Петропавл қаласында болған өрт екі бірдей баланың өмірін қиып кетті. Облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің баспасөз қызметінің хабарлауынша, апат туралы ақпарат “101” нөміріне қазан айының 21-ші жұлдызында түскі уақытта түскен. Кейін анықталғандай, Пугачев көшесі, 265 мекенжайында орналасқан тұрғын үйде мүлік пен жеке заттар отқа оранып, нәтижесінде баспанада болған 2 бүлдіршін түтінге тұншығып қалған. Оқиға орын алған кезде сәбилердің анасы жұмысқа кетіпті. Қараусыз қалған 5 және 3 жасар балалар отпен ойнаған. Осы оқиғаға байланысты төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің мамандары сіріңкені балалардың қолы жетпейтін орындарда сақтап, кішкентайларды бақылаусыз қалдырмау керектігін, сондай-ақ, олардың жылытқыш құрылғыларды қосуға, пеш жағуларына тыйым салу қажеттігін ескертеді.
Самат ЕСМАҒИ,
“Солтүстік Қазақстан”.