«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ОЙНАТА ОТЫРЫП, БІЛІМГЕ ЖЕТЕЛЕЙДІ

Айыртау ауданындағы Бірлестік орта мектебінің ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Алмагүл Көкенесованың балаға тәрбие мен білім беріп жүргеніне 20 жылға таяды. “Мектепке керегі – білімді, педагогика әдістемесінен хабардар, оқыта білетін мұғалім” деп ұлт зиялысы Ахмет Байтұрсынов айтқандай, Алмагүл Көкенесова, әсіресе, мектеп табалдырығын енді аттаған 1-сынып оқушыларының тілін табуға шебер. Ол ағылшын тілі сабақтарында баланың сөздік қорын молайту, алфавитті меңгерту, дұрыс жазып, оқу, тағы басқа да білім-біліктерін дамыту үшін ойын элементтерін тиімді қолданады. “Сөмкеде не бар?” ойыны солардың біріне жатады. Мұғалім сөмкедегі заттарды: қарындаш, қалам, сызғыш, дәптер, тағы басқаларын бір-бірлеп шығарып, олардың атауларын ағылшын тілінде өзі айтады да, оқушыларға қайталатады. Сосын оларды балаларға бір-бірден таратып беріп, өзі оқушылардан: “Қарындаш кімде?”, “Сызғыш ше?” сұрақтары арқылы олардың атауларын бекітеді және оқушыға заттың атауын ағылшынша жазғызады. Осылайша ойната отырып, оқушылардың қызығушылықтарын арттырады, сөздік қорын молайтады, есте сақтау қабілетін дамытады. Бұл сияқты ойын түрлерін басқа сабақтарға да лайықтап қолдануға болады. Оқушыларға білім нәрін сіңіріп, саналы тәрбие беріп келе жатқан Алмагүл Қаратайқызы заманауи жаңа технологияларды кеңінен қолданып, өзінің ұстаздық жолында жинақтаған тәжірибесімен аудан көлемінде өтетін семинарларда үнемі әріптестерімен бөліседі. Мектебімізде гуманитарлық пәндер циклы бойынша 7-сыныпта “Sports clothes” тақырыбында өткізген ашық сабағы да өте тартымды болды.

Ұстаз еңбегі шәкіртінің жеңісімен өлшенетінін білетін Алмагүл Қаратайқызы оқушыларын пән бойынша Интернет олимпиадаларға жылда қатыстырып, білімдерін шыңдатуда. Ол өз сабақтарында өзге ұлттың мәдениетінен де мол мәлімет береді. Алмагүл Қаратайқызының оқушысы, мектебіміздің түлегі – Гүлзада Әленова “Болашақ” бағдарламасы бойынша Нью-Йорк қаласында оқып жүр.  

Әрбір оқушының жасындай жарқырауына көмектесіп, баланың жүрегіне от жаға білу – мұғалімнің міндеті. Алайда, ұстаздың еңбегі шәкірті өмірден өз орнын таба алатындай жағдайға жеткенде көрінеді. Сонда ғана ұстаз өз еңбегінің жемісін көреді. Алмагүл Қаратайқызы – өз мамандығына берілген, адал да еңбекқор. Ол өзінің табандылығының арқасында алдына қойған мақсатына жетіп келеді және оқушыларын да соған баулиды.

Алмагүл БЕЛГІБАЕВА,

Бірлестік орта мектебінің қазақ тілі

мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі.

Айыртау ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp