Соғыстың қара бұлты үйірілгенде көк Есілдің жағасындағы үркердей ауылдың адамдары шөп шабуға енді қамданып жатқанды. «Соғыс!» деген сұмдық хабар төбеден жай түскендей қатты әсер еткені соншалық, қарттар жағы қатты абыржып қалды. Өйткені, бәрінің де азаматтары бар ғой. Елдегі адамның бір жөні болар-ау. Қан майданға он сегізге енді ғана толған жас жігіттер мен отыз, қырықтағы қырма сақалдылар да шақырылатын көрінеді. Ауыл теңселіп кетті. Бірақ Отанды басқыншы жаудан қорғау – ер-азаматтың ең қасиетті борышы емес пе?! Ел бойын тез тіктеді. Ер жігіттерді майданға шығарып салудың қам-қарекеті қызу басталып кетті…
Солтүстік Қазақстан облысының сол кездегі Октябрь (қазіргі Шал ақын) ауданының “Ленин” ұжымшарының жас түлегі Жұма Әбдірахманов соғыс басталғанда Петропавлдағы №2 мектептің 10-сыныбын үздік бітіргендердің бірі еді. Кәмелеттік аттестатында неміс тілінен басқасы бірыңғай «4» пен «5» болатын. Математикаға жүйріктігі елді таңғалдыратын. Отбасы жағдайына бола, жоғары оқу орнына түсуге бармай, келесі жылды күтіп, ауылда жұмыс істеуге қалған. Сөйтіп жүргенде соғыс басталып кетті. Жасы он сегізге толған соң 1941 жылдың желтоқсанында майданға аттанады. Бұл кезде үйдегі Әбілмәжін, Қабдолбәри көкелеріне де тықыр таянған еді…
Қатардағы жауынгер Жұма Әбдірахманов неміс басқыншыларымен алғаш рет Сталинград түбінде бетпе-бет кездеседі. Ол осындағы 29-шы дивизияның 128-ші атқыштар полкіндегі минометшілер батальоны құрамында шайқасады. Взвод командирінің бұйрығы бойынша 3-ші бөлімшенің минометшісі міндетін мінсіз атқарады. Ерлігімен қоса мергендігімен ерекше көзге түседі.
Өмір мен өлім арпалысқан алапат қан майданда адамның еркінен тыс басына кездейсоқ қиын жағдайлардың кезігетіндігі, оның кесірі сол адамның тағдырына басқаша бір өзгерістер әкеліп, қатты өкіндіретін де кезі де болады. Тағдырдың осындай тауқыметін Жұма Әбдірахмановтың тартқаны – үлкен бір хикая.
1942 жылдың 1 желтоқсаны … Жүрегінде зұлым жауға деген кек оты қайнаған, жаны да, ары да таза қазақ жігіті, қатардағы жауынгер Жұма Әбдірахманов жорық жолындағы үлкен бір шайқаста ауыр жарақат алып, соның салдарынан жүре алмай, ұрыс даласында жатып қалады. Тағдыр солай жазып тұрса не шара? Жау өліктерді тіміскілеп жүріп, шалажансар жатқан Жұманы тауып алады да, өздерімен бірге ала кетеді. Сөйтіп, оны Польшаға жақын жердегі Харал стансасы түбіндегі Констаниновка дейтін соғыс тұтқындарын емдейтін госпитальға апарып тастайды. Ойлары жазылған соң тұтқын ретінде қара жұмысқа жегу.
Осы жерде, яғни Варшаваның жанындағы ұлттық тұтқындар лагерінде Жұма Әбдірахманов бірнеше жыл бойы немістердің жол құрылысында ауыр жұмыс істейді. Бірақ жас жігіт тағдырдың бұл тауқыметіне еш мойымайды. Өмір үшін, келешек көрер жарқын таңы үшін небір азапқа шыдайды. Қайда жүрсе де жігер мен үмітті жанына серік етеді. Өз еліне, көк Есілдің жағасындағы атамекеніне аман-есен оралуды алдына басты мақсат етіп қояды. Бірақ қатал тағдыр оның бұл мақсатына жетуіне кедергісін жасап-ақ бағады.
1944 жылдың тамыз айында Жұма өзі сияқты әскери тұтқындармен бірге сол кездегі үштік одақ әскерінің шешімі бойынша АҚШ-тың Бирахтон тұтқындар лагеріне ауыстырылады. Ол осындағы Портленд қаласында жеміс-жидек шаруашылығында жұмыс істейді.
1945 жылдың 30 сәуірінде Қиыр Шығыстағы Владивосток қаласына жіберіліп, сол кездегі әскери трибуналдың шешімімен он жылға сотталады. Осындай ауыр да ұзақ жолдардан өткен Жұма Әбдірахманов тек 1954 жылы жазадан толық ақталып, туған жердің топырағын басады. Оның сұм соғыс артқан тауқыметтен ақталғандығы жөніндегі құжаттары күні бүгінге дейін отбасында, кенже қызы Зере Әбдірахманованың қолында сақтаулы.
Жұма өзінен кейін, 1942 жылдың 25 ақпанында майданға аттанған 1900 жылы туған үлкен әкесі Әбілмәжін Әбдірахмановтың соғыста хабар-ошарсыз кеткенін елге оралғаннан кейін бірақ естиді. Ал 1942 жылдың 5 мамырында майданға алынған 1910 жылы туған Қабдолбәри Әбдірахманов зұлым жаумен аянбай шайқасып, елге аман-есен оралады. Бірақ кеудесінде қалған оқтың жарқыншақтары майдангер қартты өмірінің соңына дейін мазалап өткен еді. Қабдолбәри атаның омырауында ІІ дәрежелі “Ұлы Отан соғысы” ордені мен “Ерлігі үшін” медалі жарқырап тұратынды.
Бір айтарлығы, елге оралған соң оның баласыңдай болып кеткен Жұма Әбдірахманов үйлі-баранды болып, өмірлік жары Күлзайра екеуі 8 ұл-қызды өсірген еді. Ол 1970 жылы 46 жасында өмірден өткен соң, осы балаларды Қабдолбәри ақсақал өз тәрбиесіне алып, олардың бәрін де ел қатарына қосты. Сол балалардан бәйбішесі Ғайша екеуі немере, шөбере, тіпті, шөпшек те сүйіп, өмірлерінің соңына дейін бақытты ғұмыр кешті.
***
Әбдірахмановтар әулеті жыл сайын 9 мамырда үш майдангерді де еске алып, олардың аруақтарына Құран бағыштауды игі дәстүрге айналдырған еді. Ұлы Жеңістің 70 жылдығы мерекесінде де ұрпақтары осы дәстүрлерінен жаңылған жоқ. Майдангер әке, аталарының аруақтарын тағы да тебірентті.
Ибрагим БЕКМАХАНҰЛЫ,
Қазақстан Журналистер
одағының мүшесі.