
Халықаралық балаларды қорғау күні аясында республика бойынша 20 мамыр мен 20 маусым аралығында “Қазақстан балалары – Нұрлы жолмен!” акциясы өтуде. Шараның мақсаты – әр балаға ерекше қамқорлықтың қажет екеніне қоғамның көңілін аудару. Сонымен бірге, өмірде қиын жағдайға тап болған, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған ұл-қыздарға, мүмкіндігі шектеулі, көпбалалы және аз қамтылған отбасылар балаларына көңіл бөлу және оларды отансүйгіштікке тәрбиелеу. Осы орайда 9 маусым күні облыс әкімі Ерік Сұлтанов Петропавлдағы “Даму мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған №1 арнайы (түзету) мектеп-интернаты” коммуналдық мемлекеттік мекемесінде болды. Өңір басшысы аталмыш білім мекемесінің спорт залында, медицина және қазақ тілі мен әдебиеті кабинеттерінде болып, мұғалімдермен әңгімелесіп, жағдаймен танысты.
Мектеп-интернаттың тәрбиеленушілері құрметті қонақтарға әннен шашу шашып, қолдарынан келгенше түрлі музыкалық аспаптарда ойнап, көпшіліктің ризашылығына бөленді. Тәрбиеленушілердің өнерін тамашалаған Ерік Сұлтанов мектеп оқушыларына бар жақсылықты тілеп, оларға музыкалық аспап сыйлады.
Шағын концерттік бағдарламадан кейін облыс әкімі мектеп-интернат тәрбиеленушілерінің арнайы стендке орналастырылған қол жеткізген жетістіктерімен танысты.
Мектеп-интернат директоры Айгүл Мұстафинаның сөзіне сүйенер болсақ, бүгінгі таңда білім ордасында 164 бала оқып, тәрбиеленуде. Олардың ішінде денсаулығына байланысты үйде отырып оқитын балалар да бар. Қазақша және орыс тілінде білім алатын оқушыларға 72 педагог және тәрбиеші білім береді. 10-сыныпта оқушылар тігінші, сырлау-сылау ісі, ағаш ұстасы мамандықтары бойынша төрт бағытта кәсіптік білім алады.
Жазғы демалыс кезінде мектеп-интернатта сауықтыру алаңы жұмыс істейді. Онда балалар білімдерін толықтырып, түрлі үйірмелерге қатысады.
Мектеп ұжымы түлектердің болашақта өз мамандықтары бойынша жұмысқа орналасуына да барынша атсалысады.
Алма ҚУАНДЫҚҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суретті түсірген
Амангелді БЕКМҰРАТОВ