Қай ата-ана болсын, отбасын тәтті қылықтарымен тәнті етіп, кіршіксіз күлкісімен шаттыққа бөлейтін, бал тілімен тамсандыратын сәбиінің есімі әдемі, мағыналы, айтуға жеңіл, салмақты да салиқалы болғанын қалайды. Тіпті, соңғы кезде адамның есімі оның болашақ өміріне әсер етеді дегенді де жиі естіп жүрміз. Астана күніне орай Елбасымен аттас бірнеше азаматты әңгімеге тартып, ол есімнің салмағын сұраған едік.
Нұрсұлтан АХМЕТОВ,
Астана қаласындағы С.Сейфуллин атындағы мемлекеттік университетінің түлегі:
– Менің атымды нағашыларыммен көрші тұрған белгілі азамат – Қайырбек Оразов деген кісі қойыпты. Ол: “Ата-бабаларымыздың аңсап кеткен Тәуелсіздігін алып, Нұрсұлтан Назарбаевты хан тағына отырғыздық. Баланың болашағына ықпал ететін, талабына жол ашатын есім болсын. Президенттей ел басқаратын көреген, данышпан болсын! – деп, 1993 жылдың 21 қыркүйегінде дүние есігін ашқан менің есімімді Нұрсұлтан деп қойыпты.
Қайырбек атамыздың тілегі қабыл болған шығар, алдыма қойған мақсаттарыма жетіп келемін. “Болмасаң да ұқсап бақ, бір жақсыны көрсеңіз”, – деп Абай атамыз айтқандай, атыма кір келтірмей, қай ортада жүрсем де, абыройлы болып, атамның емес, адамның баласы болсам деймін. Басты ұстанымым – алға қойған мақсатты бағындыру. Биылғы жылы Астана қаласындағы С.Сейфуллин атындағы мемлекеттік университетті экономика және бизнес мамандығы бойынша тамамдап, қолыма диплом алдым. Енді магистратураға түссем деген ниеттемін.
Президентіміз еліміздің алдына ең мықты дамыған мемлекеттердің отыздығына кірудің Ұлттық жоспарын белгілеп берді. Бұл ел болашағын арқалар біз сияқты жастарға жүктелген үлкен міндет. Сондықтан еліміздің осы межеден көрінуіне өз үлесімді қосамын деген ойдамын.
Нұрсұлтан БЕКМЫРЗАЕВ,
Қазақ экономика, қаржы және халықаралық сауда университетінің 2-курс студенті:
– Мен 1996 жылы 24 қарашада Ресей Федерациясының Қорған облысында дүниеге келдім. Есімімді әкем қойыпты. Бала күнімде: “Неге олай қойдың?” – деп сұрағанымда: “Президентке ұқсаған, еліңе сыйлы азамат бол! Сол кісінің жолын берсін деген ниетпен қойдым”, – деген болатын. Тағы бір айта кететін жайт, мен 3-4 жаста болғанда Елбасы Петропавлға келіпті. Нағашы атам мені Президентке ертіп апарып, сәлем бергізіп, атымның Нұрсұлтан екенін айтыпты. Елбасы менің басымнан сипап: “Үлкен азамат бол, бақытты бол!” – деп батасын берген екен. Атым өзіме ұнайды, Елбасымен аттас болғанымды мақтан етемін. Қазақстанды әлемге танытып, аты жаһанға мәшһүр болған Елбасының есімін алып жүру маған зор жауапкершілік жүктейді. Сондықтан атыма лайық мақсаткер, әділ, көшбасшы азамат болуға тырысамын.
Өзім Петропавл қаласындағы “БЭСТ” гимназиясын бітірдім. Мектепте оқып жүрген кезімде тарихтан, орыс тілінде оқитындар арасында қазақ тілі пәнінен өткен олимпиадаларға, ғылыми жобаларға қатысып, бірнеше мәрте жеңімпаз атандым. Ұлттық бірыңғай тестілеуде 112 балл жинап, жоғары оқу орнына грантпен түстім.
Бүгінде университетішілік барлық шараларға белсене қатысамын. Астана қаласы университеттері студенттерінің арасында ағылшын тілінен өткен олимпиаданың жеңімпазы атандым. Қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде еркін сөйлеймін. Болашақта оқуымды одан әрі жалғастырып, халқымыз бен мемлекетімізді толғандыратын мәселелерді шешуге пайдам тиетін азамат болсам деймін. Мен – жүрегі “Елім!”, “Жерім!” – деп соғатын Қазақстанның нағыз патриотымын.
Нұрсұлтан САПАРҒОЖА,
“Жер кадастрлық ғылыми-өндірістік орталығы” РМК Солтүстік Қазақстан филиалының инженер-жерге орналастырушысы:
– Еліміз егемендігін алып, Қазақстан тәуелсіз мемлекет ретінде енді-енді құрыла бастаған кезде, яғни 1993 жылдың 24 наурызында Есіл ауданындағы Бірлік ауылында дүние есігін ашыппын. Әкем еліміздің Тұңғыш Президентінің құрметіне есімімді Нұрсұлтан деп қойыпты. Ол маған бала күнімде: “Сенің есіміңді Президент сияқты азамат болсын деп қойдым. Атыңа кір келтірмей, жақсы оқып, еліңе, халқыңа қызмет ететін адал азамат болуың керек”, – деп міндеттеді. Мен өзімнің есімімнің салмағын сезінемін. Сондықтан да, әкем айтқандай, жаман іс істемеуге, атыма лайық азамат болуға тырысып келемін.
Өзім 9-сыныпты бітіргенше туған ауылымның қара топырағы мен көк-орай шалғынына аунап, саф ауасын сіміріп өстім. Одан соң облыс орталығындағы әл-Фараби мектеп-лицейінде оқыдым. Абай, Мағжан оқуларының жүлдегері болдым. Тоғызқұмалақ, шахмат ойнағанды, тарихқа байланысты, белгілі адамдар өмірі жайлы кітаптар оқығанды ұнатамын.
Үлкен өмірге қадам басқан шағымда Абай Мырзахметов атындағы Көкшетау университетінің қаржы мамандығын таңдадым. Жұмыс істеп жүргеніме бір жыл. Екінші мамандық алып, еліме пайдамды тигізсем деймін.
Сұхбаттарды жазып алған
Ләйла ЖАНЫСОВА,
“Солтүстік Қазақстан”.