Петропавлдағы №26 мектеп-балабақша негізіндегі бастауыш сыныптарда бірнеше жылдан бері оқушылар мен мұғалімдердің мемлекеттік тілде еркін қарым-қатынас жасай алатын функционалдық сауаттылығын қалыптастыруға бағытталған эксперименталдық алаң жұмыс істейді. Эксперимент аясындағы іс-шаралар кіші мектеп жасындағы оқушылардың мемлекеттік тілді үйренуге құлшыныстарын, пәндерге қызығушылықтарын, дарындылықтарын арттырады.
Әрбір оқу жылында мектебіміздің бастауыш сынып мұғалімдері мемлекеттік тілді меңгеруге бағытталған шығармашылық есептер өткізіп, оқушылар мен ата-аналар үшін авторлық іс-шаралар ұйымдастырады. Олардың қатарында біздің авторлығымызбен құрастырылып, өңделген ұлттық нақыштағы спорттық ойын – “Толағай”, мемлекеттік тілді меңгеруге арналған “Ойна да, ойлан” ойындары бар.
Бастауыш сынып оқушыларының мектепке келгенге дейінгі негізгі әрекеті ойын болғандықтан, оны балалардың оқуға ынтасын арттыратын құрал ретінде пайдаланған тиімді. Бастауыш, дайындық сыныптарының балғындары ойнау арқылы білімді қалай игеріп жатқанын, ал оқу үдерісінің қалай ойынға ұласып кеткенін аңғармай қалуға тиіс. Сонда ғана ойын мен оқыту әрекеттері табиғи бірлікте болып, пәндік білім, білік және дағдыны игеруге толық ықпал жасалады. Мысалы, “Орамал тастау” ойынында мұғалім бір топқа етістікті атап, орамалды тастайды, ал оқушылар оны бірінен соң бірі жалғастырады. Екінші топқа есімдікті беруге болады. Бір-бірін қайталамай, мүдірмей, жылдам айтып шыққан топ жеңімпаз атанады.
“Арқан тартыс” немесе “Білім тартыс” ойынында екі топқа шашыраңқы сөздерден сөйлемдер құрау тапсырылады. Әр сөйлемде сан есім, сын есім, тағы басқа сөз таптары болуы керек. Барлық сөйлемдерді дұрыс құраған топ озады.
“Әр түсті заттар” ойыны барысында балдырғандар жүргізушінің айтқан түсіне сәйкес затты атап беруге тиіс. Мысалы, қызыл алма, сары балапан, т.с.с.
“Сөз моншақтар” ойынында жүргізуші балаларға бір сөз айтып, оның қандай әріптен басталатынын сұрайды. Келесі оқушы оның соңғы әрпіне сәйкес сөз табуы керек. Осылайша жіпке тізгендей сөз моншақтары түзіледі. Көп сөз ойлап тапқан бала жеңіске жетіп, ойынды жалғастырады.
Сондай-ақ, ақпараттық-коммуникативтік технологияларды қолдану мақсатында білім ошағының мұғалімдері авторлық электрондық ойындар жинағын дайындады. Олардың қатарында “Сиқыршы болғың келе ме?”, “Дүкенге барайық”, “Жануарлардың төлін тап”, “Қуыршақты киіндір”, “Жемістерді жина” және басқа да ойындар бар. Оларды да біз қазақ тілі, математика, дүниетану сабақтарында жиі пайдаланамыз. Диалогтық оқытуды ойын арқылы жүргізу өте тиімді. Өйткені, осы әдісті қолданған кезде оқушылар бір-бірін білім алуға жетелейтініне көзіміз жетті. Бұл әдісті мұғалім өз қиялына сәйкес түрлендіруіне болады.
Cандуғаш ИТҚҰЛОВА,
Дариға ӘБІШЕВА,
№26 мектеп-балабақшаның
мұғалімдері.