
Облыс орталығындағы Достық үйінде Тәуелсіздік күніне орай “Не? Қайда? Қашан?” зияткерлік ойынының жаңа маусымы басталды. Оған этномәдени орталықтардың жастарынан құралған алты құрама команда қатысты.
Ойын барысында тәуелсіздік, ел тарихы, мәдениет және қоғамдық өмір тақырыбында логикалық сұрақтар қойылды. Ойын ережесіне сай татар мен шешен-ингуш, күрд пен армян, беларусь пен кәріс орталықтарының жастары 3 турдың барысында 10-нан астам сұрақтың әрқайсысына 1 минут ішінде жауап беруге тырысты.
– Ойыншының энциклопедиялық білімі болмауы мүмкін, алайда үлкен танымы мен логикалық ойлауы арқасында шешім тауып кетіп жатады. Сондықтан да ойыншыларға жауап іздегенде зияткерлік ләззат алатындай сұрақтар құрастыруды алдымызға мақсат қойдық, – деді Достық үйінің директоры Дина Әбілмәжінова.
Ойынның келесі айналымына өту үшін берілген сұрақтарға тура жауап қайтарып, тиянақты талқылап, ой елегінен өткізуге тырысқан әр командалардың деңгейлері шамалас екені аңғарылып тұрды. Дегенмен, “Жүйріктен жүйрік озар жарысқанда” дегендей, ойынның келесі айналымына шығатын команда анықталды.
Тартысты өткен бәсекенің қорытындысы бойынша орыс этномәдени орталығының командасы топ жарды. Ал аталмыш орталықтың мүшесі Владимир Холод “Үздік ойыншы” аталымына лайық деп танылды. Сондай-ақ, барлық жастар зияткерлік ойынына белсене қатысқаны үшін ұйымдастырушылардың алғыс хатымен марапатталды.
– Шараға қатысушы жастар тек үнемі ізденісте жүретін, зерделі де зерек азаматтар екендігін дәлелдей білді, – деді Дина Әбілмәжінова.
Сайыс ұйымдастырушыларының айтуынша, алдағы уақытта 3 ойын өткізу жоспарланған. Ал маусымның қорытындысы 2015 жылдың соңында шығарылмақ.
Қанат АТАМАНОВ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суреттерді түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.