«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ОЙМАҚ АУЫЗ, ҚИҒАШ ҚАС

Басы ауырып, балтыры сыздаған адамның алғашқы маңдай тірері – дәрігер. Атақты Ибн Сина өмір сүрген дәуірден бүгінге дейін арқауы үзілмей жеткен кәдімгі классикалық медицинаның игілігін көрмеген жан кемде-кем. Алайда соңғы жылдары медицинада көптеген жаңа бағыттар пайда болуда. Солар­дың бірі – эстетикалық медицинаны таңдайтындар да бар.

Эстетикалық медицина – адамның сыртқы келбетін жақсартып, жас көрінуіне, сондай-ақ тері мен дене құры­лымындағы ақауларды түзету­ге бағытталған медицинаның арнайы саласы. Бұл бағыт қазіргі заманның сұранысына сай дамып келе жатқанымен, оның түп-тамыры адамзат өр­кениетінің ең көне кезеңдері­не барып тіреледі. Ақхалатты­лардың айтуынша, эстетика­лық медицинаның алғашқы элементтері Ежелгі Мысыр, Үндістан және Грекия мәде­ниеттерінде жиі кездеседі. «Мысырлықтар теріні тегістеу, жасарту мақсатында табиғи майлар, сүт, балшық және өсімдіктен жасалған қоспалар­ды жиі пайдаланатын болған. Үнді медицинасының классигі саналатын Сушрута біздің заманымызға дейінгі VI ғасырда мұрынды қалпына келтіру ота­ларын жасаған. Бұл әдістер қазіргі ринопластиканың та­рихы тереңде жатқанын дә­лелдейді. Ежелгі грек дәрігер­лері де бет әлпетін қалпына келтіру және тыртықтарды ем­деу бағытында түрлі әдістерді қолданған», – дейді медицина саласының ардагері, Қызыл­жарлық Марал Оспанова.

Орта ғасырларда медицина баяу дамығанымен, адамдар терілеріне күтім жасауды ұмытқан жоқ. ХХ ғасыр эсте­тикалық медицинаның қар­қынды дамыған кезеңі санала­ды. Ботулин токсинін қолдану, гиалурон қышқылды филлер­лер, лазерлік терапия және хи­миялық пилингтердің эстети­калық медицинаға кеңінен енгізілуі хирургиялық емес әдістердің таралуына мүмкіндік берді. Бүгінде эстетика­лық медицина адам денсаулы­ғы мен сыртқы келбетін жақ­сартуға бағытталған жаңа сала ретінде күннен-күнге танымал болып келеді. Бұл сала косме­тикалық процедуралар мен ем­деу әдістерін ғана қамтып қоймай, жаңа ғылыми жетістіктер мен инновациялық техноло­гияларды пайдалану арқылы да жетілдірілуде.

Әлемде жыл сайын 21 мил­лионға жуық пластикалық ота жасалады екен. Ал Қазақстанда бұл көрсеткіш жиырма мыңға жуықтайды. Жас әрі әдемі болуды мақсат тұтқандардың пышаққа түсуден қорық­пайтынын әрі жасанды сұ­лулыққа құмартқандарын жасырып бағатындарын ес­керсек, бұл санның бірнеше еселенетіні жалған емес. Эстетикалық медицина біздің өңірде де қарқынды дамып келеді. Облыс орталығында­ғы кез келген сұлулық сало­нына бас сұқсаңыз, онда жо­ғары білімді ақхалатты жан­дардың қызмет көрсететінін аңғарасыз. Солардың бірі – бұл салада он жылдан астам еңбек етіп келе жатқан жеке кәсіпкер, дәрігер Мәдина Қабаева. Оның айтуынша, бүгінде Қазақстанда ең көп таралған пластикалық ота түрлері – блефаропластика, екінші орында – омырау үл­кейту. Үшінші, төртінші орын­дарға smas-лифтинг пен липо­сакция жайғасқан. Еуропалық пішінмен қабақ кестіруге, ерін­дерін үлкейтуге, қатпарлы әжімдеріне арнайы химиялық су құйғызып тегістеуге әуестер көбейген.

«Мен жыл сайын Алматы және Астана қалаларына ба­рып білімімді жетілдіріп отырамын. Сонда аңғарғаным, қа­зақтың қыз-келіншектердің сұлулыққа қатысты талғамда­ры өзгеріп бара жатқандығы. Бетіндегі бала күнінде бар тыртығымен, денесіндегі кемшілігімен өмір сүргісі кел­мейтіндер көбеюде. Заманауи технологиялардың арқасында адамды кемінде 10-15 жылға жасартуға мүмкіндік бар», – дейді ол.

