Ұлтымыздың мәдени құндылықтарын баланың бойына сәби шағынан сіңіріп, ойына ұялату, сол арқылы ізгілікке, адамгершілікке тәрбиелеу қашан да маңызы зор мәселе. Бұл туралы ойшыл Абай: “Балаға мінез бірінші – ата-анасынан, екінші – ұстазынан, үшінші – құрбысынан жұғады”, – деген екен.
Мұғалім ретінде менің міндетім сапалы біліміммен, іскерлігіммен қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретінде мәртебесін көтеру болып табылады. Балабақшадағы тәрбиелеу – оқыту жұмысында балғындардың сөздік қорын дамытуға, ауызекі сөйлеуге үйретемін. Сөйлеуге үйрете отырып, ол сөздерін күнделікті іс-әрекет кезіндегі тілдік қарым-қатынаста қолдана білуге ерекше мән беремін.
Қазақ тілін оқытудың дамытушылық, көрнекілік, белсенділік, тәрбиелік ұстанымы басты талаптарға негізделеді. Орыстілді балаларды қазақ тілінде сөйлеуге үйрету барысында халқымыздың ауыз әдебиет үлгілерімен, туған еліміздің салт-дәстүрі, мәдениеті туралы білімдерін жетілдіру айқын мақсатымның іргетасы деп білемін. Шараларды әртүрлі тақырыпта ойын және басқа да әдіс-тәсілдер арқылы өткіземін. Мысалы, триз, кубизм, мнемокесте, суреттер арқылы әңгімелесіп, тақпақтар, жаңылтпаштар, әндер жаттатып үйретемін. “Асық”, “Арқан тарту”, “Сақина салу”, “Бәйге”, тағы басқа ұлттық ойындарды жиі ойнатамын. Ойын сабақтары бүлдіршіндердің қызығушылықтарын арттырады. Әңгімелесу сабақтары балғындардың тілдік қорын молайтуға жақсы. Ондай сабақтарға көбінесе “Дүкенші”, “Дәрігер”, “Отбасы”, “Кім боламын?”, “Менің елім – Қазақстан” деген сияқты тақырыптық ойындарды жиі қолданамын. Балалар бір-бірімен диалог ретінде қазақша еркін сөйлейді.
Қазақ тілінде шаттық шеңберін, сергіту сәттерін өткіземіз. Балалар ертегілер тыңдап, сол ертегідегі кейіпкерлерді өздері сомдағанды ұнатады. Осындай шаралар арқылы “Болашақ” бөбекжай-балабақшасында балғындар қазақ тілін меңгерумен қатар, дәстүрлі мәдениетімізді бойларына сіңіруде.
Баян САҒИТОВА,
“Болашақ” бөбекжай-балабақшасының
қазақ тілі мұғалімі.
Петропавл қаласы.