмырын темір тордың арғы жағында өткізетін болды. Капитан шенінен де, өмір бойы мемлекеттік қызмет саласында жұмыс істеу құқынан да айырылды. Мұндайды ойнақтамаса да ойланбағаннан от басқан десе болатын сияқты.

Жақсыбай САМРАТ.
 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp