Баланың таным қабілетін дамытуда ойынның рөлі өте зор. Бала ойын барысында қоғамдық тәжірибені меңгеріп, психикалық ерекшеліктерін қалыптастырады, бір-бірімен қарым-қатынасқа түсіп, ортақ мақсатқа, ұжым намысын қорғауға үйренеді. Ұжымдық ойындар баланың моральдық, эстетикалық сезімдерінің қалыптасуына әсерін тигізеді. Мысалы, орман ішінде ойналған ойын туған өлкесінің табиғатын сүюге, ондағы өзен, көлдер мен өсімдіктердің, жан-жануарлардың әлеміне қызығушылығын оятады.
Халқымыздың ұлттық ойындарын үйренудің, күнделікті тұрмысқа пайдаланудың заманымызға сай ұрпақ тәрбиелеуге пайдасы орасан зор. Ұлттық ойындардың мектеп жасына дейінгі балаларға лайықтылары – “Орамал алу”, “Тақия жасыру”, “Алтын қақпа”, “Ақ серек-Көк серек”, “Айгөлек”, “Ақ сандық – Көк сандық”, “Ақ сүйек” ойындары. Ойын арқылы баланы тапқырлыққа, жылдамдыққа, шапшаңдыққа, икемділікке, батылдылыққа үйрету іске асырылады. Ең бастысы, ата-бабадан қалған өнер мен өнеге, үлгілерінің лайықтыларын баланың сана-сезіміне құйып, көрсете отырып, ойын арқылы бойына сіңіріп, оларды әдептілікке, мейірімділікке, ізеттілікке, туысқандық пен бауырмалдыққа, үлкенге – құрмет, кішіге қамқорлыққа баулып, адамға қажетті ұғымдар қалыптастыруда маңызы зор. “Жан-жануарлар қалай дыбыстайды?”, “Қандай іс-әрекеттер жасайды?”, “Оларды сөзбен қалай айтады?” дейтін танымдық ойын балалардың сөздік қорының молаюына ықпал етеді. Мысалы: әтеш – шақырады, есек – бақырады, бақа – бақылдайды, шыбын – ызылдайды, т.б. “Қуыр-қуыр, қуырмаш” ойыны балалардың саусақ моторикасын дамытуға, тіл байлығын жетілдіруге, көңілін көтеруге тиімді.
Бір жарым жастағы балалар “Көмекші”, “Орын басушы” ойындарын ұнатады. Бұл кезде балалар өздерін үлкен адамдарша сезініп, ата-анасының іс-әрекеттерін қайталайды, оны жасай алмаған баланың психикалық дамуын жан-жақты зерттеу керек.
Баланың қуанышы мен реніші ойында айқын көрінеді. Өйткені, бала ойланады, эмоциялық әсерге бөленеді, белсенділігі артады, ерік қасиеті, қиял елестері дамып, шығармашылық қабілеті мен дарыны ұшталады. Ойын – тәрбие құралы, ол ақыл-ойды кеңейтеді, тілді ұстартады, өмірді танытып, сезімді ұштайды. Ерік және мінез қасиеттерін бекітіп, адамгершілік сапаны жетілдіреді. Демек, ойын баланы жан-жақты жарасымды тәрбиелеудің психологиялық және физиологиялық негізі болып табылады.
Әсел ҰСМАНОВА,
Явленка ауылындағы «Балапан»
бөбекжайының тәрбиешісі.
Есіл ауданы.