Тәжірибелі дәрігер әңгіме­лесу барысында солтүстікқа­зақстандық нәзік жандардың ерінді үлкейту, әжімдерді тегістеуге арналған ем-шара­ларды жиі жасататынын айт­ты. Мұндай қызметті алуға соңғы жылдары ер-азаматтар да құмартып жүрген көрінеді. Бұл процедуралардың адам ағ­засына ешқандай зияны жоқ. Тек уақытында косметолог- дәрігерге қаралып тұрса жеткілікті.

Есімі елімізге белгілі плас­тикалық хирург, PHD докторы Айна Досан бір сұхбатында пластикалық хирургияға жүгі­нетіндердің басым бөлігі ота нәтижесінің барынша табиғи болғанын қалайтынын айтып­ты. «Бұл жерде адамның ана­томиялық ерекшеліктерін сақ­тау өте маңызды. Сонымен қатар әр халықтың өзінің ұлт­тық ерекшеліктері болады. Оны да ескерген дұрыс. Адам қандай ота жасатса да табиғи болмысынан ажырамауы, та­биғатынан алыстамауы керек, Пластикалық хирург па­циентін адам танымастай өз­гертіп, басқа адамға айналды­рып жіберсе, ол – отаның сәтсіз шыққаны», – депті ма­ман.

Елімізде де, әлемде де сәтсіз жасалған пластикалық ота­лар аз емес. Мәселен, танымал америкалық модель Дженис Дикинсон, «Карнавал түні» фильмінің жұлдызы Людмила Гурченко, атақты әнші Майкл Джексон мұндай қадамға «қартаюдан қорқатындықтан» барғандарын айтқан. Ал сырт-келбетін толықтай өзгерткен қазақстандық қыздардың қа­тарында Ақсай қаласының тұрғыны Елена Рагузова бар. Ол беті мен денесіне ондаған ота жасатып, қуыршаққа айна­луды мақсат тұтқан.

Эстетикалық медицинасы қарыштап дамыған Оңтүстік Корея елінде 19 бен 30 жас ара­лығындағы әрбір үшінші тұр­ғын өз еркімен пышаққа түсіп, пластикалық ота жасатады екен. Өйткені бұл елде адам­ның келбеті – оның қызметте табысты болуының кепілі. Білім мен біліктіліктен бөлек, бұл елде қызметке қабылдана­тын жасқа қойылатын ең бас­ты талаптың бірі де – осы.

Косметолог-дәрігерлер әжімді жасыру, қабақты, ерінді үлкейту мақсатында пайдала­нылатын сулардың еш зиян­сыз екенін айтады. Ал бұған медицина майталмандарының айтар қарсы уәжі бар. Марал Оспанованың айтуынша, ағза­ға енгізілген химиялық дәрі жылдар бойы тері мен тіннің арасында сақталып тұра бе­реді. Күндердің бір күнінде ол екінші бір ағзаны зақымдауы әбден мүмкін. Бұл пікірді өт­кен жылы косметолог-дәрі­гердің көмегіне жүгініп, ернін үлкейткен Петропавл қаласы­ның тұрғыны Саяжан Әубәкі­рова да қуаттай түсті. «Құрбы­ларымның барлығы дерлік ернін үлкейтіп алған. Мен де қызығып, есімі өңірге белгілі косметологтың қабылдауына жазылдым. Ине арқылы теріге филлер тамшыларын енгізді. Алғашында өзімді жайсыз сезіндім. Аузымда артық бір зат тұрғандай айнаға қарап, орамалмен сүрте беретінмін. Бір ернімнің екіншісінен үл­кен екенін байқап, бу терапея­сына жүгіндім. Химиялық су­дың теріден оңайлықпен шық­пайтынына сол кезде куә бол­ғанмын», – дейді ол.

Соңғы кездері эстетикалық медицинаның ең танымал тар­мағы – блефаропластика жаса­туға құмарлар көбейіп бара жа­тыр. Қабақтағы әжім торлаған артық теріні алып тастауға құ­марлар қатарында ер адамдар да бар. Бірақ жасанды сұлу­лыққа асыл дініміз қарсы. «Қы­зылжар» орталық мешітінің бас имамы Хамзат Қажымұратов Мұхаммед пайғамбардың «Шаш жалғаушыны да, жалғат­қанды да Алла лағнеттеді» де­ген сөзін мысалға келтірді. Осының негізінде Ханафи ға­лымдары жасанды сұлулықтың кез келгенін құптамау туралы пәтуа айтқан. «Эстетикалық медицина деген ұғымның аста­ры денедегі кемшілікті түзету деген сөзбен мағыналас. Бала кезде құлап қалып, денеміздің бір бөлігінде тыртықтар, артық еттер пайда болса оны ислам шеңберінде түзетуге рұқсат етіледі. Ал жасандылыққа бой ал­дыру: кірпік жалғау, қас жұлу, ерінді үлкейту – мұның бәрі Алланың жаратылысына қар­сылық танытумен пара-пар», – дейді имам.

Асылзат АРҒЫНБАЙ,

«Soltüstık Qazaqstan».

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp