
Бүгін жұмыс кабинетіме күндегіден ертерек келдім. Есік алдындағы науқастарға арналған орындықта жалғыз отырған жас қыздың жанарынан мұң байқалды. Ол әңгіме барысында ойнап жүріп, от басқанын айтты. Ең сорақысы сол, сәбидің әкесі бұл “жағымсыз жаңалықты” естігеннен кейін ізім-қайым жоғалыпты. Тұрғылықты мекенжайын да ауыстырған көрінеді. Небәрі он алты жастағы қыз құрсағындағы үш айлық баласын хирургиялық әдіспен алтыртып тастауға бекініп отыр…
Біз жұмыс барысында мұндай қилы тағдыр иелерімен жиі бетпе-бет кездесеміз. Кәмелет жасқа толмағандардың жасанды түсік жасатуы, жүкті болған жасөспірімдер. Бұл тақырыптар жазылып та, айтылып та, ел талқысына ұсынылып та жүр. Десек те, осындай өкінішті жағдай соңғы уақытта қоғамның айықпас дертіне айналып, тіпті, оған адамдардың еті үйреніп бара жатқандай. Бұрынғылар ар-ұятын көздің қарашығындай сақтап, тұрмыс құрған қызының бірнеше жыл құрсақ көтермегеніне қысылып, жүзін төмен қаратып жүретін болса, бүгінгі заманның ата-аналары оң жақта отырып балалы болған қызының арсыз қылығын әбестікке баламайтын да болып барады. Төңірегіне адамның ар-намысынан бастап, ұлттың тазалығы, ұрпақтың саулығы, халықтың болашағы сияқты ауқымды дүниелерді топтастырған осы мәселенің соңғы жылдары үйреншікті оқиғадай болып, бір сөзбен айтқанда, жасарып бара жатқанына жан ауырады. Біздің өңірімізде былтыр елуден астам жасөспірім ойнап жүріп от басып, ана атанса, 24 жеткіншек жасанды түсік жасатқан. Ал биылғы жылдың басынан бері 65 кәмелетке толмаған қыз бала құрсағына біткен сәбиін жасанды жолмен алып тастауға бел байлады. Олардың біразына дәрігер ретінде өзіміз де медициналық көмек көрсеттік.
Адам табиғаттың ажырамас бөлшегі ғой. Әу бастағы жаратылысына қарсы бола алмайтыны да ақиқат. Табиғаттың жазғанын өз қолыммен өзгертемін дейтіндер неше түрлі адам айтқысыз жағдайларға тап болып жатқанын күнделікті өмірде де кездестіріп жүрміз. Соның бірі осы жасанды жолмен түсік жасату емес пе? Әйел баласының денсаулығына айтарлықтай қауіп төндіретін жасанды түсіктің зияны шаш етектен екенін көп қыз-келіншектердің түсінбеуі, өкінішті, әрине. Жалпы медицина дәлелдегендей, қыз баланың бала тууға қабілеті 21 жастан басталады. Яғни, осы жасқа келген бойжеткен денсаулығы, моральдық жағынан болсын, ана атануға дайын болады. Ол жасқа жетпей жатып жүкті болып қалғандар немесе босанғандар түрлі ауруға ұшырап, ақыр соңында сәби сүюге мүлдем қабілетсіз болып қалатынын да ғалымдар дәлелдеген. Оның үстіне құрсағындағы тірі жанды әртүрлі дәрі-дәрмектер мен хирургиялық құралдардың көмегімен алып тастауға шешім қабылдағандардың шамамен 60-70 пайызы бірінші жасанды түсіктен кейін екінші рет бала көтермейді. Бұл жасанды түсік жасатқан жеткіншектердің жүзінің алпыс-жетпісі өздігінен ана болу бақытынан айырылады деген сөз.
Біздің алдымызға күн сайын жан жарасын айтып, құрсақтарына біткен сәбилерінен “құтылудың” жолын сұрап ондаған жеткіншек келеді. Олардың ішкі күйзелісін түсінуге тырысамыз. Сонда байқайтыным, жас қыздардың дені жасанды түсік жасатуды, ерте жастан балалы болуды жеңіл деп ойлайды. Екіншіден, біздің алдымызға келетін жастардың сексен пайызынан астамы әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылардан шыққан және аналары ішкілікке салынған қыз балалар. Әрине, олар ананың ақылын тыңдап, тәрбиесін бойларына сіңірмегеннен кейін шалыс қадамға барып жатады. Жастықпен жіберген қателіктері өзекке түскен құрттай бар өмірлерін бүлдірмесіне кім кепіл?
Жасанды түсік жасату, осы теріс әрекетке барудан басқа амалы қалмаған жандар ойлағандай оңай емес. Оны жасатқаннан кейін қай жастағы болмасын әйелде қабыну процесі басталады. Қабыну аурулары әйелдің жыныс мүшелерінде түсік жасатқанға дейін анықталмаса, түсіктен кейін асқына түсетіні заңдылық. Оның салдары ең алдымен түсік жасатқан келіншекті бала сүю бақытынан айырса, өкініштісі сол, әйел созылмалы ауруларға ұшырайды, яғни аналық бездерде ісік пайда болады.
Ойнап жүріп от басқан жас қыздар бірінші кезекте сәбилерін алдыртып тастауды ғана ойлайды. Олар жүрегі соғып, барлық дене мүшесі қалыптасқан шарананың отадан қашып, шырылдайтынын біле бермейді. Жасанды түсік жасатқан жасөспірім қыздардың мінез-құлықтарында да өзгешеліктер пайда болып, көбі тез ашуланғыш, шыдамсыз келеді. Тағы бір айта кететіні, қазіргі уақытта белең алып отырған түрлі ісік ауруларының бірден-бір себебі де осы түсік жасату болып отыр.
Біз ем-дом жасап жүрген кәмелет жасына толмаған жеткіншектердің көбі жатыр мойны ауруына шалдыққан. Солардың бірі – Алуа (есімі өзгертілді. Автор). “Бүгінде жасым жиырма екіде. Балалық шақ пен есейген өмірдің ортасында жүріп адасып, он жеті жасымда аяғым ауырлады. Болашақта жар етіп алады деп сенген жігітімнің бала-шағасының бар екенін кеш біліп, өзімді қоярға жер таппадым. Тек қуаныш пен қызығын сыйлайды деп сенген балалық махаббаттың күйзеліске ұшырататынын кейін ұқтым. Қаладағы жекеменшік емханалардың бірінде жасанды түсік жасаттым. Әке-шешем күні бойы жұмыста болатын. Мектепте де қыз баланың тәрбиесі туралы ешқандай әңгіме айтылмайтын, – деді ол әңгіме арасында.
Тұтас бір елдің тамырына балта шабуға апаратын осындай жағдайдың орын алуының бір себебі бала тәрбиесімен айналысуға міндетті ата-ананың, әсіресе, бөбегі үшін кез келген қиындыққа қарсы тұра алатын әйелдер қауымының жұмысбасты болып, тірліктің қамын күйттеуі шығар. Сананы тұрмыс билейдінің керін киіп, баласының бақыт емес сор құшып жүргенінен хабарсыз жандар қанша? Бауыр еттерінің ешқандай таршылық көрмей, өсіп-жетілулеріне, алаңсыз оқуларына барлық қажетті жағдайды жасау үшін отбасын екінші орынға қойып жүрген жандар қанша? Олардың қатарында ұл-қыз өсіріп отырған өзіміз де бармыз ғой. Ата-анасы күн ұзаққа жұмыста, “әй” дейтін әже, “қой” дейтін қожасы болмаған өрендердің досы да, сырласы да төрткүл дүниені көз алдыңа әкелген ғаламторға айналды. Ондағы небір ұятсыздықты, лаңкестікті жарнамалайтын бейнероликтер, сериалдар мен суреттер өмірдің ақ пен қарасын ажырата алмайтын жас сананы улауда.
Біз қоғамның дертіне айналған осы мәселенің тамырына балта шабу мақсатында өңіріміздегі білім ордаларында түрлі кездесулер өткізіп тұрамыз. Студенттерге жоғарыда айтып отырған мәселелердің бәрін түйінін тарқатып әңгімелейміз. Мәселен, жыл басынан бері өткізген дәрістеріміз бен “дөңгелек үстел” отырыстарына он мыңға жуық өрен қатысты.
Тәрбиенің негізі қай кезде де отбасы мен мектеп болған ғой. Баланың жақсылыққа құштар болып жетілуіне осы екеуінің ықпалы зор. 13-16 жастағы бозбала мен бойжеткен өздерін мазалап жүрген ойларын, ішкі сырларын ең жақын адамына айтқысы келеді. Оларды жанымен тыңдайтын, ақыл-кеңесін айтатын ата-аналар азайды. Оның салдары ұрпақ тәрбиесіне залалын тигізіп отыр.
Гүлнара ҚАЛЫҚОВА,
облыстық перинаталдық
орталықтың жүктілік
патологиясы бөлімінің меңгерушісі.