«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ОЙЫН – ТӘРБИЕ ҚҰРАЛЫ

Барлық тәрбиенің негізі отбасынан және балабақшадан басталады. Білім беруде көздеген мақсатқа жету үшін, баланың іс-әрекетін, ойлау дағдыларын, таным белсенділігін ойын арқылы дамытқан тиімді. Ол арқылы баланың дүниетанымын қалыптастыруға, қиялын шыңдауға, арман-тілегін білуге, зейінінің, ойлау қабілетінің дамуына, өзге тілде сөйлеуге қызығушылықтарын арттыруға оң әсер етуге болады. Балалар қоғамдық тәжірибені меңгеріп, психологиялық ерекшеліктерін қалыптастырады. Өйткені, бала ойынында да қоғамдық, ұжымдық сипат болады. Мәселен, кез келген бала құрбыларымен бірлесіп ойнау арқылы бір-бірімен өзара қарым-қатынас жасайды, өзге тілді меңгереді.

Ойын – балалар үшін қоршаған ортаны танып, білу тәсілі. Тұрмыс-салт, әдет-ғұрып, ұлттық ерекшелік, дәстүр жайында таным түсінігі қалыптасады. Мысалы, “Киіз үй” ойынында балғындар оның құрамдас бөліктерімен таныса отырып, қазақ халқының қонақжайлылығы жайлы түсінік алады. Сырттай қарағанда оп-оңай тәрізді көрінген ойын іс жүзінде бала үшін күрделі нәрсе. Бүлдіршін ойынға қатысатын өзге балғындармен тіл табысуға, ұнамсыз рөл тигенде өзін ұстай білуге, тағы басқаға үйренеді.

“Өзім істеймін” деп талпыну балаға тән қасиет. Бүлдіршіндердің осы талпынысын қоштап, көмектесіп, сенім білдіріп отыру – тәрбиешінің ең бір ұтымды әдісі. Бала өз ойын дүниетаным түсінігі арқылы қабылдап, ересектерге еліктеп өседі. Бұл ретте ұлттық ойындарға ата-бабамыздан жеткен, өткеніміз бен бүгінді байланыстыратын баға жетпес байлығымыз, асыл қазынамыз деп қараған жөн. Бала ұлттық ойын үстінде өмірде көрген-білгеніне, өзіне ұнаған адамның іс-әрекетіне еліктей отырып, соны бейнелеуге тырысады.

Өз сабақтарымда, ертеңгіліктерде, мерекелік іс-шараларда ұлттық ойындарды өте көп қолданамын. Ойын үстінде баланы қолдап, оның бойындағы жақсы қасиеттерді өрбітуге ықпал етіп, баланың өзіндік мінез-құлқын қалыптастыруға қол жеткізудемін. Қазақ тілі сабақтарында: “Сақина салу”, “Қамшы тастау”, “Орамал тастау”, “Шаңырақ” ойындарын баланың тілін дамыту үшін қолданамын.

Дидактикалық ойындар – кішкене балаларға мейлінше тән оқыту формасы. Ол арқылы бала білімді игеріп, ақыл-ой қызметін дамытады, өзара қарым-қатынас жасап, сөздік қорын молайтады. Сабақтарымда “Дұрыс ата”, “Не өзгерді?”, “Не жоқ?”, “Ғажайып дорба”, “Төлдерді ата”, “Бұл ненің дауысы?”, “Не артық?”, “Сиқырлы қорап” сияқты ойындарды жиі қолданамын. Дидактикалық ойындарды пайдалана отырып, ересектер тобында өткізген “Астанаға саяхат” тақырыбындағы шеберлік сыныбым аудандық семинарға қатысушылардың оң бағасын алды.

Гүлжан МЕЩЕРОВА,

“Радуга” бөбекжай-балабақшасының

қазақ тілі пәнінің мұғалімі.

Тимирязев ауданы.

Фото Ләйла Сеть файл Аманова Г.К. Мақала

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp