«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ОЙНАҚТАҒАН ОТ БАСАР

Петропавл қаласында карантин жарияланғаннан бері тәртіп сақшыларының жұмысы қауырт. Тұрғындардың бей-берекет жүруін шектеу оңай болмай тұр. Әсіресе, жастар кешкілік уақытта көше кезуін тоқтатар емес.

Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 19 наурыздан басталған рейдтік іс-шаралардың қорытындысында төтенше жағдай режімін бұзудың жүзге жуық дерегі анықталған. Осындай қиын кезеңде қауіпсіздікті қамтамасыз ету аса маңызды. Бірақ тәртіпке бағынғысы келмейтіндер де баршылық. Жастар жиі бас қосатын мекемелер жұмысын тоқтатпай, қоғам үшін үлкен қауіп тудырғанын айтып өткен жөн. Мұндай 28 факті тіркелді.
Өңір полицейлері облыс орталығындағы ойын-сауық орындарына, қоғамдық тамақтану нысандарына және сауда нүктелеріне тексеріс жүргізді. Жергілікті полиция қызметінің мамандары Петропавл қаласындағы бірнеше компьютер клубының түні бойы жұмысын жалғастырғанын анықтады. Мекеме иелеріне қатысты әкімшілік хаттама толтырылып, олар жазаға тартылды.
Төтенше жағдай кезінде отбасылық қуаныштарды, мерейтой, үйлену тойларын өткізуге рұқсат жоқ. Тәртіп сақшыларының айтуынша, ағайын-туысын жинап, көңіл көтергендерге бірінші рет ескерту жасалады, кейін 10 айлық есептік көрсеткіш (26 510 теңге) көлемінде айыппұл салынады. Тіпті, тәртіп бұзғандарды 15 тәулікке дейін әкімшілік қамауға алу жазасы да қарастырылған. Облыс орталығындағы мейрамханалардың бірінің қожайыны қауіпсіздік талаптарын сақтамағандықтан, айыппұл төлеуге міндеттелді.
Өңірде төтенше жағдай талаптарын түсіндіру және заң бұзушылықтардың алдын алуға волонтерлер де көмек беруде. Осындай қиын уақытта жасөспірімдердің тәртібін қадағалау аса маңызды. Олардың қауіпсіздігі үшін ата-ана жауапты екенін естен шығармауға тиіспіз. Тексеріс шараларының нәтижесінде жасөспірімдердің түнгі уақытта үлкендерсіз көше кезуіне қатысты алты факті тіркелген.
– Төтенше жағдай режімі коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу үшін қабылданды. Тұрғындар уақытша қиындықтарға түсіністікпен қарауы тиіс, өйткені, бұл бірінші кезекте азаматтардың қауіпсіздігі үшін қажет, – дейді облыстық полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Қанат Айтбаев.
Тарихтың талай сынынан сүрінбеген еліміздің бұл сынақтан да өтетініне сеніміміз кәміл! Алайда, бұл үшін бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, қауіпсіздігіміз үшін қойылған талаптарды орындау басты міндетімізге айналуы тиіс. 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp